Пікір • 18 Маусым, 2024

Еңбек қатынастары: Әріптестік пен сұхбаттастық

151 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұсынылған «Әділетті Қазақстан» ұғымын мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналдыру күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе екені анық. Ал бұл бағытта мемлекеттің қоғамға заңнамалық бастама беру арқылы демократиялық үдерістерді жалғастыруы, адамдардың еңбек жағдайларын жақсартуда олардың өкілетті өкілдерімен ынтымақтасты одан әрі жетілдіруі – маңызды шарттардың бірі.

Еңбек қатынастары: Әріптестік пен сұхбаттастық

Осы орайда Сенаттың Жоба­лық кеңсесі депутаттардың заң шығару құқығын іске асы­ру­ға жәрдемдесетін жаңа тетік ретінде белсенді жұмыс атқа­рып келеді. Сенат төраға­сы Мәулен Әшімбаевтың бастама­шылы­ғымен өткен жылы құрылған Жобалық кеңсе бүгінде түрлі өзекті мәселе талқыланып, рефор­маларға бастама жасайтын қоғамдық алаңға айналды.

Кеңсе Maqsut Narikbayev University ғалымдары және сарапшыларымен бірге дайындап, ұсынған бірқатар құжаттың қатарында Еңбек кодексіндегі жекелеген өзгерістер мен «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне ең­бек саласындағы ұжымдық қатынас­тарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бар. Заң жобасы Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асановтың қатысуымен алғаш рет биыл ақпан айында таныстырылды. Сондай-ақ биыл наурыз айынан бері Әлеу­меттік-мәдени даму және ғы­лым комитетінің жанындағы жұ­­мыс­шы тобында салалық кәсіп­о­дақтар, сараптамалық қауым­дас­тықтар, қоғамдық ұйымдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасы, орталық және жер­гілікті атқарушы, өкілді органдар өкілдерінің қатысуымен тұрақты талқыланып, ұсынылған әр позиция бойынша қызу пікірталас жүргізіліп келеді.

Әрине, жұмыс беруші мен жұмыс­шылар арасындағы қарым-қатынастың негізгі мәселелерін реттейтін еңбек заңнамасы статикалық болмауға тиіс. Құжат жүйелі талдау негізінде халық­аралық тәжірибе мен істердің қазіргі жағдайына сүйене отырып, үнемі жетілдіріліп отыруы керек.

Кәсіподақтар жұмыс беруші­лермен қарым-қатынаста тең құқылы серіктес болуға тиіс. Тек осы жағдайда ғана табыс­ты әлеуметтік диалог және тиім­ді ынтымақтастық орнайды. Сол себепті, еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу де – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Алайда бұл мәселеде шамадан тыс реттеуге түспеуіміз керек. Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастары әлеуметтік диалог негізінде құрылуы қажет.

Заң жобасында шартты түрде 7 не­гізгі бағытқа топтастыруға болатын тұ­жырымдамалық өз­герістер бар:

1) еңбек табыстың жалғыз немесе негізгі тәсілі болып саналатын кез келген экономикалық тәуелді адамдарды (оның ішінде платформалық жұмыспен қам­ту аясында) қоса алғанда, еңбек­кер­лердің ұжымдық еңбек құқы­ғының қолданылу аясын кеңейту;

2) қоғам мен мемлекетті әлеу­меттік-еңбек қа­ты­настарының жай-күйі тура­лы ақпаратты қамти отырып, 3 жыл сайын Президентке қарауға енгізілетін Қазақстан Респуб­ли­касындағы еңбек туралы Ұлттық баяндаманы енгізу;

3) әлеуметтік әріптестіктің жаңа ны­сандары мен деңгейлерін, кәсіподақ­тардың жаңа түрлерін енгізу есебінен әлеуметтік әріп­тестік пен кәсіподақ қызметі­нің қолданылу аясын кеңейту;

4) ұжымдық еңбек дауы бо­йынша талаптар қою құқығын беру, кәсіподақтар мәр­тебе­сін нығайту, сондай-ақ кәсіподақ­ішілік демократия туралы және кәсіподақтардың жұмыс беру­­шілер мен мемлекеттің арала­суы­нан тәуелсіздігінің кепілдіктері туралы нормаларды енгізу;

5) адалдық қағидатын енгізуді және жұмыс берушілер тарапынан кәсіподақ фаворитизмін шектеп, ұжымдық келіссөздер жүр­гізу рәсімдерін оңтай­ландыру;

6) дауды созу үшін мүм­кіндіктерін шектеу және еңбек төрелігі шешімінің сот тәртібімен мәж­бүрлеп орындалуын қамта­масыз етуді қоса алғанда, ұжым­дық еңбек дауларының құрал­дарын кеңейту және рәсімдерін оңайлату;

7) ереуіл құқығының кепілдік­терін кеңейту.

Заң жобасының бастамашылары бұл шаралар еңбек жағдайларына наразылықтың қордаланбауы және стихиялық нара­зылыққа айналмауы, келіс­пеу­шіліктерді бейбіт тәсілдер арқылы шешу жолын табу үшін «қауіпсіздік тетігі» болады деген пікірде. Сонымен қатар еңбек заңнамасын сәтті толықтыра алатын басқа да ұсыныстар бар. Мысалы, өткен жылы елімізде қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысты көптеген оң өзгеріс болды. Азаматтардың қоғамдық белсенділігі «Қоғамдық бақылау туралы» заң нормаларымен бекітіліп, халықтың қоғамдық бақылауға кеңінен араласуына өкілетті тетіктер заң нормаларымен жүйеленді.

Қоғамдық бақылау – өте маңызды құрал. Дегенмен оны толық қолдану үшін мемлекеттік еңбек инспекциясының тексеру­лері және алдын алу шаралары жет­кіліксіз, сол себепті кәсіп­одақ­тардың көмегін назардан тыс қал­дыра алмаймыз. Жоба бастамашылары бұл мәселеге де баса назар аударып отыр.

Ереуілдер мен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге кәсіподақтарды тарту туралы ұсыныс та маңызды. Қатысушылардың ниеті мен талаптарының бытыраңқы­лығы, бұқараның басқарыл­мауы, сондай-ақ тәртіпсіздіктер­ге жол бермеу кәсіподақтың басты міндеті болуы керек. Мәселені іштей білетін, заңнама мен медиация мәселелерінде беделді және құзыретті орган ғана келіссөздер үдерісін тиісті деңгейде ұйым­дастыра алады. Бірақ келіссөз­дерден бас тартқаны үшін жауап­кершілік бөлігінде кодексте жауап­кершілікпен қоса барлық қажетті түсініктеме жеткі­лікті түрде көзделген. Бұл мәсе­леде кәсіподақтар тарапынан баста­машылықты арттыру орынды.

Жалпы, еңбек заңнамасы үнемі жетілдіріліп отыруы керек. Биыл 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы жаңа Салық кодексінің жобасын, құжаттағы шамадан тыс жүктемені сынға алғанын қаперде ұстағанымыз жөн. Кодекс сияқ­ты құжаттар тым көлемді болмай, қатаң ережелермен шамадан тыс жүктел­мегені, белгілі бір жағдайлардың ерекше­ліктерін ескере отырып, жедел әрекет ету мүмкіндігі қарастырылғаны дұрыс.

Қазіргі таңда жұмысшы топ отырыстарында түрлі салалық кә­сіподақ, қоғамдық ұйым, жер­гілікті атқарушы және өкілді орган өкілдерінің, сарапшылардың пікірін ескере отырып, жекеле­ген ұстанымдарды тәжірибе жү­зін­де іске асыру бойынша қосым­ша зерделеу жұмыстары әлі де жал­­ғасып келеді. Сондай-ақ Қыл­мыс­тық, Азаматтық кодекстер мен «Ат­­қа­ру­шылық iс жүргiзу және сот орын­­даушыларының мәрте­бесi тура­лы» заңға өзгеріс­тер мен то­лықтыру­лар енгізу ұсы­нылға­нын ескере келе, талқы­лау­ға Жоғарғы сот, Бас проку­ра­тура, Әділет, Ішкі істер министр­лік­­­терінің өкілдері де қаты­сып жа­­­тыр. Басты мақсат – заңна­маны же­тіл­­діруге барынша бай­сал­ды­лық­­­пен қарау, әлеумет­тік әріптес­тік­­тің бар­лық тарабын ескере оты­­рып ба­с­тамаларды саралап, талқылау.

 

Руслан РҮСТЕМОВ,

Сенат депутаты