Пікір • 23 Мамыр, 2024

Президенттік институт – мемлекеттіліктің тірегі

49 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңі әлемде белең ала бастаған жаһандану үдерісімен тұспа-тұс келді. Бұл үдеріс өз болашағымыздың басты бағыт-бағдарын дербес айқындауымызды қиындатып жіберді. Себебі біз егемен мемлекет болуға ұмтылып, ұлттық мемлекеттілігіміздің негізін қалауға кіріскенімізде, әлемде ұлттық мемлекеттердің рөлін төмендетуге бағытталған үрдіс күшейе бастады. Оның үстіне халықты әбден мезі қылған коммунистік идеология мен «социалистік мұрадан» біржолата бас тартып, одан арылуға деген асығыстық тағы бар. Нәтижесінде, көп ойланбастан, «аттың жалында, түйенің қомында» нарық пен демократия­ны құруға кірісіп кеттік.

Президенттік институт – мемлекеттіліктің тірегі

Фото: kzkazan.ru

90-жылдары бірполярлы әлем­ге жаһандық көшу мен «транс­­ұлттық басқару» аясында геосая­си және геоэкономикалық жағ­дай тіптен ушыға түсті. Дүниежүзін­дегідей бұрынғы кеңестік кеңістік­те идеологиядан бас тартып, праг­матикаға ден қойған дәуір бас­талды. Ол адамдардың санасы­нан олардың даралығын, отбасы­лық дәстүрге деген берік­тігін, ұлт­тық патриотизм мен діни догма­ларды аластауға әкеліп соқты. Бұл адамның мінез-құлқын түбегей­лі өзгертті. Барлық салада стра­тегиялық екіұштылық үстемдікке ие болды. Демек осыдан да болар, тәуелсіздік жылдары көптеген мүмкіндікті жіберіп алғанымыз да, өкінішке қарай, белгілі.

Мұндай жағдайда ұлттық мемлекеттерден гөрі әлемдік немесе жаһандық Үкіметке басымдық беріліп, басқа мемлекеттердің тәуелсіз шешім қабылдау мүмкіндігі шектеледі және олардың әлеуеті әлсірейді. Ең алдымен бала тәрбиесі, яғни отбасы, білім жүйесі, рухани-мәдени құндылықтар мен билік нысанаға алынып отыр. Ондағы басты мақсат – ананың қырағы­лығы мен парасаттылығын жою; мұғалімнің ықыласын кетіру; көшбасшылардың абыройын түсіру. Бұл жерде ұрпақты жөнге салу мен оларды тәрбиелеу мәсе­лесін шешуді қосалқы дүние қатары­на қосып, ығыстырып, оны қоғам­ның назарынан тыс қалдыру әрекетін байқау қиын емес. Бұл үрдіс тәуелсіз Қазақстанға да өз салқынын тигізбей қоймады.

Міне, қазақ елінде осы түйткіл­дерді түсініп, сараптап, қорытып, оны мемлекеттілікті нығайту ісіне жұмылдыра алатын бірден-бір күш президенттік институт болып отыр. Осы тұста Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибеге әбден қанық адам ретінде әлемдегі ахуалдың, шын мәнінде, шектен тыс шиеленісіп кеткендігін, ондағы орын алып отырған жүйесіз сая­си ырықтандырулардың кез келген мемлекеттің ішкі саяси жағдайының тұрақсыздануына, тіпті мемлекеттіліктің жойылып кетуіне дейін әкелетінін жақсы түсінеді. Осындай жаһандану заманында қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып барады. Президент Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, «ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі».

Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер етіп жатыр. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар тамырымызды берік сақтауымыз қажет. «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениеті­міз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениет мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі», деді Мемлекет басшысы. Ендеше, бізге түбегейлі өзгеріс керек екені айтпаса да түсінікті. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімін де өзгертуге жұмыс істеуге тиіс. Сондықтан Тәуелсіздікті дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығару қажет. Ол үшін бізді қандай қауіп-қатер мен сынның күтіп отырғанын білгеніміз абзал. Мұндай бағыт-бағдарды прези­денттік институттың әлеуетінен, оны басқарып отырған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жүргізіп келе жатқан саясаты мен ұстаны­мынан көруге де, табуға да болады.

Конституциялық реформадан кейін заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін түбегейлі өзгерістердің керектігі күдік тудырмайтын қажеттілікке айналды. Президент Қ.Тоқаевтың бас­тамасымен елiмiзде кешендi реформалар іске асырылып жатыр. Бұл саяси өзгерістердің бас­ты бағытын Мемлекет басшысы анықтаса, артынша өткен референдум мен одан кейінгі президенттік сайлауда оны Қазақстан халқы қолдады. Президенттің басты ұстанымы – еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртып, табысты экономикалық реформа­ларды іске асыру арқылы қоғам­­дық сана-сезімді қолайлы әлеумет­тік-саяси жағдайда дамыту­ға қол жеткізу. Алға қойылған басты мін­дет – заман талабы­на бейім­дел­ген ұлттың жаңа бол­мысын қа­лып­тастыру. Ендеше, Мемлекет бас­шысының Құрылтай мінберінен ұсын­ған құндылықтарының ішінде заң мен құқықтық тәртіп – маңызды әрі негізгі сала. Олар барлық басқа құн­дылықты жү­зеге асыру үшін қажет. Аны­ғын­да, қоғам­дық өмір мен қатынас­тар үшін тіке­лей маңызды заң мен тәртіп­ке көп нәрсе байланысты. Ол әділетті қоғам орнату үшін қа­жет. Мұнда әділдік – қоғам дамуы­­ның маңызды шарты, ал әділет­­тілік халықтың тағдырын шешу­дің құралы ретінде ұлт бол­мы­сының жаңа қағидаттарын орнық­тыру міндетін орындауы керек. Тек жаңғырған қоғамда ғана жат әдеттерден біртіндеп арылып, сонда ғана адамның абыройы өспек.

Сонымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның дамуын тежейтін келеңсіздіктерден арылу үшін Қазақстанда «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесін берік орнық­тыру сая­­сатын қолға алды. Бұл бағытты іске асырудың бірден-бір тиімді тетігі ретінде Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың әлеуетін пайдала­нып, халықтың өзінің рухани бағ­дары­нан айырылып қалмауын қам­тама­сыз етіп, оны мемлекеттілік­тің негізін нығай­туға жұмылды­рып отыр. Ұлттық құрылтай ең алдымен азаматтық қоғаммен байланыс орнату­дың негізінде мемлекет жұмы­сы­ның ашықтығын, тиімділігі мен нәтижелілігін арттыр­мақ. Халықпен диалог орнатудың нәтижесінде қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалып, ең маңызды және басымдылығы бар іс-шаралар нақты айқындалып отыр. Онда көтерілген мәселелер және қолдау тапқан бастамалар мен ұсыныс­тар идеологиялық мәнге ие болып келеді. Ол өз кезегінде Тәуел­сіздікті қастер­леуге, хал­қы­мыздың әлеуметтік ұста­ны­мын ны­ғай­тып, бағдарланып, оның қоғам­дық үмітінің ақталуына оңтай­лы жағ­дай қалыптастырмақ. Осы­­лай­ша, ол ел азаматтарының бойын­­да рухани құндылықтар мен отан­с­үйгіштікке негізделген адам­гер­шіліктік қоғамдық сана-сезім­нің орнығуына оң ықпал етері анық. Соның нәтижесінде азамат­тар­дың өмірге деген ынтасы, құлшы­нысы мен жақсылыққа деген ұмтылысы­ның артатыны да ақиқат. Олай болса, Президенттік институт мемле­кет­тіліктің шын мәніндегі тірегіне айналып отырғандығы сөзсіз.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері