Оқиға • 26 Маусым, 2024

Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастырып жатырмыз - Дархан Жазықбай

62 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Баку қаласында Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығымен ұйымдастырылған «Мемлекеттік қызметтегі құзыреттілікке негізделген іріктеу және тиімділікті бағалау» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz  МҚІА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастырып жатырмыз - Дархан Жазықбай

Фото: МҚІА баспасөз қызметі

Мемлекеттік қызмет саласындағы HR-дың стратегиялық заманауи тәжірибелері туралы пікірталас және ақпарат алмасуға арналған семинарға Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония елдерінің мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органдар мен Астана мемлекеттік қызмет хабының басшылары, сондай-ақ шетелдік салалық сарапшылар қатысты.

Дархан Жазықбай шетелдік әріптестеріне Қазақстанда мемлекеттік қызметті трансформациялау бағытында «адамға бағдарланған», сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру шаралары жайлы баяндады.

1

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі реформасы – еліміздің әрбір азаматы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі басты бағдар. Осыған орай, біз мансаптық және позициялық модельдердің элементтерін қолдана отырып, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастырудамыз», деді МҚІА төрағасы.

Ол жаңа гибридтік модель аясында мемлекеттік қызметке «кіру» және одан «шығу» талаптарының жеңілдетілуі, HR құралдарын кеңінен қолдану және адами ресурстарды стратегиялық басқару жүйесін дамыту, кәсіби мамандар мен дарынды жастарды тарту, «e-Qyzmet» жүйесінде іске қосылған онлайн іріктеу форматы мен персоналды басқаруды цифрландыру бойынша Агенттікпен жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамаларға тоқталды.

Сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа автоматтандырылған жүйесіне назар аударылды. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі басшылар үшін бағалау KPI-ге қол жеткізу нәтижелері негізінде, қатардағы қызметшілер үшін – міндеттерді орындау сапасына, мерзімдерді сақтауға, дербестік пен бастамашылыққа, еңбек тәртібіне негізделген саралау әдісі бойынша жүзеге асырылады.

Семинарға қатысушы елдер мемлекеттік қызметтегі іріктеу және құзыреттерді бағалау бойынша озық тәжірибелерді талқылап, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда заманауи HR құралдарын қолданудың маңыздылығына тоқталды.

Айта кетерлігі, қатысушылар мемлекеттік қызметті дамыту бойынша Қазақстанның тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты. Мәселен, Босния және Герцеговина мемлекетінің өкілдері «e-Qyzmet» жүйесі бойынша тәжірибе алмасуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Ал Әзербайжан республикасының цифрлық даму және көлік министрлігі Қазақстандағы Ассесмент орталықтың тәжірибесін өз бағалау жүйесін әзірлеуде ескергенін айтты.

Шара аясында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай Әзербайжандағы мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеуді жүзеге асыратын Мемлекеттік емтихан орталығы және жаңа цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған ASAN мемлекеттік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.