Егемен Қазақстан • 31 Мамыр, 2024

«Хат қоржын»

38 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ер есімі асқақтады 

Жеңіс күні қарсаңында Ақмола облысындағы Ақкөл ауданының орталығы – Ақкөл қаласында Кеңес Одағының батыры, армия генералы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткіші ашылды.

«Хат қоржын»

Ердің еңселі мүсіні оның 100 жылдығына орайластырылып бой көтергенін де айта кеткен жөн. Бұған дейін де өңірдің жер-жерінде батырды еске алу іс-шаралары ұйымдастырылса, олар жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Осындай алып тұлғаларға кие, қасиет қонады деген де сенім-наным бар екені белгілі. Оған көз жеткізген бір жайт былтыр Астанада болды. Кеңес Одағының батыры атағын екі мәрте алған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткішін ашу рәсімі кезінде еңселі мүсіннің оң иығына бір ақ көгершін келіп қонып, гүл шоқтары қойылып, оркестр ойнап тұрса да ол іс-шара толық аяқталғанша, бейбіт өмірдің тілекшісіндей болып сол орнында тапжылмастан отырды.

Ал Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішінің ашылу рәсімі алдында күн нұрын молынан шашып, көктемнің жанға жайлы жайдары сәті жуыр маңда өзгере қоймайтындай әсер қалдырып тұрған еді. Ескерткіштің жамылғысы сыпырылар кез жақындағанда ауа райы күрт өзгеріп сала берді. Бұған дейін шайдай ашық көк аспанды лезде қалың бұлт торлап, көп кешікпей жапалақтап қар жауа бас­тады. Жауған қар батырға арналған іс-шара толық тәмамдалғанша ­толастамай, жерді ақ көрпесіне орады да тастады.

Міне, кім-кімді де таңғалдыратын осындай оқиғалардан кейін кей адамға қасиет қонатынына шын мәнінде сенгің келеді әрі мұндай іс-шаралар әркімнің есінде әрдайым сақталатыны анық. Ал батырларымызға бейбіт өмірде де елі мен халқына еткен адал еңбектері үшін алғысымызды айтып, о дүниенің шарапатына бөлене беріңдер деген тілек қосамыз. Сондай-ақ елі үшін түрлі ерлік істерге барған кешегі, бүгінгі ерлеріміздің дәрежесін көздері тірісінде әр кез көтеріп, жас ұрпақ арасында насихаттай жүрсек, олардың жүректеріне де ерлік пен өрліктің нәрін себетініміз ақиқат.

 

Болат ТЕМІРБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымының мүшесі

Ақмола облысы

 

 

Ата дәстүрдің орны бөлек

 

АҚШ-тың, тамыр-түбірі, ұлттық тегі жоқ елдің іргесін қалаушы президенті Томас Джефферсон: «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын!..» деп армандап кеткен екен. Бұл – мемлекеттік басқару ісінде ата дәстүрдің мәні мен маңызын терең түсінген әлем мойындаған ұлы қайраткердің арманы.

Қазақтың көбі қазір Ата заңды да, ата дәстүрді де жылы жауып қойған, не үкіметін, не үлкендерін тыңдамайды. Заңдарымыздың да кемшін тұстары жоқ емес, сондықтан кейбір ескерілмеген тұстарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Еңбекқор жан заңның тиімді жақтарын ұтымды пайдаланып, жемісін көреді. Дәстүрдің де озығы мен тозығы болады: ұлттық мінезі бар жан озығын алып, ұлтына қызмет етеді.

Ал қандай жағдайда да заңға жүгіну, заң талабын орындау – әр азаматтың қасиетті парызы.

Бүгінде қазақтың үлкендеріне сенімі болмауы да қисынды, олардың бәрі бірдей «ақсақал» деген атына лайық аталы да баталы, өнегелі сөз айта алмайтыны анық. Ондайларды көргенде қарның ашатынын несіне жасырамыз. Ата дәстүрдің сақтаушысы да, келер ұрпаққа жеткізушісі де осы ақсақалдарымыз емес пе еді?

Дәстүр бар жерде тәртіп бар, береке бар. Дәстүр – ұлт үшін ­ак­сиома, дәлелдеуді қажет етпейді, керісінше, мықты дәстүр толық пісіп-жетілмеген заңдарымыздың орнын толықтырып тұрады. Мың өліп, мың тірілген қазақты тарихтың соқпақ жолдары­мен сүріндірмей аман алып келе жатқан да осы дәстүріміз!

Ақыл таразысы былай дейді: дәстүрге сүйенбеген заң жетім, дәстүрдің құндылығы осымен өлшенеді, ұлтымызды заң адастырса да, дәстүр адастырмайды.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

мемлекеттік қызметкер

АСТАНА

 

 

Ниет пен пейіл оң болсын

 

Адамның жас кезеңінің өзіндік ерекшеліктері барын еш ұмытуға болмайды. Қанша жас көрінгің келіп, соңғы үлгімен киініп, боянып, сәнденіп шықсаң да көшеде, көлікте, көпшілік орындарда кездескен жастар саған үлкен кісі ретінде: «Апа, отырыңыз!» деп орын беріп, танитындары «Апа, қайда барасыз?» деп жөн сұрасып жатады. Бұл – келген жасыңды жасыра алмайтыныңның дәлелі.

Қазақы негізімізге тартсақ, кейінгіміз немере, алдымыз шөбере сүйіп жатқан шақта табиғатымызға қарсы келмей-ақ тән сұлулығын емес, жан сұлулығын жетілдіріп, ұрпағымызға ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттасақ, сауапты іс болар еді.

Осы күні о дүние туралы көбірек ойланып, ол туралы әңгімелерге көбірек құлақ түріп, белгісіз әлемге үрке қарап қоятын кездерім де болады. Адамның мосқал тартуы да табиғаттың жазылмаған заңы десек, жарасар. Сондықтан ұлттық киімімізді ұлықтайтын, яғни кимешек киетін жасқа да жетіп қалыппыз. Бұл, әрине, кәрілікке асыққандықтың емес, өзімді келген жасыма қарай бейімдесем деген ниеттің көрінісі болса керек.

Жетпіс иегіміздің астына келіп қалды, орамал мен кимешекті басымыздан тастамай, бес уақыт намазымызды оқып, құлшылығымызды жасап жүретін кез келгені даусыз. Бұрын тамырымыздан ажырап, дәстүрімізден аттап кетіп жатқанымызға солақай саясат кінәлі дедік, енді есімізді жиып, өзімізге ғана тән дүниені қайтарып алсақ, оған кім кедергі?

70-80 жасында да жас көрінемін деп әлек болып қана қоймай, немересі бар болса, сонымен жарысып күйеуге шығуға ұмтылып жататын шетелдік әйелдердің әрекеті қазақы қалпымызбен еш үйлеспейтінін де айтсам деймін.

 

Жұмагүл НӘЛІБАЕВА,

ардагер ұстаз

Түркістан облысы