«Таза Қазақстан» • 07 Маусым, 2024

Экология акциясына 12 мың адам атсалысты

56 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді түрде өтіп жатыр. Тазалық мәдениетін қалыптастыруға сеп болатын іс-шара ізімен «Amanat» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастады.

Экология акциясына 12 мың адам атсалысты

Күні кеше партияның 12 мың мүшесі мен «Жастар рухы» жас­тар қанатының белсенділері көше тазалауға шықты. Әуелі партия мүшелері өзен жағалауларын, орман алқаптарын, өндірістік аймақтармен қоса жол бойындағы аумақтарды қам­титын 475 учаскені айқындады. Мы­салы, Астанада партия мүшелері заң­сыз қоқыс алаңына айналған қараусыз учаскені ретке келтірді.

«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Даулет Кәрібектің айтуынша, «Таза бейсенбі» партиялық жобасы экологиялық мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс. «Amanat» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысты. «Жастар Рухы» жастар қанатының шамамен 4 мыңға жуық волонтері су тасқынынан зардап шеккен жандардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Енді әр апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. Сондықтан қоршаған ортаға бейжай қарамайтын барша отандасымызды «Таза бейсенбі» акциясына үн қосуға шақырамыз», деді Д.Кәрібек.

Іс-шара тек қоқыс жинаумен шек­телмейді. Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекі­тіледі. Олар сол учаскеде тұрақты түрде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етумен қатар, қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу секілді абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін реттейді. Бейсенбіде қала тазалығына араласуға шыққан тұр­ғындардың қатарында елордадағы баста­уыш партия ұйымының белсендісі Динара Маратқызы да болды.

«Таза мемлекет – бұл тек үнемі тазаланатын емес, қоқыс тастамайтын, тазалық сақтайтын ел деген сөз. Бұл менің елім, менің қалам. Мен балаларым мен немерелерімнің таза қоршаған ортада өсіп, таза ауамен дем алып, таза су ішкенін қалаймын», дейді Д.Маратқызы.

Осы тұста «Таза Қазақстан» жалпыұлт­тық акциясы аясында аманаттықтардың 5 бағыт бойынша жұмыс бастағанын да айта кеткеніміз жөн болар. Партия мүшелері бірінші кезекте экология саласына қатысты заң шығаруды көз­дейді. Екіншіден, өңірлерде ластанған аумақтардың картасын жасай отырып, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын ұйымдастыруды қолға алды. Бұдан өзге, алда «Астана – Алматы» тас жол бойындағы аумақты тазартуға арналған «Таза Қазақстан» road-эстафетасын ұйымдастыру, тарихи, мәдени және табиғи мұраны вандализмнен қорғауға арналған қоғамдық науқан және жасыл волонтерлік – экологиялық волонтерлер қозғалысын құру міндеті тұр.

Есте болса, су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталғаннан кейін «Amanat» пар­тиясының 4 мыңға жуық белсендісі мен «Жастар рухы» жастар қанатының волонтерлері қарғын судан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын ретке келтіруге көмектескен еді. Ал қазір еліміздің барлық өңіріндегі барша партиялықтар саябақтарды, скверлерді, аулаларды тазартып, тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштердің көрігін келтіруге кірісті. Аманаттықтар мұнымен шектелмей, сенбілікке шығып, ағаш отырғызуға және өзге де іс-шараларды тындыруға ниетті. Негізі «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың ішінде эколо­гиялық мәселелерді шешу жайы қам­тылған. Сайлауалды уәделерді жүйелі іске асыруды ойлаған партиялықтар был­тыр мемлекеттік орман қоры аума­ғы­на 302,7 млн түп ағаш егуге үлес қосты. Сол секілді 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаның ластауын бақылайтын автомат­тан­дырылған жүйе орнатуға септес­кен. Мұнымен шектелмей, партия 2027 жылға қарай сайлауалды бағдар­ламасы аясында тұрмыстық қатты қалдық­тар­ды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайтуды көздейді. Осыған қоса Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаш көліне тұрақ­ты су ағынын қамтамасыз ету, ауа сапа­сының индексін енгізу, ластанған елді мекенде кәсіпорынның ауаны ластау нормативтерін 40%-ға дейін төмендету мәселесі жоспарда тұр екен. Жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту және жаңадан 14 су қоймасын салу да күн тәртібінен түспейтін шаруа.