Зерде • 30 Мамыр, 2024

Досай КЕНЖЕТАЙ: Қуғын көрген діндарлар саны толық анықталған жоқ

125 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлт тарихындағы қаралы кезең – өткен ғасырдың 30-жылдарындағы жаппай қуғын-сүргінде оқыған-тоқығаны бар, көзі ашық ұлт қаймақтарымен бірге елді имандылыққа ұйытқан дін өкілдері де солақай саясаттың құрбаны болды. Зұлмат науқанның ақиқаты әлі де толық ашылған жоқ. Осыған орай біз Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамындағы жұмыс тобының жетекшісі болған философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай КЕНЖЕТАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.

Досай КЕНЖЕТАЙ: Қуғын көрген діндарлар саны толық анықталған жоқ

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Досай Тұрсынбайұлы, сіз мем­лекеттік комиссия аясында дәстүрлі дін өкілдерін ақтау үшін зерттеу, қорытындылар мен ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобына жетек­шілік еттіңіз. Бұл бағытта қандай жұ­мыстар жүргізілді?

с

– Ең алдымен айтарым, бұл мем­лекеттік комиссия 3 жылдың ішінде көптен күткен өте маңызды әрі ауқымды іс­терді атқарды. Коммунистік-тота­ли­тарлық жүйе үстемдік құрған жылдары халқымыздың дінін сақтап қалу жо­лында еңбек етіп, сол үшін қуғынға ұшыраған қайраткерлерімізді зерттеуде жаңа әдіснамамен жұмыстар жүргізілді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі бүгінгі «Әділетті Қа­зақстан» тұжырымдамасын негіздеу тұрғысынан да өте маңызды. Себебі егемен еліміздің кешегі тоталитарлық жүйеден қалған саяси-идеологиялық нормалардан айығып, құқықтық мемлекет тұғырнамасын бекітуде бұл шара өте өзекті. Кеңестік режім кезінде билік жүргізген коммунистік партия миллиондаған адамды жазықсыз қырды, итжеккенге айдады. Оларды саяси, діни көзқарастары, әлеуметтік тегі, ұлттық-мәдени ерекшеліктеріне бола қуғын-сүргінге ұшыратып, зардап шеккізді. Бірақ бұл жұмыста тұтастай да, жекелей де фактілерді сая­си­ландырмауға, жау іздемеуге, бас­қа ұлттар мен мемлекеттерді кінә­ла­мау­ға, тек Мемлекет басшысы алға қой­ған міндет – саяси қуғын-сүргіннің жазық­сыз құрбандарына, соның ішінде халқы­мыздың дініне қатысты тарихи әділет­тілікті қалпына келтіруге, дә­лі­рек айт­қанда, құрбандар мен зардап шек­кен­дерді толық ақтауға назар аударылды.

1920–1950 жылдар аралығындағы қазақ қасіреті – адамзат тарихындағы орны толмас трагедиялық құбылыс. Тарихи әділеттілікті қалпына кел­тіру, ұрпақтар сабақтастығын жал­ғау мақсатында осындай адамзаттық, ұлттық, діни, өркениеттік қасіретті зерттеп-зерделеп, өткенге баға беру міндет. Ол – тағылған жалған айыптардан арашалау және ақтау арқылы жүзеге аспақшы. Сондықтан кеңестік қуғын-сүргін құбылысына лайықты құқықтық, саяси баға беру – ең алдымен мемлекеттің әрі қоғамның жауапкершілігіндегі мәселе.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бастамалары бұрын да болған. Мы­салы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы «1930–1950 жылдар арасындағы саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтауға қа­тысты қосымша шаралар», сондай-ақ 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қа­былданды. Ал бүгінгі кезекті қуғын-сүргін құрбандарын ақтау науқанының мақсаты осы құрбандар феномені туралы тарихи әділеттілікті толығымен орнатуды көздейді.

– Сталиндік саясат дінге және діндарларды не себепті жап­пай қуғындады?

– Мұның бірнеше себебі мен алғы­шарты бар. Оны пролетариат­ дик­татурасын орнатқан больше­визм­ көсемдерінің атеис­тік тұжырымдары мен тарихи ма­те­риалистік диалектика ұстаны­мы­нан байқауға болады. Большевиктер билікті қолына ала сала дінді «рухани қанаушылық» деп қарастырып, арнайы «жауыққан атеистік» идеология машинасын ойлап тапты. Дінді мемлекеттен ажырату, діни бірлестіктерді жабу және олардың мүлкін тәркілеу, атрибут-құндылықтарын жою жөнінде заң қабылдады. Өйткені діннің бәсе­келестік саяси ықпалы күшті еді.

Сондықтан әртүрлі заңдар, қаулы­лар, бұйрықтар, нұсқаулықтар шы­ғар­ды. «Құдайсыздар қоғамы», «Қосшы», «Қызыл отау» орталықтары, «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», басқа да ұйымдар мен басылымдар арқылы жүргізген үгіт-насихат салдарынан дінге қарсы жаппай науқан басталды. Жұма намазына бару, Айт мейрамын өткізу, балаларды сүндетке отырғызу, ораза ұстау, тағы басқа құлшылық амалдары мен діни әдет-ғұрыпқа ты­йым салынды, діни білім тоқтатылды. Барлық ғибадатхана мемлекет меншігіне өтіп, мәдени-ағарту орындарына берілді, тіпті кей жерде оларды қойма немесе мал қораға айналдырды. Білім саласында «Ғылыми атеизм» міндетті пәнге айналды. Дін қызметкерлері, молдалар мен ишандар, олардың отбасы мүшелері толық сайлау құқығынан айырылып, әртүрлі қуғын-сүргінге ұшырады.

«Дінмен күрес – социализм үшін күрес» деген ұран дінге қарсы қозғалыс тетігіне айналып, «құдайсыздар» қыз­меті белсендіріле түсті. Өндірісте, ұжым­шарларда, мектептерде құдай­сыз­­дар ұйымының ошақтары арнайы құрылды. Осылайша, дінмен идея­лық күрес, еңбекшілер санасында атеис­тік дүниетанымды қалыптастыру, дін­дар адамдарды құрықтау, атеистік әдебиеттерді шығару, т.б. ұстанымдар мен бағыттар саяси науқанға айналды.

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бас­тап мұсылман дін иелері ғана емес, сондай-ақ басқа да діннің өкіл­дері жаппай қуғын-сүргіннің қар­ма­ғы­на ілікті. 1937 жылы Қазақ өлкелік коми­теті «Діннің таптық мәнін тү­сін­діре отырып, дінге қарсы үгіт-на­си­хат­ты кең құлашпен жүргізу» тура­лы шешім қабылдады. Осы кезден бас­­тап «еңбекшілердің таптық жауы» ре­­тінде дін иелеріне қарсы қатаң жазалау ша­ралары жүргізілді. 1937–1938 жы­л­­­да­ры қазақ ауылдарындағы имам-мол­­далар­дың барлығы дерлік ұсталып, түр­меге жабылды не ату жазасына кесілді.

Дін мен діндарларға қарсы саяси қуғын-сүргіннің түрлері, жүйесі мен тетіктері көп. Олар «тап жаулары», «халық жауы», «қауіпті анти­советтік элемент», «зиянкес», «са­лық­­тан бас тартушы», «банда», «шайка», «басма­шы», «бүлікші», «ағылшын тың­шы­сы», «жансыз», «контра», «сабо­таж», «кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат­шы», «діни әдебиет таратушы», «пан­түркист», «исламшыл» (панисламист), т.б. жалған айыптармен қа­раланды. Елімізде мұсылман қауы­мына қарсы «Сопы операциясы», «Ишан­дар ісі», «Құран тізбегі», «Еділ-Орал операциясы» тәрізді арнайы іс-ша­ралар ұйымдастырылғанын айта кету керек.

– Комиссия жұмысы аясында көп зерттеу жүргіздіңіздер. Жалпы саны қан­ша діндар қуғындалған?

– Бүгінде жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандар, оның ішінде сотты болғандар, кейіннен ақталғандар, ақталмағандар саны туралы ақпарат бірізді емес. Себебі қазір 17 аймақ пен 3 қаладағы жұмыс топтарының зерт­теулері әлі аяқталған жоқ. Бірақ әзір­ге белгілісі – тек сотты болып ақталған­дар­дың саны болжаммен жеті мыңның шамасында.

Ал сотсыз атылған дін өкілдері әрі ақталмағандар саны нақты белгілі емес. Себебі архив материалдары толық сарапталған жоқ, олардың саны архивтермен ғана шектелмейді. Ешбір құжатсыз, тіркеусіз, есепсіз атылғандар қан­шама, олардың ақталғаны не ақтал­мағаны беймәлім. Ешбір негізсіз «үш­тік», «бестік», «екілік» трибунал негі­зін­де атылғандардың саны да толық сарапталмады.

Туған жерден босып, көшіп кеткен діндарлардың отбасылары, олардың ақ­талғаны не ақталмағаны туралы мә­лі­­мет те жеткіліксіз. Олардың ұрпақ­тарының тағдыры, моральдық, пси­хо­логиялық және материалдық зәбір көргендер әлі анықталу үстінде.

Айта кетер мәселе, архивтендіру ісін­дегі бір орталықтандырылған жүйе­нің болмауы да жұмысқа кедергі. Мысалы, облыстық архивтерде дерек­тердің жүйеленбегені өз алдына, кейбір құжаттар ауылдық, аудандық, кә­сіподақтық, шаруашылық базаларында іріктелмеген.

Қазіргі қолда бар мәліметтерге сүйенсек, дінге байланысты құрбан бол­ған, зардап шеккендердің жалпы саны шамамен 100 000 адам деп болжанып отыр. Алдағы уақытта осы ба­ғыттағы жұмыс жалғасын тапса, бас­қа да тың деректер табылады деп үміт­тенеміз.

– Саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын толық ақтау жөніндегі мемле­кет­тік комиссия жұмысы аяқталды ма? Әлде тағы жалғаса ма? Осыған орай айтар ұсыныстарыңыз бар ма?

– Дұрыс сұрақ. Мемлекеттік комис­сияның жұмысы біткенімен, боль­шевиктік-сталиндік қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау жалғаса беруі керек. Біз комиссия құрамында көп жұ­мыс істедік, алайда кезегін күткен іс әлі көп. Мысалы, құрбандардың са­нын толық анықтау, қуғын-сүргінге қатысты барлық архивтік құжаттарды құ­пия­сыздандыру, құрбандар отбасын­дағы шежірелерде сақталған деректерді тереңнен зерттеу қажет. Көптеген ­тарихи дерек шетелдерде жатыр. Оның бәрін толық қамти алмадық.

Мемлекеттік комиссия жұмысына қатысты өз ұсыныстарымды айтар­ болсам, біріншіден жетпіс жыл әміршіл-әкімшіл әдіске сүйеніп билік құрған тоталитарлық режімнің өз азаматтарына қарсы репрессиялық саясат ұстанғанын айқындайтын заңнамалық қана емес, дербес егемен мемлекеттің саяси шешімі болуы керек. Бұл ХХ ға­сыр­дың 20–50-жылдарындағы боль­ше­виктік-сталиндік режіммен ғана шек­тел­мейді. Әсіресе кеңестік биліктің дінге қатысты саясаты кейбір кезеңде жұмсарғанына қарамастан, кеңес ­өкі­меті құлап, коммунистік партия ­та­рағанша, адам мен азаматтың іргелі та­биғи құқықтарының бірі болып саналатын дін ұстану бостандығы қуғынға ұшырап келді. 

Екіншіден, Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия 80-жылдар­­­дың ­со­ңын­дағы КОКП ОК Саяси бюросы­ мен КСРО Жоғары Кеңесі қаулы­ларының және тәуелсіз еліміздің құр­бандарды ақтауға қатысты мемле­кет­­тік актілері­нің жалғасы санала­ды. Қазір біз дербес мемлекет ретін­­де халқымыз­дың дінін сақтау үшін күрескен, атыл­ған,  сотталған және қуғын-сүргін­нің басқа түріне ұшыраған қаһар­ман­дарымызды саяси тұрғыдан ақтауымыз қажет.

Үшіншіден, саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау бір науқандық шарамен шектелмей, онымен мемлекеттік орган және арнайы ғылыми институт айналысуы керек. Мемлекеттік комиссия аясында жиналған тәжіри­бе­мізді жан-жақты дамытуымыз қажет.

Төртіншіден, облыстық поли­ция­ департаменттерінің арнаулы архив­те­рінде ақтауға жатпайтын тұл­ғалар­ға қатысты қылмыстық істер­дің ­құ­жаттары бар. Ол тізім­дегі аза­мат­тар­дың құжаттары сақ­талмағандықтан, ақ­таудан тыс қал­ған. Кей жағдайда жер­гілікті тер­­геу органдарының қателігінен құр­бандарды ақтауға жатпайтын бап тағылып кеткен. Мысалы, Қазақстан аумағында күші  болған РСФСР ҚК 121-бабымен құпия мәліметті жария­ етті ­деген айып тағылады да, осы бап­тың 16-тармағындағы оның лауа­зымды тұлға еместігі естен шы­ға­ры­лады. Заңгерлердің араласуын, сараптамаларын қажет ететін осындай мәселелер баршылық.

Бесіншіден, «Қазақстандағы кіші қазан», «Алаш»  автономиясын жою және басқа құбылыстармен қатар, «діни көтерілістер» мен «басмашылық қоз­ғалыстар» ұлт-азаттық қырынан қа­рас­тырылып, өзінің саяси бағасын алуы керек. Ол әлі де толыққанды зерт­­телмей, шынайы бағасын алмай келеді.

Алтыншыдан, қуғынға ұшыраған дін қайраткерлерінің есімдері анық­та­лып жатыр, енді олар мәдени өмір­де, қоғамдық идеологиялық негізде ұлық­талуы керек. Көрнекті ғалым Талас Омар­бековтің айтуынша, халық көтері­ліс­тері­нің ауқымды бөлігі олардың діни құқықтарының өрескел бұзылуы салдарынан орын алған.

Жетіншіден, Әділетті Қазақстанды құру барысында тарихтың тағылымы бүгінгі заманның сұранысына жа­уап беруі керек. Сонда ғана одан адам мен қоғамға қандай да бір пайда ­болады. Жаңа әрі әділетті қоғам орнату шынайы әрі табиғи ұлттық негіздерді заманауи жаңғыртқанда жүзеге асады. Зерде сауығып, тәуелсіз сана жаңарады.

Сегізіншіден, қуғын-сүргін құрбан­дарын, соның ішінде Отанымыздың азаттығы, халқымыздың дінін сақтап қалу үшін күресіп құрбан болған қа­һар­мандарымызды тарихта да, ұрпақ жадында да сақтау мақсатында арнайы бағдарламалар, жобалар, танымдық, биографиялық томдықтар жасалып жатыр. Бірақ оны сараптау, талдау, ғылыми айналымға енгізу қолға алынуы керек. Өркениетті түрде насихаттап, бірізділікке салы­нуға тиіс.

Сөзімнің соңында айтарым, адамзат үш тарих тұғырын әрдайым тұтас қарайды. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ. Өткен шақ, осы шақ және келер шақ – адамзаттың тұтас уақыты. Бұл – атадан балаға, баладан немереге жалғасып жатқан сабақтастық ­деген сөз. Сабақтастық санасы болмаған жерде ұлттың мәдени, тарихи жады істен шығады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»