Тұлға • 16 Мамыр, 2024

Ауғанстанда шыңдалған азамат

603 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақпан айының 16-сы болатын. Жұмыс орнымызға аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов бас сұқты. Жанында Ауған соғысының ардагері, отставкадағы майор Камалбек Бектелеуов бар.

Ауғанстанда шыңдалған азамат

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Сонау 80-жылдардың басында КСРО-ның әскери оқу орындары бағдарламасына өзгеріс енгізіп, Ауғанстандағы соғысқа офицерлер даярлауға көшті. Соның бірі – Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласындағы жоғары әскери инженерлік-командалық училище. Осы оқу орнында Камалбек Бектелеуов те білім алған.

Мұнда сол кезде соғыс жүріп жатқан Ауғанстандағы 40-армия үшін кәнігі кәсіби командирлер даярланғаны құпия емес. Камалбек Нұриұлының айтуынша, училище курсанттары тікұшақтан басқа әскери техниканың барлық түрін игеріп, қару-жарақтың 70 түрінен оқ атуға машықтанған. Тәжірибелік оқу-жаттығу сабақтары Кавказдың ең биік таулы аймағында өткен. Төрт жыл бойы курсанттарға Ауған соғысының ардагерлері сабақ берді.

«Бастапқыда бұл оқу орнының Ауған­стан­дағы соғыс үшін офицерлер даярлайтынын білген жоқпын. Мұнда оқуға түскен бозбала алғашқы 3 ай бойына «Жас жауынгер курсы» деген арнайы дәріс тыңдайды. Үш айдан соң алдыңда таңдау тұрады – не Ауғанстанға барасың, не тылда қаласың. Мен интернационалдық борышымды өтеуге бел будым. Сөйтіп, инженер-сапер мамандығы бойынша әскери кәсіпті меңгеруге кірістім», дейді К.Бектелеуов.

Бұл училищеге Камалбек Нұриұлы 1980 жылы оқуға түскен. Оның кіндік қаны Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Нұржау ауылында тамған. Осындағы В.Ленин атындағы орта мек­тепті бітірген. Бала кезінен әскери маман болуды армандаған ол Горькийдегі әскери училищені үздік бітіріп шықты. Негізінен, бес жыл білім алуға тиіс еді. Алайда әскери оқу ордасында төрт жыл оқыған. Тәртіп солай болған. Есесіне қысқа мерзім ішінде кәнігі кәсіби офицер атанды.

Лейтенант шенін алған жас офицер алдымен Смоленск облысының Гагарин қаласындағы әскери бөлімде взвод командирі болды. Көп ұзамай Солтүстік Кавказ әскери округіне қарасты Капустин Яр сынақ полигоны­на жіберілді. Астрахан облысының аумағында орналасқан әскери бөлімде рота командирі боп тағайындалған жас жігіттің қазақ топырағына да табаны тиді. Атырау аймағының Азғыр, Тайсойған, Жамансор әскери сынақ алаңдарында болып, әртүрлі әскери зымыранды және әскери бронды техниканы сынақтан өткізу жаттығуларына қатысты. Ал 1984 жылдың желтоқсанында лейтенант Камалбек Бектелеуов әріптестерімен бірге Ауғанстанға аттанды.

Кеңес армиясының 139-гвардия­лық инженерлік-саперлік батальоны 56-жеке гвардиялық десанттық шабуылдау бригадасының құрамында болып, Пактия провинциясының Гардез қаласына келіп тұрақтады. Бұл батальонның алдында Гардез, Кабул, Хост қалалары аралығындағы кеңес әскерлері техникасының, жүк тасымалының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тас жолдар мен оның маңын минадан тазарту міндеті тұрды. Әскери училищеде төрт жыл бойына алған теориялық білімі мен меңгерген оқу-жаттығу тәжірибесінің сыналар шағы келді. Күніне 90-100 шақырым жол жүріп, аймақты минадан тазартады. Жолай көшті тексеріп, қару-жарақ, есірткі тасымалына да тосқауыл қояды.

Ауған жеріне аяқ басқан сәттен үш күн өткенде Камалбектің әскери құрамасы «Завеса» атты әскери операциясына қатысты. Алғашқы әскери тапсырманы орындауға аттанып бара жатқан ротаның 72 сарбазы үлкен сынақ күтіп тұрғанын, әрине білген жоқ. Бар білетіні – трасса төңірегінде 17 мыңға тарта моджахедтің бой тасалағаны. Соның 600-ге жуығы Гардез бағытындағы әскери құрамаларды аңдып жүрген-ді. Міне, сол 600 моджахед дәл лейтенант Бектелеуовтің ротасына шабуылдар деп кім ойлаған?

Сол күні Камалбектің ротасы тос­қауыл­ға қалған-ды. Инженер-сапер, десантшылар мен сарбаздардан құралған аз ғана топтың мықтап бекініп, аз-кем тыныстағаны сәті еді. Дәл осы сәтте моджахедтер тұтқиылдан лап қойды. Батальонның 70-ге жуық жауынгерінің көзін жойып жібермек. Жас жауынгерлер мина қойылған алаңға тап келді. Моджахедтермен ұрыса жүріп, бір мезгілде жолды аршуға бұйрық берген рота сардары 16 саперінен айырылды. Кескілескен ұрыс үстінде рота командирінің өзі де қаза тапты. Ротаны басқаруды қолына алған лейтенант Камалбек Бектелеуов қоршауды бұзып-жарып, қалған әскерді алып шығуды ойлады. Бірақ қарсы жақ бас көтертпей, өрімдей жас өрендердің бірінен соң бірін баудай түсіріп жатты. Соған қарамастан, қарша бораған оқтың астында өлімге бас тіккен сарбаздар алаңды минадан тазартты. Жол ашылып, аман қалған алты адам кері шегінді. Тосқауылға болған 72 жауынгердің 66-сы көз жұмды. Осыдан-ақ К.Бектелеуов басқарған бөлімше үшін алғашқы шайқастың қаншалықты ауыр болғанын аңғару қиын емес. Кейін рота құрамы мемлекеттік наградаға ұсынылды. Лейтенант Камалбек Бектелеуов 1985 жылдың ақпанында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Екінші үлкен жауынгерлік тапсырманы орындағаннан кейін ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 1987 жылы Ауғанстанан аман оралған Камалбек Бектелеуов әскери қызметін Мәскеу қаласында жалғастырды. Бұл кезде аға лейтенант шенін алған ол кеңестер одағы Қарулы күштерінің бас штабын автокөлікпен қамтамасыз ететін батальон командирінің орынбасары болды. Алты айдан кейін капитан шені берілді. Бас штабта қызмет ете жүріп, 1991 жылдың тамызында мемлекеттік төңкерістің куәсі болды. Сол сәтте «төтенше өкімет» Камалбек қызмет етіп жүрген дивизия командирі Захар Бондаренкоға алаңға әскер шығару жөнінде бұйрық береді. Бірақ дивизия командирі бұйрықты орындаудан бас тартады. Сол себептен, ол өзге офицерлермен бірге қамауға алынды. Камалбек Бектелеуов те әріптестерімен бірге Мәскеудегі Лубянка түрмесінде жеті күн жатты. Кейін бәрі босатылып, дивизияға оралды. Сол кезде ол екінші рет «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болды.

Одақ ыдыраған соң Камалбек Бек­те­леуов гвардия майоры шенінде отставкаға шығып, елге келді. Ауған соғысында ие болған наградасына қоса «Жауынгер-интернационалист», «Ауған халқының атынан алғыс», «Ұрыс әрекеттерінің ардагері», «КСРО Қарулы Күштеріндегі 10 жыл мінсіз қызметі үшін», Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» секілді медальдармен марапатталды.

 

Ербол ҚОШАҚАНОВ

 

Атырау облысы,

Жылыой ауданы