
Іс-шараны қала әкімі Асхат Бердіханов ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Бүгінде Қонаев қаласында 1416 мүгедектігі бар азамат, оның ішінде 325 ерекше бала бар. «Жеке оңалту бағдарламасы» аясында 240 адам санаторийлік жолдамамен, 46 азамат арба және тифло-сурдо құралдарымен қамтамасыз етілді», – деді ол.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы үйде білім алатын балалардың отбасыларына 31 456 теңге көлемінде жәрдемақы төленіп жатқанын айтты.
«Биыл үш ерекше баласы бар отбасы өз кәсібін бастауға грант алды. Бұл – мемлекетіміздің әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидатына деген берік ұстанымының айғағы», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Асхат Бердіханов ерекше жандарды қоғам өміріне бейімдеуге үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Марапат иелері қатарында «Қапшағай Самға» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Бекенұлы, «Қамқор жүрек» бірлестігінің басшысы Ләззат Иманғалиқызы, сондай-ақ «Мейірім Қонаев-2025», «Алтын бала», «Ерекше балалар ата-аналарының одағы», «Күндізгі болу орталығы» ұйымдарының жетекшілері бар. Өнерпаз балалар да назардан тыс қалмай, оларға Алғыс хат табысталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, ерекше балалар мен олардың ұстаздары ән шырқап, би биледі. Балаларға қуаныш сыйлау мақсатында аниматорлар мен түрлі ойындар ұйымдастырылды, ал «KazSMU» құрылыс компаниясы бүлдіршіндерге сыйлықтар тарту етті.
Алматы облысы.