Сенат • 20 Маусым, 2024

Шетелдік өнімдер «отандық» белгімен сатылып жатыр. Мәселе шешіле ме?

47 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың 80 пайызы мемлекеттік сатып алулармен байланысты, оны азайту үшін оқиға болғаннан кейін емес, алдын-ала жұмыс істейтін бақылау жүйесі қажет. Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік өнімдер «отандық» белгімен сатылып жатыр. Мәселе шешіле ме?

Фото: 365info.kz

«Мониторинг жүйесінің отандық өндірушілерді, мемлекеттік сатып алудағы отандық үлесті қолдауға ықпал етуі өте маңызды. Президентіміз мемлекеттік сатып алулардағы елішілік құндылығымыздың үлесін 60 пайызға дейін жеткізуді міндет етіп қойды. Қазір сіз 50 пайызы қамтамасыз етілген деп айтып отырсыз. Біз кәсіпкерлермен кездесулерде осы мәселеге баса назар аударып келеміз. Сол кезде олар кейбір жеткізушілер өнімді басқа елдерден жеткізіп, оған «Қазақстанда жасалған» логотипін жапсырып қоятынын айтады. Осылайша, олар тендерлерге қатысып, демпинг пен төмен баға есебінен ұтып алу мүмкіндігіне ие. Егер осы заңды депутаттар қолдаса және оған Мемлекет басшысы қол қойса, мониторинг жүргізетін жүйенің құрылуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ мемлекеттік органдар өз өнімдерін өндіретін, жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін, салық төлейтін нақты отандық өндірушілерді қолдайды деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Палата Спикері заңнамалық түзетулердің маңызына назар аударып, Мемлекет басшысы Жолдауда сатып алудың жаңа сапалы жүйесін енгізуді тапсырғанын тілге тиек етті.

Еске салайық, бүгін өткен Палата отырысында сенаторлар бірқатар заңды қарады. Оның ішінде «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заң және оған ілеспе заңдар да бар.