Зерде • 31 Мамыр, 2024

«АЛЖИРДЕ» туған тұңғыш бала

236 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сталиндік қуғын-сүргін жылдары ГУЛАГ лагерьлерінде «халық жауы», «контрреволюционер», «тыңшы», «отанын сатқан» деген жалған айыппен түрлі ұлттың бетке ұстар қаймақтары – ақын-жазушылар, ғалымдар, саясаткерлер «жазасын» өтегені мәлім. Қазақ жерінде де талай жазықсыз отбасын қан қақсатқан «Қарлаг», «Степлаг», «Камышлаг», «Кеңгір» секілді 11 лагерь жұмыс істеді. Соның бірі – «Қарлагтың» арнайы бөлімшесі, контингенті әйелдерден ғана тұрған «26-нүкте».

«АЛЖИРДЕ» туған тұңғыш бала

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Гальперина не үшін тұтқындалды?

«Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмо­ла лагері», яғни «АЛЖИР» деген бей­рес­ми атаумен танылған бұл қасірет орнында 1937–1953 жылдары 62 ұлт өкілі­нен құралған 18 мыңнан аса әйел отырған. Қазіргі күні 8 мыңнан астам адамның аты-жөні белгілі. Олардың арасынан көзі тірі ешкім қалған жоқ. Ең соңғы «алжирлік» тұтқын Анна Енданова 2014 жылы 96 жасында өмірден озды. Дегенмен «АЛЖИР» лагерінде тұтқын ретінде отырмаса да, халық жауының әйелі деп ұсталған анасымен бірге ере келген немесе осында жарық дүние есігін ашқан балалар, яғни қазіргі күні жасы ұлғайған қариялар бұл өмірде әлі де бар. Соның бірі «АЛЖИР» лагерінде туған тұңғыш сәби, бұл күндері 86 жасқа келген Георгий Каретников қазір Мәскеу қаласында тұрады.

Оның анасы Ольга Гальперина 1905 жылы Киев қаласында дүниеге келген. Ұлты – еврей. Ол Киев консерватория­сында танымал музыканттардан тәлім алған кәсіби фортепианошы болатын. 1933 жылы Мәскеуге қоныс аударған соң, балаларға арналған музыка мектебін ашады. Бүгінде ол Шопен атындағы колледжге айналған. Ольга Гальперина осы мектептің алғашқы директоры және оқытушысы болып еңбек етті.

Оның не себепті тұтқындалғаны әлі күнге жұмбақ. Тергеу құжаттары да сақталмапты. Тек белгілісі – КСРО Қыл­мыстық кодексінің 58-бабы, яғни «Ота­нын сату» бабымен айып тағылған. Бұл үкіммен сотталғандар «халық жауы» атан­ғаны белгілі. Георгий Каретников­тің айтуынша, анасының мұндай жазаны арқалауына екі себеп болуы мүм­кін. Бірінші болжам – оның Рузин есім­ді бұрынғы күйеуі әйгілі Тухачевский ісіне қатысы бар деп тұтқындалған еді. Бұл некеден Лена есімді қызы бар-тын. Ольга Гальперина сол «халық жауы­ның» жұбайы ретінде қамалуы мүмкін. Алайда 1938 жылдың басында ұсталған кезде ол Николай Каретников есімді екінші күйеуімен тұрып жатқан. Күйеуі Мәскеудегі министрліктердің бірінде еңбек ететін. Екеуі заңды некеге тұрмаған. Георгий Каретников анасының лагерьге айдалуына әкесі Николайдың да қатысы болуы мүмкін екенін айтады. Қысқасы, сол уақыттары көзі ашық, көкірегі ояу көп адамның басына үйірілген бұлт бұл отбасын да айналып өтпей, Ольга Гальперинаға ауыр айып тағылып, 8 жылға сотталып кете барады.

 

Ақмолаға айдалған күн

1938 жылдың наурыз айында НКВД жендеттері келіп, қызы Ленаны балалар үйіне өткізіп, өзін қазақ даласындағы лагерьге айдап әкеткенде Ольга аяғы ауыр екенін де білмепті. Лагерьде бо­йына біткен баласы бар жүкті әйелді де бас­қалармен бірге қара жұмысқа жеккен сол кездің қатыгез саясатына қай­ран қаласың. Мақаламыздың кейіпкері Георгий Каретников сол жылдың 12 қа­зан күні лагерьде дүниеге келді. Ол темір тор­дың ар жағында, Ақмола лагерінде жарық дүниені көрген тұңғыш сәби. Ольга Гальперина дыбыссыз киноның әйгілі актрисасы Рахиль Мессерер-Плисецкая­мен бір баракта отырған. Оның да қамауға алынар алдында туған емшектегі баласы бар-тын. Екеуі ұядай ғана жеркепеде сәбилерін бірге бағып, қатар отырып емізген.

Өкінішке қарай, лагерьдің ішкі тәр­тібімен сәбилерді омыраудан шық­қан­нан кейін аналарының қасында қал­дырмай, балаларға арналған баракқа ауыстырады. Георгий Каретниковтің айтуынша, бұл барак лагерьдің сыртында орналасқан. Ал тұтқын әйелдерді ол жаққа кіргізбейтін. Сондықтан ол анасы жазасын өтеп шыққанша, яғни 8 жасқа дейін оны көрмеген. Тіпті «ана» деген сөздің не екенін білмеген екен. Сол баракта балаларды баққан Сима Моисеевна есімді тәрбиешінің етегінен ұстап өседі. Георгий Каретников кейінгі естелігінде былай дейді: «Анамның айтуынша, лагерьге түскеннен кейін балалар барагын өздері қолмен салыпты. Оның жан-жағы тікенек сыммен қоршалған еді. Сәби болсам да есімде қалғаны, тікенек сым­ның арғы жағындағы лагерь аумағында қа­мыс тасып, жұмыс істеп жүретін әйел­дерді көретінмін. Кейде Сима Моисеев­на маған: «Әне, анау кетіп бара жатқан сенің анаң», дейтін. Ал мен «ана» деген адам­ның ­кім екенін білмеймін. Біз, балалар, Сима Моисеевнадан басқа ешкімді танымайтын едік...»

30-жылдардың соңында «АЛЖИР» лагеріне Сергей Баринов есімді адам басшы болып келеді. Бұл уақытта тұтқын әйелдер ара-тұра көңіл көтеру үшін өз араларынан хор құрған еді. Сол кезде Ольга Гальперинаның да кәсіби музыкант екені көпке мәлім болыпты. Лагерь тұрғындарының кейінгі естеліктеріне зер салсақ, С.Баринов тұтқын әйелдерге жақсы қараған. Бір күні ол Ольга Гальперинаны шақырып алып, өзінің балаларына фортепианодан сабақ беруге қолқа салады. Ольга да бұл ұсыныстан бас тартпайды, кейін оның пайдасы да тиген.

Лагерь заңымен кішкентай сәбилер 3 жасқа толған соң, басқа қаладағы бала­лар үйіне жіберіледі. Балаларды әкетуге ­комиссия келе жатыр деген хабарды есті­ген Ольга Гальперина Сергей Баринов­ке ­кі­ріп, ұлы Георгийді алып қалуын сұрай­ды. Лагерь басшысы оған көмектесе ­алмайтынын айтқанда: «Ұлымды алып ­кетсе, мен де сіздің балаларыңызға фортепианодан сабақ бермеймін», деп талап қояды. Ертесіне С.Баринов лагерьде жұқпалы ауру тарады деп карантин жариялап, комиссияның келуіне тосқа­уыл жасаған екен. Осылайша, Георгий Каретников анасынан жыраққа кетпей, сол жерде ержетті.

 

Анасымен қауышу

«Балалық шағың тікенек сымның ар жағында өтсе де, адам үшін ең керемет кезең болып есте қалады екен, – дейді бір естелігінде Георгий Каретников. – Лагерьдегі кейбір сәттер әлі жадымнан кетпейді. Көктемде айнала даланың бәрі алқызыл қызғалдаққа толатын. Ал жаздыгүні гүлдері әдемі көкнәр өсімдігі жер бетіне төселген кілемдей болып жайқалатын. Мен сол әсем гүлдердің арасына барғым келді. Бізді кейде тікенек сымның сыртына ойнауға шығарса да, әрі қарай жібермейтін еді. Барак аумағынан самсаған гүлге толған шексіз далаға қарап тұрған күндерім көп. Тағы бір есімде қалған жайт – күн сайын бізді таңғы 6-да оятып алып, әнұран тыңдатушы еді. Көзімізді ашар-ашпастан кереуеттің үстінде қасқайып тұрып, қолымызды кеудемізге қоямыз. Сосын таңғы асқа барамыз. Алдымызға тамақ қойылғанда тәрбиеші апайымыз әрқайсысымыздың жанымызға келіп, ботқадан татып көретін. «Сима Моисеевна, енді менікін көріңіз, менікін көріңіз» деп жамырай шулап өзімізге шақырамыз. Бізге оның ыдысымыздан дәм татқаны ұнаушы еді. Бәлкім біз секілді оның да қарны аш болды ма, кім білсін. Ол бір қиын кездер еді ғой».

Өмірінің алғашқы сегіз жылын осында өткізіп, кейін анасымен алғаш қауышқан кезі де оның күні бүгінгідей көз алдында. Бір күні Сима Моисеевна оған «Қазір саған анаң келеді» деп хабарлайды. Бірақ туғаннан ана деген сөзді айтып көрмеген оған бұл хабар ешқандай әсер етпепті.

«Сол күні маған бір әйел адам келді. Менің анам осы кісі екенін бірінші рет көрдім. Шын айтсам, ешқандай қуаныш сезімі де болмады. Алдынан жүгіріп те шықпадым. Ол мені қолымнан жетектеп, әйелдер тұратын баракқа алып барғаны есімде. Анам заттарын жинас­тырып жатқанда барактың ішіне көз салдым. Бір қарағанда пойыздың вагонына ұқсайтын еді. Ортада адам жүретін дәліз, екі жағында пердемен жабылған екі қабатты жатын орындар. Бар байқағаным осы», дейді ол.

 

Сталиннің алдында ән шырқаған

Анасы мен баласы «АЛЖИР» лагері­нен 1946 жылы босап шығады. Соғыстың аяқталған кезі. Олар алдымен Бурабай курортына аялдап, одан әрі Мәскеуге табан тірейді. Алайда алғашқы кезде қуғын-сүргінге айдалғандардың ел астанасында тұруына, тіпті онда кіруіне, сонымен қатар мамандығы бойынша жұмыс істеуіне де тыйым салынған еді. Сондықтан Ольга Гальперина мен ұлы Мәскеуден 101 шақырым жердегі Александров қаласына тұрақтайды. Айтпақшы, сол жолы Георгий Каретников өзінің туған әкесі Николайды да өмірінде бірінші рет көрген. Алайда кейінгі өмірінде әке мен бала арасында жақын қатынас орнамаған...

Бұрынғы саяси тұтқындар тұратын Александровтан аттап басуға тыйым салынса да, Ольга Гальперина Мәскеуге ұрланып барып, ұлы Георгийді Мәскеу конверваториясы жанындағы Свешников балалар хорына берген. Кейіпкеріміз хор құрамында түрлі үкіметтік концерттерде ән шырқап жүріп, бір рет И.Сталиннің алдында да өнер көрсеткенін еске алады. «Мәскеуде біздің мойнымызға пионер галстугін тағып, үстімізге әдемі киім кигізіп, үкіметтік концерттерге апаратын. Біз Үлкен театрда, консерваторияның үлкен залында, Чайковский залында өнер көрсеттік. Бірде залда тура алдымызда отырған мұртты кісі – Иосиф Виссарионовичті көрдім. Ішімде бір жиіркеніш сезімі оянды. Өйткені анама лагерьде бірге болған Зина Рыкова, Лена Ушакова есімді әйелдер жиі келіп, сол уақыттағы қиын өмірлері жайында айтып отыратындарын еститін едім...» дейді ол.

Мәскеу облысында біраз жыл тұрған соң, анасының жұмысына байланысты Грузияның Кутаиси қаласына қоныс аударады. Ержеткен соң Георгий алдымен Қазанда, кейін Саратов қаласын­да білім алып, Калугада сабақ береді. Радиода комментатор болып еңбек ете­ді. Есейе келе анасы да, өзі де Мәскеу қа­ласына оралыпты. Ольга Гальперина сол шаһарда 1995 жылы 90 жасында өмір­ден озған.

 

77 жылдан кейінгі оралу

Георгий Каретниковтің төрт баласы бар. Ең кішісі Дарья 1996 жылы туған, бүгінде Сербияда тұрып жатыр. Ол әжесін көрген жоқ, бірақ бала күнінен әкесінің «АЛЖИР» лагері туралы әңгімелерін естіп өскен. Біз осы мақаланы дайындау барысында оған арнайы хабарласып, әжесі мен әкесіне қатысты тың деректермен бөлісуді сұрадық.

Дарья Каретникова – Мәскеу мем­лекеттік университетінің Журна­листи­ка факультетін бітірген фотограф-­документалист. Ол әкесінің естеліктері және қолындағы құжаттары бойын­ша суретті кітап шығару мақсатында 2019 жылы Мәскеудегі Георгий Каретников­тің балалық шағы өткен жерлерге барып, таспаға түсіреді. Ендігі ойы – Қазақ­стан мен Грузияға бару болғанымен, панде­мия басталып кетіп, жолы жабылған. Со­дан тек былтыр 25 сәуірде әкесі екеуі елі­мізге арнайы келді. Осылайша, Геор­гий Каретиников 77 жылдан кейін сәби шағы өткен «АЛЖИР»-ге қайтадан табан тіреді. Әрине, қазір ол кездегі лагерь жоқ. Сталин өлгеннен кейін барактардың бәрін бұзып, лагерьдің орнын тып-типыл қы­лып тегістеп тастағаны белгілі. Кейіпкері­міз Ақмола облысының Ақмол аулын­дағы «АЛЖИР» мемориалды-музей кеше­ніне барғанда балалық шағындағы көз алдынан кетпейтін алқызыл қызғалдақ кілемге оранған даланы көргісі келіпті. Алайда Ақмола даласына ол кездегідей жайқалып қызғалдақ шықпағалы қашан...

Дарья Каретникованың айтуынша, ол Мәскеу, Грузия және Қазақстандағы әкесі тұрған жерлердің бәрін суретке түсіріп, былтыр суретті кітап басып шығарған. «Кітаптың аты – «Родина слышит, родина знает». Бұл атау әкемнің Сталиннің алдында айтқан әнінің алғашқы жолы. Әлі күнге осы әнді ыңылдап айтып жүреді. Мен бұл еңбегімді қызым Соняға арнадым. Өйткені оның өмірінде осындай қиыншылық болмасын, бірақ атасының қандай жағдайды бастан кешіргенін біліп жүрсе деймін. Бұл кітапта әкем екеуміздің сапарларымызда түсірген суреттермен қатар, оның естеліктері, архив құжаттары мен ескі суреттері басылған», дейді ол.

Әкесі мен қызы Ақмолдағы мемо­риал­ды-музей кешенін көрген соң, кезінде Ольга Гальперина мен басқа да тұтқын әйелдер қамыс шапқан Жалаңаш көлі­нің жағасына да барыпты. «Әрине, әжем мен әкем отырған бұрынғы лагерь қазір жоқ. Бірақ өзгермеген бір ғана нәрсе бар. Ол – осы қамысты көл. Мен оның жаға­сы­на барғанда өзімді адам сүйектері­нің үстінде тұрғандай сезіндім. Өйткені дәл осы жерде сықырлаған аязды күндері қамыс жинаймын деп жүріп қаншама әйел үсіп өлгенін білемін. Бір жұбаны­шым – Қазақстанға сапарымыздан кейін әкемнің жаны тыныш тапқандай болды. «АЛЖИР» музейіндегі мемориалдық тақтада анасының есімі жазылғанын көрді. Бұл әкем үшін өте маңызды еді», дейді Д.Каретникова.

Дарья әжесі мен әкесіне тиесілі тарихи құжаттар мен суреттерді және өздерінің естеліктерін «АЛЖИР» мемориалды-музей кешеніне табыстап кеткен екен. Сол құжаттарды бізбен бөлісіп, Георгий Каретниковтің қиындыққа то­лы өмірі жайындағы тұңғыш мақала­ның жазылуына, «Egemen Qazaqstan» оқырмандарына жетуіне себепші болған музей қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз.

P.S. 1955 жылы 1 тамызда КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы Ольга Гальперинаны ақтап шығарса, 2001 жылы 29 желтоқсанда Георгий Каретниковтің өзі де кәмелетке толмаған шағында саяси себептерге байланысты қуғын-сүргінге ұшыраған ананың қамқорлығынсыз қалған бала ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраушы деп танылды.