Пікір • 06 Маусым, 2024

Риэлторға реніш бар...

79 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Риэлторлық компаниялар мен жеке риэлторлар еліміз нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін пайда болды. Алайда олардың жылжымайтын мүлік саласындағы шын мәніндегі делдалдық қызметі көпшіліктің көңілінен шығып отыр деу қиын.

Риэлторға реніш бар...

Мәселен, қазір әлеуметтік желіде Петропавл қаласының риэлторлары биылғы алапат су тасқынынан кейін жеке үйлері кісі тұруға жарамсыз болып қалғандығы себепті мемлекет тарапынан төленген қомақты өтемақыға жайлы пәтер сатып алмақшы болған тұрғындар саны күрт көбейгендігін пайдаланып, өздері көрсететін қызмет бағасын тым қымбаттатып жі­бер­гендігі қатты сыналып жатыр. Тіпті пәтерін сатқан адамнан – 400 мың теңге, ал сатып алушыдан 100 мың теңге сұрап, бір тұрғынжайды сатып алу- сату шартынан ғана 500 мың теңге табыс тапқан риэлтор бар болып шықты. Мұндайда «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» деген мақал еріксіз еске түседі...

Ал риэлтор атын жамылған алаяқтар аңғал жандарды алдап-арбап, жаңадан салынған көппәтерлі тұрғын үйдегі бір пәтерді бірнеше клиентке құ­рылыс салушының атынан сат­қандығына байланысты қоз­ғал­ған қылмыстық істер де бар. Бұл ретте құрылыс компаниясы мұндай алаяқтық әрекеттер туралы білмей де қалып жатады. «Қара риэлторлар» атанған осындай алаяқтар, әсіресе тұр­­ғынжай қымбат тұратын Ал­маты, Астана, Шымкент сияқ­ты ірі қалаларда жиірек кез­деседі екен. Мамандардың айтуынша, «қара риэлтордың» қармағына түсіп қалмау үшін өз қызметін ұсынған риэлтордың «Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін біріккен қа­уым­дастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің тізімінде бар-жоғын білу және тиісті шартты сенімді нотариус арқылы жасау қажет екен. Өйткені «қара риэлторға» алданып қалудың бір себебі – ол әзірлеп әкелген шарттың әдейі ұсақ қаріппен жазылған мәтінін мұқият оқымастан, қол қоя салу, яғни құқықтық сауаттылықтың жеткіліксіздігі.

Азаматтар риэлторлар қыз­метінің бағасы тым жоғары екен­­дігі, олардың көрсет­пе­­ген қызметтері не сапасыз көр­се­тіл­ген қызметтері үшін шы­ғын шегетіндігі және өз құ­қы­ғы­ның қорғалмағандығы тура­лы шағымданып жатады. Оның үс­тіне, жасалған шарттарда риэлтор­лар өз қызметінің сапасы үшін ешқандай кепілдік бер­мейді және жауапкершілік алмай­ды.

Шынтуайтында, елімізде риэлторлық қызмет заң жүзінде жет­кі­лікті реттелмеген болып шықты. Риэлторлардың қыз­метін бақылаудың нақты тетігі бол­мағандықтан, олардан зардап шеккен азаматтардың құқын қорғауды толық қамта­ма­сыз ету мүмкін емес.

Қазір риэлторлық қызмет­пен ерінбегеннің бәрі һәм арнайы біліктілігі жоқ, тіпті жеке тұлғаға және мүлікке қарсы қылмыстары үшін соттылығы бар адамдар да айналысып жүр. Сондықтан да риэлторлар тарапынан бұзушылықтар көп. Бұл ретте біреудің ала жібін аттамайтын адал риэлторлар да мемлекеттің қорғауы мен қолдауынан тыс қалып отыр.

Еліміз басты бағдар тұтып отырған Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйы­мы­на мүше мемлекеттердің тәжірибесі риэлторлық қыз­мет­ті қатаң мемлекеттік реттеу, оны лицензиялауды ен­гізу, риэлторларды оқыту және жеке басын, яғни қылмыс жа­­са­ған-жасамағанын тексеру қа­жет­ті­гін көрсетіп отыр. Бель­гия­да, Нидерландта және Ұлы­британияда риэлторлардың қызметін кәсіби ұйымдар мен одақтар реттейді. Норвегия мен Францияда риэлторлардың кәсі­би жауапкершілігін сақтан­дыру міндетті шарт болып сана­ла­ды.

Біздің елдегі құқықтық сауат­тылық деңгейінің төмен­дігін ескере отырып, риэлторлық компаниялар мен жеке риэл­тор­лардың барлығы үшін бір типтік шарт жасау қажет сияқ­ты. Мұның өзі, әсіресе «қара риэл­­торлардың» алаяқтығына тос­қауыл қояр еді.

Жуырда Парламент Мәжі­лісінің депутаты Олжас Құс­пеков еліміздегі риэлторлық қыз­­­меттің толғағы жеткен мә­селе­лері жөнінде Премьер-ми­нис­трдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Оған берілген ресми жауапта қазір Үкімет риэлторларға сенімсіздік ұлғайғанын, олар­дың қызметінің бағасы қым­баттығын және осы салада алаяқтық фактілеріне жол берілгендігін ескере келіп, риэлторлық қызметті заңна­ма­­лық реттеу мәселелерін қарас­тырып жатқандығы мә­лім­делген. Олардың ішінде тұтыну­шылардың құқықтарын қор­ғау жөніндегі заңнамаға риэлторлық қызметті реттеу бойынша өзгерістер енгізу, қолданыстағы «Жылжымайтын мүлік нарығындағы риэлтор­лық қызметтер» ұлттық стандар­тының базасында «Кәсіби риэлтор» үшін өлшемшарттар әзірлеу, адал риэлторлардың ашық электрондық тізілімін әзірлеу, риэлторлардың қыз­метін Yandex taxi-ге ұқсас плат­формалық жұмыспен қам­ту бойынша Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрліктерінің қанатқақты жобаларына қосу сияқты ұтымды шаралар бар. Осы шаралар кешені созбаққа салынбай әрі дәйекті түрде іске асырылатын болса, риэлторлық қызмет саласында тәртіп орнатылып, азаматтар құқы сенімді қорғалатын күн алыс емес.