Қазақстан • 29 Мамыр, 2024

Ассамблеядағы міндеттер болашағымызды айқындайды

145 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сан-қилы қиын кезеңдердің куәсі болған, кең жазиралы қазақ даласы – түбі бір түркі халықтарының ата қонысы, ынтымақ пен татулықтың туы тігілген құтты мекен! Тарихта небір тар заманды басынан кешірген арғы бабаларымыздың татқан ауыртпалығы аз емесСол алмағайып заманда да Күлтөбенің басында күнде кеңес құрған батыр бабаларымыз үшін ел бірлігі мен ынтымағы ауадай қажет болды. Сол себепті де, Мәңгілік ел болуды аңсаған ата-бабаларымыздан «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мәні терең сөз қалған.

Ассамблеядағы міндеттер болашағымызды айқындайды

Қазақстан әлемде картасында ең көп этнос өкілдерінен құралған мемлекет ретінде ерекшеленеді. Соған қарамастан, сонау 20-шы ғасырда дамыған мемлекеттердің басы қазақ даласында 2010 жылы өткізілген Астана Саммитінде қосылып, Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуі – төрге шыққанмен пара-пар. 1995 жылы негізі құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына келесі жылы отыз жыл толады. Ел тәуелсіздігімен етене осы аралықта әлемдік аренада өз орнын қалыптастыра білген жаңа Қазақстанның алдағы межесі – жаһандану жағдайындағы жарқын болашағын айқындау. Егеменді еліміздің жарқын болашағын қалыптастыратын ойы озық, қиялы ұшқыр, жалынды да жасампаз жас буынның тобын қалыптастыру.

Көңілі дархан, пейілі кең, қазақ халқының табиғатында жөн сұраған жолаушыны «құтты қонақ» деп төр асыратын жақсы қасиет бар. Әу бастан атадан балаға жалғасып келе жатқан сол қонақжайлылық, бауырмалдық секілді асыл құндылықтарымыз еліміздегі этносаралық ынтымақ пен ауызбіршілікті ұйыстырумен келеді. Жер бетіндегі 256 ұлт өкілдерінің 50%-ы қазақ даласында тату-тәтті де жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқандығы соның бірден-бір айғағы.

2024 жылы 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. ... Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, дұрыс бағыт-бағдар беруі керек...», деп жастардың тәрбиесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтқан еді. Сонымен қатар Президенттің төрағалығымен 2024 жылғы 25 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында қоғамды ұйыстыратын ұлы бастамалар күн тәртібіне шыққан.

Щ

Ассамблея төрағасының негізгі тапсырмаларының бірі ретінде біздерге «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, ел арасындағы рухы биік, санасы тұнық, барлық этнос жастары арасынан «парасатты да адал азаматтарды» тәрбиелеп шығару жауапкершілігі жүктеліп отыр. Бүгінде рухы биік, санасы тұнық әрі қиялы ұшқыр жасампаз жастар еліміздің жоғары оқу орындары қабырғасында білім алумен қатар тәрбиеленіп жатыр. Жоғары білім мен саналы тәрбие алып шыққан жастар қанатын серпіп, үлкен өмірге жол тартады. Балапанның ұяда не көрсе ұшқанда соны ілетіні заңдылық. Сондықтан, жас ұрпақ алдындағы ұлы міндет ретінде «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» дегендей, қазіргі заман қағидаларына сай Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесін құрып, жастарымыздың санасына «Адал адам», «Адал еңбек», «Адал табыс» ұстанымын сіңіре білуге тиіспіз.

Әл-Фараби бабамыз тәрбиені білімнің алдына қойған болса, дана халқымыз «Тәрбие тал бесіктен» деп түйген. Ал хакім Абай өз заманында жастар тәрбиесіне орай, «... бес дұшпаның білсеңіз!, бес асыл іс көнсеңіз!» - деп, «Толық адам» концепциясын өсиет етіп өткен болатын. Мән берген адамға сол бес дұшпан бүгінгі күнде де жастардың жағасына жармасып, жарға жығып жатқаны жасырын емес. Осы орайда Президент Тоқаев: қазіргі жастарды тура жолдан адастырып жатқан «5 кесел» деп атап өткен болатын. Абай атамыз айтқан бес дұшпан (Нашақорлық, Лудомания, Вандализм, Буллинг, Ысырапшылдық.) бүгінде бес кеселге айналып, жастарымызды азғырып отыр.

2024 жылғы 22 мамырда «Тірегіміз тәуелсіздік», «Байлығымыз бірлік», «Мақсатымыз өрлеу» тақырыбында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының V сессиясы өтті. Сессия отырысында ел болашағы жолында қызмет ететін «адал азаматтарды» өсіріп шығару мәселесі көтеріліп, ол үшін келесі шараларды қолға алу керектігі ұсынылды.

  1. Жастардың «құқықтық», «қаржылық», «ақпараттық», «діни» сауаттылығын қалыптастыру.
  2. Жастарды ғылымға құштар, өнерге әуес, спортқа бейім етіп тәрбиелеу.
  3. Еліміздегі барлық ұлт өкілдері жастарына қазақ тілі мен қазақ халқының салт-дәстүрін ұстануды насихаттау.
  4. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, іскерлік қарым-қатынас орната білген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету. Алқалы жиында аталмыш ұсыныстар бойынша кешенді жұмыс бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Қорыта келгенде, қазіргі жаһандану жағдайында ұлт ретінде елдігімізді сақтап қалу үшін еліміздің жарқын болашағын құраушы жас буынның бойына рухани құндылықтарымызды сіңіру – мемлекеттік саясаттың межесі болып табылады.

        

 

Ғалымжан БИТҰРСЫН,

Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің проректоры