Сұхбат • 21 Маусым, 2024

Ержан Сәденов: Заң мен тәртіп – қоғам әділеттілігінің шарты

587 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Жыл басында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Президент Қасым-ЖомартТоқаев: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет», деді. Одан бері де жарты жыл уақыт өтті. Тәртіп сақшыларының алдына қойыл­ған маңызды міндеттер қалай орындалып жатыр? Елдегі криминогендік ахуал тұрақты ма? Құқық бұзушылықтармен күрестің нәтижесі қандай? Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан СӘДЕНОВТЕН қоғамды алаңдатқан түйткілді мәселелер туралы сұрадық.

Ержан Сәденов: Заң мен тәртіп – қоғам әділеттілігінің шарты

Пәтер ұрлығы азайып келеді

– Ержан Сапарбекұлы, жуырда Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда жыл басынан бері елдегі қылмыс деңгейі төмендегенін айттыңыз. Нақты нәтижелерге тоқтала аласыз ба? Қазір елде қандай қылмыс көбейген?

– Бүгінгі таңда ел көлемінде тіркеліп жатқан құқық бұзушылықтардың басым бөлігін, атап айтқанда, 85%-ын мүлік қылмыстары құрайды. Бұл тек біздің еліміздегі емес, жалпы әлемдегі үрдіс. Қай елде, қай заманда болсын, ұрлық, тонау, бөтеннің мүлкіне қол сұғушылық секілді қылмыстар жиі болады.

Бұрын қаскөйлер бөтеннің меншігіндегі дүние-мүлікті ұрлау, тонау, қарақшылық секілді жолдармен қолды қылса, қазір адамдардың көбі алаяқтардың алдап-арбауына түсіп қалады. Нақтырақ айтқанда, сол мүлікке қарсы қылмыстардың 42%-ын алаяқтық әрекеттері құрайды. Бұл бағытта полиция мен өзге де жауапты мемлекеттік мекемелер тарапынан белсенді түрде ескерту мен алдын алу жұмыстары жүргізіліп, нақты шаралар қабылданып жатыр.

Ал «дәстүрлі» ұрлық қылмыстарына келсек, министрліктің бұл салаға бағыттал­ған арнайы бағдарламасы бар. Оның аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Бұл жерде негізінен пәтер ұрлығы жайында айту керек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды, оның ішінде 59 қылмыстық топ және 38 гастрольдік ұры бар. Біз пәтер ұрлығына қарсы күресте бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараны қабылдап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастадық. ІІМ-нің салалық бағдарламалары аясында тұрғын үйлердің аулаларына 68 мыңнан астам бейнеба­қылау камерасы орнатылса, тұрғындардың бастамасымен 24 мыңнан астам камера қойылды. Жалпы, қабылданған шара­лардың нәтижесінде кейінгі 5 жылда пәтер ұрлығының саны жыл сайын орта есеппен 34%-ға төмендеп келеді. Яғни 2019 жылы 31 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, 2023 жылы оның саны 9 мыңнан аспады.

Ал аса ауыр қылмыстар жайында айтатын болсақ, бүгінде жалпы құқық бұзушылықтардың 2%-ын осындай қылмыс түрі құрайды. Дегенмен кейінгі уақыт­та ел тұрғындары қоғамға теріс әсерін тигізіп, өмір сүру сапасын нашарлататын вандализм секілді әрекет­тер­ге жиі шағымданатыны байқалады. Оның ішін­де аялдамаларды, жеделсатыны, қоқыс жәшіктерін саналы түрде бүлдіру, үй­дің кіре-берістеріне, көшеге қоқыс тас­тап кету, қоғамдық орында түкіру, боқтық сөздерін айту, т.б. бар. Полиция тарапынан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ кінәлілерді жауапқа тарту үшін тиісті шаралар қабылданады. Соның арқасында қоғамдық орындарда және көшеде жасалатын ұсақ бұзақылықтардың азайғанын байқап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, халықтың құқықтық санасы қалыптасып келеді деп айтуға негіз бар. Бұл ұсақ бұзақылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатының нәтижесі екені даусыз.

Кез келген демократиялық, құқықтық мем­лекетте адамның өмірі мен құқық­тары, оның бостандығы – ең басты құнды­лық. Оны қорғау – мемлекеттік саясаты­мыздың басым міндеті. Соның ішінде кісі өлтіру, зорлық, қарақшылық, балаларға және олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстармен күресті жалғастыра береміз.

 

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтіледі

– Қазір қоғамды алаңдатып тұрған ең өзекті мәселе – тұрмыстық зор­лық-зомбылық және балаларға қарсы қылмыс. Жуырда бірқатар заңнамаға өзгерістер енгізілгенін білеміз. Ішкі істер органдары тарапынан бұл келең­сіздіктің алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидасының үстемдігі туралы үнемі айтып келеді. Бұл нені білдіреді? Кез келген қылмыс не кикілжің, со­ның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар құқықтық негізде шешімін табуға тиіс. Осыған орай ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру мақсатында тұрақты негізде жұмыс жүргізіп, отбасында ойран салған жанжалқойды ауыр қылмыстарға жеткізбей тоқтатуға бағытталған заң жобаларын әзірледі.

Нақты мысалдарға жүгінсек, 2023 жылы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде полиция қызметкерлері жәбірленушінің арыз-шағымынсыз әкімшілік іс жүргізетін болды. Яғни арыз-шағым беру сипатынан анықтау сипатына көштік. Қазір жәбірленушінің өзі полицияға жүгінуі міндетті емес, біз отбасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды өзіміз анықтаймыз. Бұл ретте тұрмыстық-зорлық зомбылықтың орын алғанын куәгер­лер, көршілер растап, бейнабақылау камера­лары, бейнетіркеуіштер айғақтап берсе жеткілікті. Бұрын жәбірленушілер туған-туыстардың, басқа да адамдардың қысым көрсетуі салдарынан өздерінің арыз-ша­ғымдарын қайтарып алатын. Сал­дарынан тіркелген істердің жартысы сотта қысқартылатын еді. Жаңа заңға сәйкес тараптардың татуласу процедурасы қатаңдатылды, екінші қайтара татуласуға тыйым салынды. Әкімшілік қамаудың нақты мерзімдері белгіленіп, қайталанған құқық бұзушылық үшін қамау мерзімі ұзартылды.

Қылмыстық кодекстегі денсаулыққа зақым келтіруге қатысты бірқатар бапқа өзгерістер енгізілді. Мәселен, «кінәліге материалдық тұрғыда тәуелді адамға қатысты әрекеттер» деген жаңа белгі пайда болды. Осы және өзге де алдын алу жұмыстарының арқасында қазір біз ел көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарының төмендегенін байқап отырмыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтіре кетейін, ішкі істер органдарына жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша 28 мыңнан астам шағым келіп түссе, 16 мыңнан астамын полиция қызметкерлері өздері анықталып, 44 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасы шырқын бұзған 11 мың бұзақы қамауға алынып, 34 мың «агрессорға» қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Соның арқасында биылғы бес айда тұрмыстық-зорлық зомбылық фактісі бойынша тіркелген істер мен арыз-шағымдар 20%-ға азайса, осы саладағы кісі өлімі 2,5%-ға төмендеді.

– Осы орайда әйелдер мен балалар құ­қық­­тарын қорғау жөніндегі заңна­маға енгізілген өзгерістер жайында да айта кетсеңіз. Биыл 15 сәуірде Президент заңға қол қойды. Содан бері не өзгерді?

– Бұл заң аталған қылмыс түрлерімен күреске жаңа мүмкіндіктер ашып берді. Зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілік қатайтылып, Қылмыстық, Әкімшілік және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге 36 заңнамалық түзету енгізілді. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зақым келтіру бұрынғыдай әкімшілік емес, енді қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Абьюзерлер бұдан былай айыппұл төлеп құтылып кете алмайды.

Кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта тиісу және суицидті насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік, кәмелетке толмағандарға буллинг жасау, сондай-ақ 16 жасқа толмағандарды қоғам­дық көліктен мәжбүрлеп түсіріп тастау үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылады.

Бұл заң 16 маусымда күшіне енді. Оның басты мақсаттарының бірі – денсаулыққа зақым келтіру және өлім-жітім секілді қайғылы жағдайлардың орын алуына тосқауыл қою, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

– Биыл ішкі істер органдарында тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресе­тін жаңа бөлініс пайда болғанын естіп жатырмыз. Ол жерде негізінен әйел тәртіп сақшылары еңбек етеді. Бұл жаңа­шылдық өз нәтижесін беріп жатыр ма?

– Ішкі істер министрлігіндегі жаңа бөлініс құру жұмыстары аяқталып қалды, қазір нормативтік-құқықтық акті­лерге өзгерістер енгізіліп, өзге де ұйым­дас­ты­ру мәселелері шешіліп жатыр. Жыл соңы­на дейін аталған бөліністің нақты жұ­мыс нәтижелері туралы жан-жақты айта аламыз.

Дегенмен қазірдің өзінде барлық полиция департаментінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын сапалы тергеу үшін тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылды. Олардың құрамына 280 әйел тергеуші, сонымен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, жедел-криминалис­тика, криминалды және ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлері енді.

Сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке тол­ма­ғандарға қатысты жыныстық қыл­мыс­тарды тергейтін қосымша топтар құрылып, оның құрамына 100-ден астам әйел тергеуші тартылды.

 

Алаяқтар айылын жияр емес

– Сөз басында алаяқтық қылмыс­тары­ның азаймай тұрғанын айттыңыз. Олар негізінен интернет арқылы жасалатынын білеміз. Бұған түпкілікті тоқтам салатын мүмкіндік бар ма?

– Заманауи қоғамның цифрлануы – маңызды үрдіс. Сол арқылы біз көпте­ген игі­лікке қол жеткізіп жатырмыз. Мем­лекеттік, банктік қызметтерді үйде отырып-ақ қашықтан алу секілді жаңа мүмкіндіктерді айтсақ болады. Өкінішке қарай, қарапайым халықтың қалтасын қаққан қара ниеттілер де интернет мүмкіндіктерін өз мақсаттарына шебер пайдаланып, «қашықтан» қылмыс жасау жолдарын ойлап тауып жатыр. Мы­салы, жыл басынан бері елімізде 5 мың­дай интернет-алаяқтық тіркелді.

Мұндай қылмыстардың өсу себептері мен жағдайларын талдай келе, оның көбі онлайн сауда-саттықпен байланысты екенін білдік. Жыл басынан бері виртуалды әлемдегі алыс-беріс кезінде 1 905 қылмыс тіркелген. Одан бөлек, банк қызметкерлері немесе брокерлер болып қоңырау шалу арқылы жасалатын алаяқтық түрлері де көпті алаңдатып тұр.

Біздің бастамамызбен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп жалған нөмірлерден шалынған қоңырауларды бұғаттау шаралары қабылданды. Соның арқасында жүйе іске қосылғаннан бері 45 млн жалған қоңырау бұғатталды.

Сонымен бірге WhatsApp, Telegram мессенджерлері және шетелдік нөмірлер­ден қоңырау шалу арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары да тіркеліп жатыр. Кейінгі үш айда банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып хабарласқан 1 278 жағдай тіркелді. Бір мысалға тоқтала кетейін. Біздің қызметкерлеріміз Қарағандыда зейнеткерден 50 млн теңгені алдап жымқырғысы келген алаяқтың әрекетіне тосқауыл қойды. Полиция департаментінің кибер­қылмыспен күрес бөліміне банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалынып, банк бөлімшесінде бір зейнеткер өз шотынан 50 млн теңге алғысы келіп отырғаны туралы хабарланған. Дереу жеткен тәртіп сақшылары оны әңгімеге тартып, зейнеткердің өз шотындағы ақшасын алып, оны немересінің депозитіне салғысы келгенін біледі. Сөйтсе, немересі бұл «тосынсыйдан» мүлдем хабарсыз екен. Зейнеткер тіпті өзіне бөтен біреулердің хабарласқанын да жоққа шығарған. Кейін анықталғандай, алаяқтар бұл әрекеттерін әзірге ешкімге айтпауды тапсырыпты. Онымен сөйлесе келе, тәртіп сақшылары шоттағы ақшасын алмауға көндіріп, бұның алақтық әрекет екеніне көзін жеткізді.

Айта кету керек, интернет-алаяқтары­ның көбі шетелде. Сондықтан мұндай қылмыс түрлерін анықтау барысында айтар­лықтай қиындықтар да туындап жатады. Алайда министрлік қол қусырып қарап отырған жоқ. Біз өзге мемлекет­тердегі әріптестерімізбен осы бағытта өзара жедел байланыс жасау жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Нәтижесінде жақында Қазақстан азаматтарын алдап-арбаумен айналысып келген екі трансұлттық қылмыстық топ әшкереленді, 5 call-орталық жойылды. Олардан 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленді. Жалпы, 32 адам ұсталып, 9 күдікті қамауға алынды. Осы бағыттағы жұмыстар алда да қарқынды жалғасады.

Өткен жылы 2023-2025 жылдарға арналған киберқылмысқа қарсы күрес бағдарламасын іске асыруды бастадық. Оның ішінде телефон және интернет-алаяқтармен күрес те кеңінен қамтылған. Соның аясында ең алдымен халыққа кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 6 мыңдай алдын алу материалы таратылып, бір миллион шамасында ескерту материалы жарияланды. Танымал блогерлер мен спортшыларды тарта отырып, алаяқтардың әрекеттері жайында 320-дан астам бейнеролик түсірілді.

Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп шетелдік алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қоятын жаңа техникалық тәсіл енгізілді. Бұдан былай шетелде отырып IP және SIP телефонияны пайдаланатын алаяқтар еліміздегі абоненттік нөмір­лер­ге хабарласып, өздерінің қылмыстық мақсаттарын орындай алмайды. Арнайы жүйе ондай қоңырауларды бірден танып, бұғаттайды. Жыл басынан бері 2 млн-нан астам осындай қоңырауға тосқауыл қойылып, телефон алаяқтарының әрекетін түпкілікті тоқтатты. Егер былтыр 900-ден астам азаматымыз шетелдік алаяқтарға алданып, 1,9 млрд теңге қаражатын қолды қылған болса, биыл бірде-бір ел тұрғыны зардап шеккен жоқ.

 

Есірткіні тыюдың тиімді жолы – алдын алу

– Есірткі қылмыстары – тамыры терең­ге кеткен індет. Бірақ соның ішінде син­тетикалық есірткінің таралуы «эпи­демияға» айналып барады. Оны тоқтатудың қандай тиімді жолы бар?

– Мемлекет басшысы нашақорлықты негізгі бес әлеуметтік кеселдің бірі дегені белгілі. Расында есірткі заттары, оның ішінде жаңа түрлері – «синтетиканың» таралу қарқыны үдеп тұр. Бүгінде оны ешкім ешкімге қолма-қол әкеп бермейді. Сатушы мен тұтынушы арасында есірткінің жету жолы тікелей байланыссыз жүзеге асады. Пошта арқылы салып жібереді, жасырып кетеді, интернетте отырып сатады, ақшаны банк аударымдары арқылы салады. Қазіргі таңда қолға түсіп жатқан адамдардың бәрі – негізінен жасырып кетушілер. Өкінішке қарай, олардың ішінде жасөспірімдер де бар.

Әлбетте полиция да қолдан келген шараның бәрін қабылдап, есірткі қыл­мысына қарсы күрес тәсілдерін жетіл­діріп келеді. Осы жылдың өзінде біз үш мыңдай құқық бұзушыны қолға түсірдік. 700-ден аса өткізу жолын жаптық. 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың көзі жойылды. Оның біреуі – трансұлттық топ. Олардың бәріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды. БАҚ беттерінен сіздер көбіне қылмыскерлердің қолға түсіп, жерде етбетінен жатқан сәтін ғана көресіздер. Ал оларды ұстау үшін қан­ша­ма ай бойы тер төгілгенін көбі біле бермейді.

Синтетикалық есірткі заттарының таралу аумағы мен мөлшері артып бара жатқаны рас. Мәселен, 2018 жылы біз тек 5 кило психоактивті заттарды тәркілесек, осы жылдың 4 айында ғана 234 кило «синтетика» қолға түсті. Айырмашылығы жер мен көктей. Бұл өсім ескірткі заттарының көп таралуымен ғана емес, сонымен қатар біздің ол қылмыстарды көбірек ашуымызбен де байланысты. Бастапқыда елімізге шеттен дайын синтетикалық өнім келетін болса, қазір қаскөйлер оны өзімізде жасауды үйреніп алған. Мысалы, біз ел аумағында кейінгі үш жылда 114 жасырын есірткі зертханасын жойдық, соның 52-сінде синтетикалық есірткі заттары дайындалып келген.

Биылдың өзінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне есірткі тарату туралы ақпарат жарияланған 1 300-ден астам сайтты бұғаттау үшін өтінім жібердік. 108 ірі интернет-дүкен мен 135 мың оқырманы бар 76 бот жойылды. Сонымен қатар курьерлік жұмыс деп бүркемеленген «жасырып кетушілерге» арналған хабарландыруларды өшірумен де тұрақты айналысамыз.

Бүгінгі таңда психоактивті заттардың заңсыз айналымына жауапкершілікті қатайтуды көздейтін заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Онда әсіресе қазір түнгі клубтарда белсенді таратылып жүрген шар тәріздес қатты әсері бар заттармен күреске басымдық берілген.

Есірткі қылмысымен күрестің ең тиімді жолы – алдын алу. Сондықтан бірінші­ден, жасөспірімдермен және жастармен жұмысты күшейтуіміз керек. Ал оларға ең жақын жүретін кімдер? Әрине, ата-анасы, достары, құрдастары, педагогтер. Өкінішке қарай, қазір есірткі тұтынушының порт­реті өзгеріп кетті. Бұрын негізінен тұрмысы нашар отбасынан шыққандар немесе қылмыскерлер тұтынады деп келсек, қазір ол интернеттің арқасында кез келген адамның қолы оңай жететін кеселге айналды. Сондықтан бұл жағдайға көз жұма қарамай, қоғам болып күресуге шақырамын. Уақыт осыны талап етіп тұр. Халық арасында бұл індетке мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру маңызды.

 

Терроризмге жауапкершілік 14 жастан басталады

– Қоғамды алаңдатып отырған тағы бір күрделі мәселе – деструктивті діни ағымдардың таралуы. Бұл туралы Президент те жиі айтып жүр. Олардың ықпалынан сақтану үшін не істеу керек?

– Иә, мұндай қауіп әлі де бар. Бұған кейінгі 3 жылда экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстарды жасағаны үшін 130 қылмыстық іс қозғал­ғаны дәлел. Деструктивті діни идео­логиялар қазір интернет арқылы таралады. Көбіне қаскөйлер шетелдік веб-ресурс­тарда отырып теріс уағызды насихаттайды. Дегенмен біз өз тарапымыздан оларды бұғаттау жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеміз.

Алайда осы жерде мен теріс діни ағымның таралуына ең алдымен халықтың сауатын арттыру арқылы тосқауыл қоюға болатынын тағы да айтқым келеді. Өйткені ең басты проблема – тұрғындардың діни сауатының төмендігі. Кейбіреулер әлеуметтік желі арқылы таралып жататын уағыздардың ақ-қарасын анықтамай солардың артынан еріп кетіп жатыр. Осы орайда мен ата-аналарға балаларының интернетте қандай контентті тұтынып жүргенін бақылау керектігін, сондай-ақ террористік және экстремистік сипаттағы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескерткім келеді. 

– Тәртіп сақшысының әр күні қауіпке толы. Олар өмірі мен денсаулығын қатерге тіге отырып еңбек етеді. Тұрғындардың тыныштығын күзетеді. Осы орайда Полиция күні қарсаңында әріптестеріңізге және халыққа қандай тілек айтар едіңіз?

– Әбір полиция қызметкері күнділікті өмірінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзу­шылықтардың алдын алу, қауіпсіз­дікті нығайтып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп жүр. Арасында түрлі ерлік жасап жатқан­дары да аз емес. Оның бәрі бәлкім көпшілік­тің көзіне көріне бермейтін шығар. Бірақ тәртіп сақшысының қызметі инемен құдық қазғандай күрделі әрі қауіпті. Тәуелсіздік жылдары елімізде 800-ден астам тәртіп сақшысының қызмет атқару кезінде қаза табуы осы сөзіміздің айғағы.

Биылғы су тасқыны кезінде де полиция қызметкерлері етігімен су кешіп, ылғи алдыңғы шепте жүрді. Су тасқыны зардабын жою жұмыстарына 6 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан жауынгері қатысып, 32 мыңнан аса адамды қауіпсіз жерге көшірді. 800-ге жуық техника тартылды. Сондай-ақ 56 елді мекенді оқшаулап, 10 200 тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Тәртіп сақшылары жан-жақтан келген гуманитарлық көмектің тиісті жерлерге жеткізуге атсалысты. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, уақыт­пен санаспай, бел жазбай қызмет атқару оңай емес. Бұл үлкен ерлік іс дер едім!

Төл мерекеміз қарсаңында антына адал, сертіне берік әріптестеріме қызметте табысты, ел үшін жасап жатқан еңбек­тері­нің жемісті болуын тілеймін. Ал отандас­тарымызға айтарым, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ешкім сырттан келіп Қазақстанды көркейтіп жібермейді» дегендей, қоғам қауіпсіздігін нығайтып, құқықтық тәртіпті сақтау – өз қолымызда. Біз өзіміз заңды құрметтеп қана қой­май, айнала­мыздағы заңсыздықтарға да немқұрайлы қарамауымыз қажет. Ол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын халықтың бірлігі керек. Сонда ғана елімізді өзіміз қалағандай бағытқа өзгерте аламыз. Әділ қоғам орнатудың алғышарты да осында жатса керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»