Музей • 31 Мамыр, 2024

Көне жәдігерлердің көшпелі көрмесі

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейі «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде көне жәдігерлердің «Алаш аманаты» атты көшпелі көрмесін өткізді. Көрмеге Ертіс-Баян өңірінен шыққан алашордалықтарға қатысты тың деректер мен жәдігерлер қойылған.

Көне жәдігерлердің көшпелі көрмесі

Фото: museum-alzhir.kz

Музей қызметкері Абзал Рым­бектің айтуынша, бұл көр­меге негізінен кейінгі үш жыл­дың көлемінде табылған тың жәді­герлер шығарылыпты. Көрме­дегі құнды деректердің бірі – Алаш ардақтысы Жүсіпбек Айма­уытұлы қолына ұстап, оқыған Құран кітабы. Ол 1900 жылы Қазан қаласында басылған. Бұдан бөлек Ж.Аймауытұлының жатын бөлмесінде ілініп тұрған жасыл түсті сюзане кілемі де көрмеге қойылған. Гүлдермен кестеленген текстиль өнімі бұхаралық шебердің қолынан шыққан. Сонымен қатар көрмеде Жүсіпбектің өзі ағаштан жасап алған сия сорғышы, сызғышы, қағаз кескіші де бар. Алаш ардақ­тысы осы әр затының бір бұры­шына бейбітшіліктің символын бедерлеп салыпты.

Одан кейінгі көзге оттай басылатын құнды дүние – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Ақтоғай аулынан табылған «Қырық мысал» кітабы. Кітап 1909 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Ғылым академиясының баспаханасында төте жол нұсқасындағы араб қарпімен жарық көрген. Өкініштісі, кітаптың мұқабасы және алғашқы 16 беті, ал жалпы 63 беті сақталмаған.

Нәзір Төреқұлов бас редактор болған «Темірқазық» журналы да көрме төрінен орын алыпты. Журнал 1923 жылы Мәскеу қаласындағы Ұлттар комиссариаты жанындағы «Күншығыс» баспасынан жарық көріп тұрған. Көрмедегі журнал Тереңкөл аулынан табылған тарихи басы­лымның біріктірілген 2,3-саны екен. Жазу стилі Ахмет жасаған әліпбидің өңделген нұсқасына келеді. Мұқаба бетінде араб және кириллица әріптерімен «Жер жүзі еңбекшілері, бірігіңдер. Темірқазық. Айына бір шыға­тын саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы. Саны 2-3, март-апрель, 1923 жыл» деген басылымның негізгі мәліметтері беріліпті. Ал орта тұсынан басталып тұтас бетке «Ұлт мәселелері жайынан» деген тақырыппен көлемді мақала түскен.

Сондай-ақ режиссер, драматург, қазақ ұлтының кәсіби театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шаниннің 1928 жылы Ташкентте басылған «Арқалық батыр» атты еңбегі де көрмеге келушілердің қызығушылығын туғызды.

Көрмеде Қошке Кемеңгер­ұлының «Қазақтың тарихынан» атты кітабы да тұр. Жазушының бұл еңбегі Железин ауданында сақталыпты. Кітап әбден көне­ріп, тозып кеткен. Бас жағында араб қарпіндегі «Жер жүзі ең­бек­шілері, бірігіңдер» деген ұран жа­зылған. Ал орта тұсында кітап­­тың авторы мен аты жазылып, одан төменіректе «С.С.С.Р халық­тарының кіндік баспасы. Мәскеу – 1924 жыл» деген мәлімет басылған.

Абзал Рымбек облыстың түк­пір-түкпірінен табылған мұн­дай жәдігерлер әлі де көп екенін, көрмеге тек олардың біршама­сын ғана алып келгендерін айтты.

«Біздің музейде А.Байтұр­сынұлының «Маса» жинағы, «Жас қазақ» журналының түпнұс­­­қа­сы, Абайдың 1909 жылы жа­рық көр­ген өлеңдер жинағы да сақтаулы. Ал Ж.Аймауытовтың заттарын бізге ол кісінің қызы Муза Жүсіпбекқызы табыста­ған. Ал кітап, журналдарды өңір тұр­ғындарынан алдық. Кеңес­­тік ке­зеңде көбі арабша хат таны­мағандықтан, көпшілік оларды атамыздан, әкемізден қалған Құран немесе дінге қатысты кітап деп ойлап, көздің қарашығын­дай сақтап келген. Бұл түп­нұс­қа кітаптардың алғашқысы та­был­ған кезде, ол жаңалықтар­ға шы­ғып, кейін «Бізде де арабша жа­зылған кітаптар бар» деген жер­лестеріміздің қатары көбейе түсті. Осылайша, бұл тарихи құнды еңбектер құтты орнына әкеліп қойылды», дейді А.Рымбек.

Көрмеге зиялы қауым және мектеп оқушылары қатысып, алаш­тықтарға қатысты баға жетпес жәдігерлермен танысты.