Әдебиет • 04 Маусым, 2024

Алтайдың күзі ғашық етпей қоймайды

57 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұқабасындағы бұғылардың айқасқан суретіне қарап-ақ, кітапты қолыңызға алар едіңіз. Қойын қалтаға сала салатындай бұл шағын кітапты аштыңыз ба, асқақ Алтайдың қалың жыныс орманын аралап, өзен-көлін жағалап кете барасыз. Ақ жарқын, дарқан көңіл елімен тілдескендей, бірге күн кешкендей күйге түсесіз.

Алтайдың күзі ғашық етпей қоймайды

Суретті түсірген – автор

«Алтайда алтын күз еді». Әлі­бек Асқаровтың осынау асқар тау бауырындағы орманшының үйінде жатып, төрт-ақ күнде жазып шыққан шығармасы. Былтыр ғой, Таутекеліде, дәл сол орман арасындағы қарағайдан қиыл­ған қос бөлмелі үйдің ауласында тұр­мыз. Әл-ағам, Әлібек Асқаров шын­тағымнан түртіп; «Алтайда ал­тын күз еді» повесімді оқыдың ғой» де­ді сеніммен. Оқымағанда. Жер­лес жазушылардың шығар­ма­сын жата-жастанып оқыдық. Жаңа шыққан шығармалары­ның сиясын кепті­ріп үлгертпейміз. «Алтайда алтын күз еді» повесін де, бір демде оқып шық­қаным бар. Суретшінің бір айда басынан кешкен шытырман оқиғасы иіріп әкетеді. Сюжеттің өзі әсерлі. Жиынтық кейіпкерлер болғаны­мен, бәрі де өмірде бар.

Әдебиетсүйер қауым біле­ді, Әлі­бек Асқаровтың әуелгі ма­мандығы су­ретші. Өзі әзілдеп, «суретшілер ара­сындағы жалғыз жазушымын, жазу­шылар ара­сындағы жалғыз су­рет­шімін» дейтін. Айтқандай, бірде суретші достарының бірі біз туралы жаз­байсың деп ренжісе керек. Содан ғой, қолына қалам алып, суретші өмірін өзінің туған жерімен, Ал­тайымен астастырып берген. Оқып отырып, суретші кейіпкер өзі ме деген де ойға қаласыз.

м

Шығарманың шарықтау ше­гіне жетпес бұрын Жәнімқан есімді су­ретші туралы азды-көп­ті мәлімет бе­ріледі, оның думанды шеберханасы суреттеледі. Содан кейін этюдни­гін алып, Алтайға тартып тұрады. Алтай болғанда да, Шығыстың түу түк­піріндегі Аршаты аулының арғы жағындағы Таутекелі деген әсем жерге жол тартады. Жаздың күні жайнап тұрса, күзде тіптен құлпырып салады. Сан түрлі бояу, мың түрлі рең. Суретші үшін бұл мезгіл нағыз шығармашылықпен шұғылданатын уақыт. Суретші үшін ғана емес, ақын­дар да күзді тебіреніп тұрып сурет­тейді емес пе? Жалпы, күз деген жеміс бе­ретін, жеміс теретін, табиғат бар бай­лығын ұсынатын кез.

Жергілікті жердің азаматтары сонау Алматыдан суретші келді деп, асты-үстіне түсе қарсы алады, күтеді. Тамылжыған табиғат аясындағы ор­ман­шының үйіне жайғастырады. Құ­мырсқаның илеуіндей Алматыдан танаға ұрғандай тып-тыныш Алтайға топ ете қалудың өзі қандай? Іш­кені алдында, ішпегені артын­да. Жәнімқан шығармашылыққа бел шеше кіріседі. Орманшы жігіттер күніге келіп, қал-жағ­да­йын сұрасып тұрады, ас-суын жет­кізіседі. Күндердің күні ауыл­да­ғы той-томалақтарға да шақыр­ту алған. Сонда ғой деймін, Гүлси­на есім­ді мұғалім келіншекпен танысып, көңілдері жарасады. Шығарма сурет­шінің күнделігі секілді жазыл­ған. Бірақ әр күні әрқалай. Бір күні өзенге түссе, енді бірде тауға шыға­ды. Тауға шығып Алтайдың басында таутеке қуады... Сөйтіп жүріп, үйір үшін айқасқа түскен бұғылардың көрінісіне куә болған, таңғалған. Әлгі көрініс­ті полотноға түсірген. Енді бірде ауданнан журналист қыз келіп, қылқалам шеберінен сұхбат ал­ған. Өнер туралы ой өрбіткен. Әлем­дік клас­сик суретшілердің картиналарын талдап берген. Жалпы, жазушының өзі, Әлібек Асқаров­ты айтамын, классик суретшілер­дің қолтаңбаларын жазбай тани­ды. Бір көріп, кімнің картинасы, қай жылы жазылғанына дейін айтып береді. Сол туындының тари­хына дейін талдап беретін талант иесі. Сол үшін де ғой, сурет­ші ке­йіпкерден жазушының мінез, бо­лмысын көруге болатын секілді.

Айтқандай, көркем шығармада суретші туралы оқи отырып, таби­ғатпен тілдескендей күйге түсесіз. Алтай­дың күміс шыңдарын, күзін, күзгі нөсерін, ақ қайыңдардан сау­дыраған алтын жапырақтарын, мызғымас қарағайы мен мөлдір бұлағына дейін көз алдыңызға алып келеді. Әлібек Асқаров өзі де, Алтайдың күзіне ғашық, білемін. Кейде күздің әсем табиғатынан көз алмай қарап тұрып, «шіркін, этюдникті қойып, кесек-кесек бояумен полотно бетінде ойқас­тар ма еді» дейтін.

Повесть шытырман оқиғаға да толы дедік қой. Шығарманы оқып отырсаңыз, шытырман оқиға екеудің арасындағы махаббаттан соң өрбіген. Күндердің күні Жәнімқан ауылдағы мұғалім келіншекпен Алтайдың биігіне шыққан. Жортқан аң, ұшқан құстарға қарап, өмір туралы сыр шертіскен. Екеу арасындағы диа­логтердің бәрі-бәрі күнделікті өмір­де болғанымен, шығарма­да көркем, оқырманға жұғымды етіп жазылған. Қызығы сол, екеуі қол ұстаса таудан түсіп бара жатып, таудың қойын-қолатынан жол таппай адасқан. Ит тұмсығы өтпес қарағай орманның қай жерінен кіріп, қай жағынан шы­ға алмай сандалған. Сандалып жүріп, кержақ кемпірдің үйіне тап болған. Акулина есімді жал­ғызбасты кемпір жаңбыр ас­тында қалып, малмандай су болған екеуіне ыстық шай беріп, жан шақыртады, іштеріне ел қон­дырады. Жазушының айтпа­ғы, Алтайға сіңіп кеткен кер­жақ­тар да қазақтың мәдениетін, қо­нақжайлылығын бойларына сіңі­ріп үлгерді. Тарихтан тартсақ, қазақтан олардың үйренгені көп. Сөйтіп, Акулина кемпір ер­тесі екеуін тура жолға салып жі­берген. Осылайша суретшінің Алтайдағы күндері жалғаса берген. Бір ай дегенде Алматыға оралып, жазған этюдтерін үлкен картинаға айналдырған. Үлкен картинасы үлкен көрмелердің бірінде көпшіліктің назарын аударған. Сондағы сурет не дейсіз ғой. Алтайдың алтын күзіндегі бұғылардың айқасы. Көздері қан талап, жер тарпыған бұғылардың тіресіп тұрған сәті. Картинаны көз алдыңызға елесте отырып, өмірлік пәлсапалық ой түюге болады.

Алтайға бармасаңыз, жазушы­ның осы шығармасымен танысуға асық болыңыз. Алтайдың күзіне ғашық етпей қоймайды.