Талбесік • 06 Мамыр, 2024

Елордалықтар өнегесі

56 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сәуірде «Таза Қазақстан» деген ұранмен басталған республикалық экологиялық акция мамырға дейін жалғасты. Өңір-өңірде қала, ауылды күл-қоқыстан тазартуды ойлаған тұрғындар, еңбек ұжымдары, жастар сенбілікке белсене қатысты.

Елордалықтар өнегесі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Сәуір болмай, тәуір болмас» деген. Көкек айында ауылдағы ағайын құрал-сайманын түгендеп, еңбекке қамданады. Осы мезгілде қала тұрғындары да сен­білікке шығып, қаланы күл-қоқыстан тазартуға, көшет отырғызуға кіріседі. Бұл жолы қаламен қатар ауыл тұр­ғын­дары да тазалық акциясынан қалыс қалмауға тырысты. Бес аптаға жалғасқан эко­логиялық науқанның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналды. Осы орайда Астанада «Таза Қазақстан. Астана – таза­лық пен тәртіптің үлгісі» деген атаумен жалғасқан акцияға журналистер де жұдырықтай жұмылып, қолдау көрсетті. Сенбілікте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымымен бірге «Журналистер саябағын» тазалады. Журналистика және саясаттану факультетінің оқытушылары және сту­денттерімен бірге келген факультет деканы Қайрат Сақ редакциямен әріптестік байланыс үзілмейтінін айтты.

«Бүгін «Таза Қазақстан» респуб­лика­лық акциясы аясында Журналистика және саясаттану факультеті мен «Қазақ га­зеттері» ЖШС ұжымының арасында байланыс берік екенін тағы бір көрсетіп, «Журналистер саябағына» ұжымдастармен, студенттермен келдік. Биыл Журналистика және саясаттану факультетінің құрылғанына – 14 жыл. Бір жағы факультетке өзімізше осылай тарту жасауды ұйғардық. «Журналистер саябағы – факультеттің, ұжымның да саябағы. Сенбілікке келуге ниет білдірген студенттердің көбі бұрын-соңды саябаққа келмепті. Сәйкесінше олар «Журналистер саябағына» бару туралы ұсынысты бірден қуаттады», деді Қ.Сақ.

ва

Сенбілікке келген студенттердің арасында Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті Нұрайлым Амангелдіқызы бар. Ол Баспасөз және бас­па ісі кафедрасынды оқиды.

«Топтағы студенттердің «Журналистер саябағына» сенбілікке барамыз деген ұйғарымын бірден құптадым. Бір жағы аллеяны тамашалап, екіншіден, «Egemen Qazaqstan» газетінің мекенжайын білгім келді. Баспасөз және баспа ісі кафедрасында білім алып жатқан соң, газеттің тарихынан хабардармыз. Бүгін басылымда еңбек ететін бірнеше аға буынмен жүз­дестік. Келешекте осы басылымда ең­бек етуді қалайтын қатарластарым көп. Мен де солардың қатарындамын», деді Н.Амангелдіқызы.

Сенбіліктен кейін университет пен басылым ұжымы естелік суретке түсіп, жылы лебіз, ықылас-ниет білдіріп тар­қасты.

Осы күні мәслихат депутаттары Бай­қоңыр ауданы өмірлік жағдайы қиын балаларды қолдау орталығының төңірегін тазалады. Қонақтарды директордың міндетін атқарып жүрген маман Аягөз Нәбиева қарсы алып, мекеменің жұмысы туралы аз-кем ақпарат берді.

«Бізге зорлық-зомбылық көрген балалар, девиантты мінез-құлқы бар балалар да келеді. Бүгінде орталықта 70 ба­ла тір­келген, оның 44-і – тұрақты, 36-сы – уақытша тұратындар. Бүгінгі сен­білікке қа­лалық мәслихаттың депутаттары келіп, балалармен бірге көшет отырғызды. Мекеменің ауласын тазалауға жәрдемдесті. Қалалық мәслихаттың, біздің бас­тамамызбен іске асып жатқан бұдан өзге де іс-шаралар көп», деді А.Нәбиева.

Экологиялық акцияда елорда тұр­ғындары «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығының аумағына ағаш отырғызды. Бұл іс-шараға атал­ған ме­кеменің, Алматы ауданы әкім­ді­гінің қыз­меткерлері, «Жас сарбаз» қозғалысының тәр­биеленушілері, жастар ұйымының өкілдері, қоғам қайрат­керлері мен еріктілер жиылды. Осы тұста «Нұрлы жүрек» әлеу­меттік қызмет көрсету орталығының ди­рек­торы Нұр­бол Зұлқарнаев қала тұр­ғын­дарын эко­логиялық акциядан құр қал­мауға шақырды.

«Әрбір азамат қаланың көркеюіне үлес қосуға міндетті деп білеміз. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Нұрлы жү­рек» орталығының аумағында 40 алма ағашы отырғызылды. Біздің орталықта 271 бала арнайы әлеуметтік қызмет алады. Енді келешекте олардың өз алма бағы болады деп үміттенеміз. Біз әр бейсенбіде қосымша экоакция өткізіп, аумақты тазалаймыз. Әрқайсымызда азаматтық сана болуы керек. Тазалық сақтап, қаланы ретке келтіруіміз қажет», деді Н.Зұлқарнаев.

«Өнегелі ұрпақ» деп аталатын апталық­та қала тұрғындары ардагерлердің, қарт­тар үйінің аумағын абаттандыруға жәр­демдесті. Мысалы, Жастар саясаты мә­се­лелері басқармасының маманы Әлі­бек Жүсіпов бастаған жастар экоапта ая­сында 4 мектептің ауласымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ағаш отырғызған. Осы апталықта Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, елге танымал кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Емберді төбе көрсетті. Белгілі спортшылар Астана маңындағы «Светоч» балалар үйінің жа­нындағы орта мектепте сенбілік ұйым­дастырды.

«Таза Қазақстан» деп аталатын ауқымды экологиялық акцияның төртінші аптасы «Өнегелі ұрпақ» ұранымен өтіп жатыр. Елорда тұрғындары ардагерлердің, балалар мен қарттар үйінің аулаларын та­залап, абаттандырды. Экологиялық ак­цияға біз де өз үлесімізді қосуға тырысып жатырмыз. Әріптестермен ақылдаса келе, Астана маңында орналасқан «Светоч» ба­лалар үйіне келдік. Бұл балалар үйінде қазір 19 бала тәрбиеленеді екен», деді В.Левит.

«Тазалық таза жерде емес, тазалық сақтаған жерде болады» деген. Бір емес, бірнеше аптаға жалғасқан сенбіліктердің басты мақсат-мұраты да тұрғындарды тазалық сақтауға шақыру болғаны белгілі.