Әдебиет • 30 Мамыр, 2024

«Тарымшыны» тарата зерделегенде

53 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1986 жылдан басталған азаттықтың алғашқы ащы толғағымен бірге тағдырлы перзенттер өмірге келді. Бұл – азаттық­тың марқа төлдері. Уақыт толғатқан ұрпақ. Бүгінде олар ордалы отыздың бел ортасы­на келген, нағыз дер шығындағы аза­мат­­тар болып жетілді. Бір топ ақындар толқы­ны. Ол – Қайсар Қауымбек, Мирас Асан, Ұмтыл Зарыққан, Жанат Жаң­қаш, Асылбек Жаңбырай, Айжан Тәбәрәк, Олжас Қасым, Шалқар Дәулеткелді, Ербол Алшынбай, т.б. Әрқайсысы өзінше өзгеше. Ал бұл жол­ғы жазба ақын Ербол Алшынбай­дың «Қазақ әдебиеті» газетіне (11.03.22 №10) шыққан «Тарымшы» поэмасы жайында болмақ.

«Тарымшыны» тарата зерделегенде

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Поэманы оқып отырып әр детальды өзіңше жорисың, бірақ қағазға мидағы мың түрлі сезіктің бәрін сыйғызу мүм­кін де емес. Құдіретті поэзия­ны сезіну бір басқа, ал ол туралы бірдеңе деу қиын­ның қиыны. Бұл – Ербол Алшынбайдың екінші поэмасы. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Көлеңкесіз адам» деген поэмасын жариялаған еді. Ербол Алшынбайдың өз қатарынан бір ерекшелігі – эпикалық сарынынан бөлек, поэмаға ертерек иек артуы шығар.

Кез келген өнер туындысы әртүрлі қырларымен және қабаттарымен құнды. Туындыдан әркім өзінің «бойы» жеткен жерінен эстетикалық ләззат алмақ. Шығарма талқылануы керек. Бірақ автор дәл осы нәрсені меңзеп отыр деп бір ғана нәрсеге байланып, жорамал жасау шығармаға қиянат секілді. Өйткені поэмадағы әр мәтін – өзінше бір әлем. Әр тармақтың өз тағдыры бар. Сондықтан тек өзім көре алған нәрселерді айтқым келеді.

«Тарымшы» поэмасы – талқылауға арналған ­туынды. Мен поэманы вертикаль үлгіде әр қабат­ына көз жүгіртіп көруге қызықтым. Поэмада жұлын-жүйкеңе әсер ететін, жүрекке тиетін ең негізгі нәрсенің бәрі бар. Сюжеті қызық, суреті анық. Қарапайым оқырман үшін де қызықты болмақ. Оқырман мұны ең бірінші этнографиялық өмірдің бір қызықты көрінісі ретінде қабылдауы мүмкін. Әрине, оны жоққа шығара алмаймыз, себебі поэ­мада көзге бірінші түсетіні де этнография. Ал ойлы оқырман мұның басқа да қабаттарына үңіле түспек. Этнографияның арғы жағында мифтік-фольклорлық, саяси-әлеуметтік және ұлттық бояулардың палитрасы әсем үйлескен. Ақын оның ешқайсысын бадырайтпай, шебер қиюластыра білген. Ақын ештеңені жайдақ, ашық тастамайды. Поэма символикалық мәндерге жасырынған. Ізін жауып кететін жылан іспетті. Бұл ретте ақын жыланның тілін біледі.

Поэма сюжеті – ақынның бала кезінен естіп-көріп өскен көріністер. Шығарма автор санасында ұзақ жылдар бойы пісіп-жетілген. Одан өзге ақын­ның мол ізденісі де байқалады. Ә.Марғұлан, С.Қасқабасов, С.Қондыбай, басқа да мифтік-фоль­­к­лорлық еңбектерге әбден қанық екені поэма­да ­анық көрінеді. Әрі Ербол Алшынбай эрудит жа­зу­шы Таласбек Әсемқұлов пен мифолог жазушы Зира Наурызбаева секілді асқан білімдар адам­дар­дың қасында көп жүрді. Сондықтан ақынға бұл поэ­маны жазу қиын болмаған тәрізді. Әрине, үл­кен толғаныспен келгені сөзсіз. Тек біраз жылға де­йін бұл туындының бір кілтін таппай жүргендей... Ал кілті – жәбір көрген әйел, яғни оның тілінің айыр шығуы секілді. Әйел бойындағы у күллі адамзат­қа тән, біз бәріміз де әу баста-ақ жыланға шағыл­дық емес пе, кейін де шағылып уландық.

 

Жылан мен әйел

Ерболдың поэма жазу мәнерінде Мағжан мектебінің үлгісі бар. Ұлттық қайнардан бастау алып, әлемдік әпсананың ұшқынымен ұлғайған туынды теңізге құятын өзен секілді ұлы шығар­маға айналатын тәрізді. Эпикалық қуаты мықты поэманың әлемдік әпсанамен астасып жатуы шы­ғарманы нығыздай түспек. Әйгілі мифолог Серік­бол Қондыбайдың: «Жұмақтағы Хауа ананы таным ағашында өскен жемісті жеуге көндірген де жылан, иудаизмдегі шайтанның (сатананың) кейпі де жылан, Бабыл мифіндегі ғаламның жасалуына материал болған Тиамат та жылан (айдаһар), емшілік жасаушы Асклепий (Эскулап) де жылан, ғаламды жаратып, тіршілікті тудырушы ұлы аналардың (Нюйва, Офион, т. б.) дені де жылан кейіпті болуы, жалпы космогониялық мифтердегі жылан да осындай жағдаяттарға байланысты. Со­ған қарағанда бастапқыда жылан рулық тотем ғана емес, бастапқы дәстүр абыздарының, ең алдымен, Гиперборей абыздарының символы болған», – дегені бар. Бұл поэмадан да жылан мен әйелдің арасындағы тығыз байланысты көреміз. Ербол Алшын­байдың алғашқы «Көлеңкесіз адам» деген поэ­масында да әйел жәбір көреді... Коба Абэнің әйел кейіпкері іспетті жапагер әйел.

 

Зұлымдық пен әділдік

Жыланға қатысты мифтердің мотивтері әр­түрлі. Жағымды және жағымсыз символикалық мәні бар. Ол бірде тылсым танымның, эзотериялық ілімнің, даналық пен байлықтың символы болса, бірде аждаһа сынды жауызды, қорқынышты, жағымсыздықты кейіптейді. Жылан атаулары­мен байланысты қазақта көптеген есім мен сөз қалыптасқан, бұл да біздің аңыз-әпсаналарымыз­­дың әсерінен туса керек. Сондай-ақ жыланға қатысты жағымсыз мысалдар да көп. Бұл мақұлыққа байланыстырыла айтылатын  мақал-мәтел мен  тұрақты тіркес қаншама. Байқауымызша, әлем мифтерінде де жылан образы дәл осындай екі түрлі мәнге ие. Бірде культ, тотем ретінде бей­неленіп, медицинаның (әлемдік), байлық­тың (түрік дүниетанымы) символы болса, ежелгі өркениеттердің көбінде саяси-әлеуметтік ахуал­дың, діни биліктің қасиетті белгісі, жоғарғы күш иесі ретінде сипатталады. Ал біздің түрік халықтарында одан бір ерекшелігі бар. Ол – ең жауыз деген жыланның да тілін тауып, онымен тең тұрып, ортақ келісімге келу. Немесе жерасты жыландар еліне саяхат жасап, олардың түп-тұқиянын танып-білуді айтуға болады. Осы ретте ақын Ербол Алшынбай поэмасында қазақтың мифтік-фольклорлық ерек­шеліктері айқын көрініс береді.

Мифологияда адам өмірге келгенге дейін оның жаны (рухы) жылан кейпінде болады да, ал өлген соң (рухы) қайтадан жыланға айналады деген ұғым бар. «Ер Төстік» ертегісіндегі басты кейіп­кердің жер­асты әлеміне баратынына зер салсақ, бұл түсініктің бізде де болғанын байқаймыз. Мәсе­лен, жыланның мола, көр, қабір, зират бейне­лерінің символы болып, жалпы үңгір, жерасты әлемінің қожасы ретінде образдалатыны бар. «Мола-могила-могой» деген қазақ-орыс-моңғол сөз­дерінің де жыланмен байланысын байқауға бола­ды. Немесе «земля-змей» ұғымына көңіл бөл­се­ңіз. Қазақтың «үрей» деген сөзі де өзі «урей» деген жылан атымен байланысты болуы мүмкін. Әдетте күнделікті тірліктегі қазақтың жыланға деген көзқарасы біржақты. «Сұр жылан» деп атасаң, ол адам осы атауды ұната да қоймас, өйткені бұл сөз тіркесі зымияндықты білдіреді, сыртқы келбеті көлгірсіп тұрғанымен, ішінде небір зұлым ой жатқан адамға қатысты қолданылады. «Сұмақай» сөзі де – «сұм+қай» сөзінен шыққан жылан атауы. Поэмада ұмыт болып бара жатқан жиырмаға жуық жыландардың атаулары кездеседі, бұл – өз алдына бір төбе олжа.

Поэмада дегелек деген құс аталады. Бапы ханы­­ның жіберген елшісі келімге келмесе, дегелек құс­пен сес көрсетпек. Бұл жердегі дегелек деген құс нені білдіреді? Негізгі өмірде дегелектің екі түрі бар. Ақ дегелек, қара дегелек. Екеуі де сидамсирақ, ұзын тұмсықты, жылан алса алғандай құс. Ақ дегелек туралы Әбдірахман Асылбековтің өлеңі бар ғой. Бұл құстардың екеуі де қазақ жерінде белгілі мөлшерде болған. Бірақ шығармадағы ақын қолданып отырған дегелек миф­тік құс секілді. «Дегелек» сөзінің этимология­сы «деге» сөзінен шықса керек. Дегелек құстың жалпы пішін-келбетіне қарасақ, деге іспетті. «Деге» дегеніміз – ұсақ малды сойған кезде іліп қоятын (S) темір.

Ербол Алшынбайдың фольклорлық жады мық­ты. Кез келген жырауды жатқа айтып отыратынын талай естідік. Қашаған жыраудың:

«Отман таудың басында

Дегелек деген бір құс бар,

Аспанда жүріп ысқырса,

Мың орда жылан басылған»,

деген жолдар бар. Ерболдың поэмасындағы дегелек құс та осымен үндес. Ақын: «Зұлымдықты да жеңетін бір әділетті күш бар», дейді. Бірақ ол неге мифтік күш? Әлде біздің түсінігіміздегі әділдіктің өзі жай ғана миф болғаны ма?

 

Ақ пен қара

Поэманың тағы бір ерекшелігі – конфликт. Тартыс. Яғни драмасы – мығым. Шығарма фонын­дағы түстердің тартысы. Өмірдің мәңгілік майданы – ақ пен қараның айқасы. Поэма:

«Тобылғы түсті жаз еді,

Ай толмаған шақ өзендер жатқан жуасып,

Қалықтап барып бауырға қонған қаз елі,

Ақшаңқан үйлер ақбас шыңдарға ұласып»,

деп басталады да, картина түсі ақ және қара түске айналады.

«Қалғыған ақ шың селк етті,

Құлады төмен мызғыған өзен селкілдеп.

Аптыққан жел де ақ қайыңдарға шер төкті,

Күбінді ауыл түңілік кере желпілдеп.

Қара:

Алқара аспан – қарашық,

Дүбірге үрке қарайды үнсіз тосаңдап.

Барады бала сағымды белден ары асып,

Қылаңға мінген, жетекке баран қосарлап.

Ақ:

Дүрліккен дүние баяғы дел-сал түске енді,

Ақшаңқан үйлер ақ шыңға сүйеп иегін.

Қара:

Қанды ауыз қара оқпандай,

Қарсы беттен қараны көздеп қарысқан.

Қаһарын төксе сең жүрген,

Қара дарияға қарақошқыл су құстырып.

Ақ:

Қарайды ана ақшаңқан үйдің алдынан,

Тарымшыменен қызына қатар алаңдап.

Қара:

Жауатын күндей, қара да түндей түс бұзып,

Түменбай бақсы зікірге сонда салады.

Ақ:

Үйіме келсең қонақ деп,

Ақ құйғанмын басыңа.

Сен суатқа түссін деп,

Ақ ордамды тіккем жоқ,

Ақ өзеннің қасына.

Қара:

Қара да селдей қаптаған,

Қайран да жұртым жауласпа.

Қалың да өртке алдырдық,

Қайран да қара орманды.

Ақ:

Ақ үйдің алды бұлаң қыз тілі жалаңдап,

Боз жылан асқан құралай тауға қарайды.

Ал кейде ақ пен қара қатар тұрып айқасады:

Көкжиек тұсы – қара мең,

Ақ шағи сағым пердедей кілкіп тұр әлі.

Мұнарлы белдің үстіне шығып саламен,

Қылаң мен баран ауылға қарай құлады».

Поэмадағы жылан Бапы ханның елшісі мен тарымшы Түменбайдың арасындағы тартыстан бөлек, ақ пен қараның қайшылығы, тұтас поэманың картинасы режиссер Андрей Тарковсийдің киноларын еске түсіреді. Тарковский туындылары адам өмірінің түсі секілді. Көбіне көп ақ пен қара... Мысал ретінде, әсіресе «Сталкер» фильмін атауға болар еді. Онда кейде түрлі түсті рең, тіпті жасыл түстің бояуын қанық беретіні бар. Ақ пен қараның айқасы өмірдің өз түсі. Мүмкін әділдік деген құтқарушы емес, айқас шығар?