Ғылым • 11 Маусым, 2024

Ғылымды тәжірибемен ұштастырған

34 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аыл шаруашылығының көрнекті ғалымы, ҰҒА академигі Ибадулла Үмбетаев өмірінің соңғы жылдары Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры болды. Бұл қызметке ол әріптестері мойындаған іскерлігінің, тапқырлығының арқасында келді.

Ғылымды тәжірибемен ұштастырған

Ғылыми зерттеу инс­ти­­туты алғашқы кезде Білім және ғылым ми­нистр­лігі Мақтаарал мақта ша­руа­шылығы тәжірибе стансасы бо­латын. Бұл мекеме кейіннен Ауыл шаруашылығы министр­лігі жанындағы «Қазагроинно­ва­ция» акционерлік қоғамын­ың құзы­рын­да еді. Ибадулла Ізәтіл­ла­ұлы осы стансаны ілкімділік­­пен басқаруының арқасында ­Ауыл шаруашылығы министрлігі­не тікелей қарайтын Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерт­теу институты дәрежесіне дейін көтерілді.

Ибадулла өте ізденімпаз ға­лым болды. Мақтаның бірнеше жоғары сұрпын шығарып, патент алды. Қытай, Израиль, Түр­кия, Бразилия, Аргентина, АҚШ, Өзбекстан, тағы басқа да ел­дер­дің ға­лымдарымен тікелей байланыс жасап, мақтаның ең тиімді сұрыптарын шығарып қана қоймай, оларды өндіріске ен­гіз­ді. Мақта­ның әр түсті түрін шы­ғарды. Бояу емес, табиғи түстер үлкен ғылыми жаңалық болды. Мақта жөніндегі жоғары ғылыми зерттеу жұмыстарының авторы ретінде Ибадулла Үмбетаевтың еңбегі лайықты бағаланып, әуелі Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, одан соң ҰҒА академигі болып сайланды.

Ибадулла Ізәтіллаұлы көр­нек­ті ғалым, білікті ұйымдастыру­­шы болуымен қатар мемлекет қай­раткері еді. Бойындағы таби­ғи талантын, іскерлігін жан-жақ­ты көрсете білді. Елмен етене аралас­ты, ортасына сыйлы болды. Ха­лықтың жағдайын терең білетін азаматтың Жетісай ауданының әкіміне тағайындалғаны да кез­дейсоқ емес. Ол қай қызметте жүр­се де өзін елшіл тұлға ретінде көрсете білді. Ибадулланың пат­риоттық, ұлтқа жанашыр тамаша бір ісін кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде айтқым келеді. Тәуелсіз­дік алғаннан кейінгі кезеңде мына­дай үлкен мәселе шықты. Өзбекстанда 1,5 миллион қа­зақ, Қазақстан­да жарты миллион өзбек тұратын. Мұның бә­рін анықтап дәлелде­­ген – 1994–1997 жылдардағы Қазақ­стан­ның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нәжімеден Есқалиев. Ол да Ибадулла сияқты ұлтына жаны ашитын қайрат­кер еді. Елші Өзбекстандағы бар­лық қазақтың аты-жөнін, туған жылын, қай жерде тұраты­нын әбден зерттейді. Бұрын Өзбек­стан басшылығы аталған елде жарты миллиондай қазақ тұра­ды дейтін. Бір күні Нәжімеден Ық­сан­ұлы маған келді. Ол кезде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік (кейін­­нен Халықаралық қазақ-түрік уни­верситеті болды) универси­те­ті­нің ректоры едім. Нәжімеден ма­ған мынадай өтініш айтты: «Ө­збекстанда қазақ тілінде сабақ бе­ретін мұғалім жетіспейді. Бұл қан­дастарымыздың ана тілін­де бі­лім алуына кедергі болып отыр».

Шымкенттегі педагогика­лық институт ол кезде Түркістан мем­­ле­кеттік университетінің құ­ра­мына кіретін. Мен «Шым­кент педа­гогикалық институтын­да Өзбек­станнан келіп оқи­тын студенттер­ге квота бөліп, қа­зақ жастарын оқуға қабыл­да­йық» деген ұсынысымды ­айт­тым. Нәжімеден Ықсанұлы: «Қазір жағдай өте қиын. Таш­кент арқылы кеденнен өтіп, ­Шым­­­кентке барып оқуға олар­дың қаражаты жетпейді. Сондық­тан Өзбекстандағы қазақтар тұра­тын аудандарға жақын Жеті­сай қаласынан университеттің ­филиалын ашсаңыз ыңғайлы болар еді», деді. Мен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Зауытбек Тұрысбеков­пен сөйлесіп, осындай мәселе бар еке­нін айттым. Зауытбек Қауыс­бекұлы Жетісайдан универ­си­теттің филиалын ашу туралы бас­тамамызды құптады. Жетісай ауданының әкімі қызметіндегі Ибадулла Ізәтіллаұлымен сол кезде танысып, сөйлестім. «Бұл ойыңыз дұрыс. Жетісайдан міндетті түрде университеттің филиалын ашу керек. Шекара тиіп тұр. Шекараның арғы жағында өңкей қазақ ауылдары. Сол ауылдың балалары келіп, Жетісайда білім алады», деді ­аудан әкімі.

Университеттің филиалын ашу үшін ғимарат керек болды. Ибадулла жанашырлық­пен ғимарат мәселесін жылдам ше­шіп берді. Мен Түркия тара­пы­нан қосымша қаржы сұра­дым. Сөй­тіп, біз аудан орта­лы­ғы Жеті­сай қаласынан универ­ситет филиа­лын аштық. Өзбекстанның көпте­ген аулынан қазақтың бала­лары келіп, осы оқу орнында білім ал­ды. Кейін ол филиал Халық­ара­лық қазақ-түрік универси­те­ті­нен бөлініп шығып, өз алды­на Сырдария университеті де­ген атпен жұмысын жалғастыр­­ды. Міне, осы университетті Иба­­дул­ла Үмбетаевтың көмегінің арқа­сын­да ашқан болатынбыз. Ол аудан ­әкімі ретінде қауырт жұмысы бола ­тұра, біраз уақыт осы шаруамен тіке­лей өзі айналысып, істің алға ба­суына септігін тигізді. Ұлт мүд­десі үшін атқарған осы қызметі­нің өзі көптеген маман даяр­лап, солар арқылы Өзбекстан­дағы қандастарымыздың ана тілінде білім алуына септігін тигізді.

Ибадулла Ізәтіллаұлымен кейін де қызмет бабымен байланысымыз үзілген жоқ. Оның елді дамыту төңірегіндегі ұсы­ныстарын Үкіметке жеткізіп отыр­дым. Сол кезде әр түрлі түсті мақ­та өсірудің жаңа техноло­гия­сын жасап шығарды. Елі­міз­де бірінші рет ол басқаратын инс­титутта жаңа ғылыми-техника­лық өндіріске бағытталған нәти­желі зерттеулер жүргізілді. Со­ның басында ғылыми жетек­шісі болып Ибадулла Үмбетаев отырды. Оның мақтадан әр­түр­лі бұйым, түрлі түсті мата шы­ғарып, шетелге экспорттау туралы мемлекетаралық жобалары болды. Ғалым мақта саласы­ның ғылыми зерттеу теориясын біліп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдану жолдарын көрсетті.

Менің байқағаным, Ибадул­ла Ізәтіл­лаұлы өмірде өте қа­ра­пайым, дарқан мінезді, үлкен ұйымдастырушы, ғалым ретін­де тек Қазақстанға емес, шетел ғалымдарының арасында да кеңінен танымал болды. Оның зертханасын көруге Қытай, Израиль, тағы басқа да көптеген елдің ғалымдары да келді. Ға­лымның ғылыми зерттеу жұ­мыстарын көріп, өте жоғары бағалады.

Ибадулла Үмбетаев мақта­ның элиталық тұқымдарын да­йындау, оны сақтау, іске асы­ру, егу технологиясының ерекше­­лігі қандай болу керектігін түбе­гей­лі зерттеді. Оның 400-ге жуық ­ғ­ы­лы­ми мақаласы, 3 моногра­фия­сы, 8 кітабы жарық көрді. Тәжі­рибелік маңызы бар 50 ғы­лы­ми зерттеу патенті тағы бар. Бұл – үлкен көрсеткіш. 10 па­тен­ті халықаралық деңгейде мо­йын­далған. Оған қосымша Ибадулла Ізәтіллаұлы 13 авторлық куәлік иесі. Ол өте жаңашыл, жетекші ғалымдарымыздың бірі еді.

Ибадулла Ізәтіллаұлының еңбегі әр кез жоғары бағалан­ды. Бірқатарын атап өтетін бол­сақ, кеңес одағының Мәскеу­де өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығын дамытудағы же­тістіктері көрмесінде екі алтын, бір қола медальдың лауреа­ты атанды. Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының лау­реа­ты, Жетісай және Мақта­арал ауда­нының, сондай-ақ Түркіс­тан об­лысының құрметті азаматы.

Бір сөзбен айтқанда, Иба­дулла Үмбетаев шетелдік ғалым­дардың өзі мойындаған, елі мақ­тан тұтатын үлкен ғалым болды. Мақта шаруашылығында жаңа­шыл, елеулі жетістіктері бар. Біз Ибадулланың әлі де талай жаңа жетістіктерін көретін едік. Өкінішке қарай, өмірден ерте озды. Дегенмен оның ел үшін жасаған еңбегі ұлан-ғайыр.

Еліміздің көрнекті мемле­кет және қоғам қайраткері, жетек­ші ғалымы, қимас досымыз академик Ибадулла Үмбетаев­тың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Оның ел үшін жасаған еңбегін кейінгі ұрпақ та біле жүруі үшін ғалымның атын Мақтаарал мақта шаруашы­лы­­ғы тәжірибе стансасын Қазақ мақ­та шаруашылығы ғылыми зерттеу институты дәрежесіне де­йін көтерген, өзі өмірінің соңы­на дейін қызмет еткен, талай ғы­лы­ми жаңалықты ашуға мұрын­дық болған мекеменің Ибадул­ла Ізәтіллаұлының атымен аталуына ұсыныс жасар едік. Мұн­дай тәжірибе елімізде бұрын­нан бар. Сол үрдісті жалғасты­рып, Ибадулла Үмбетаев атындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғы­лыми зерттеу институты деп атасақ, бек жарасар еді. Ардақты ака­демик мұндай құрметке әбден лайық.

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

ҰҒА РҚБ президенті, академик