Қоғам • 03 Мамыр, 2024

Мобильді төлем неге төмендеді?

104 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылға дейін еліміз цифрландыру бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында көшбасшы болғанын мақтан тұтып келдік. Алайда биыл цифрландыру саласында одан әрі ілгері басудың орнына, бір қадам артқа шегініп кеткендейміз.

Мобильді төлем неге төмендеді?

Фото: freepik.com

Себебі былтыр екін­ші деңгейдегі банк­тер мобильді төлем жүйесін енгізгендіктен, әмияны­мызды сандыққа тас­тап, қалтамызға қағаз ақша салып жүруді мүлдем доғарған едік. Мұның өзі қоғамдық көлікте қалта ұрыларынан сақтанып жүруді жеңілдетіп, қараңғы көшеде қолыңдағы сөмкеңді жұлып алып қашатын тонаушылардың қаупін де сейілткендей болған. Өкінішке қарай, осы жылдың басынан бастап салық органдарының мобильді аударымдарды жаппай бақылауды енгізгенінің салдарынан бәз-баяғы  қалпымыз­ға қайта түстік. Үйіміздің сан­техникасы мен газ қондырғы­сын жөндеуге шақырған мамандар да, көшеде қол көтеріп тоқтатқан такси жүргізушілері де енді мобильді төлем арқылы есеп айырысудан бас тартып, қолма-қол ақша сұрауға көш­ті. Сондықтан сандықтың түбін­де сарғайып жатқан әмия­нымызды іздеп тауып алып, ішіне қағаз ақша салып, көбі­несе бірге ала жүретін бол­дық. Соның салдарынан еліміз­де жыл басынан бері мобиль­ді төлем жасау 30 пайызға төмен­деген, ал қолма-қол ақшаны пайда­лану сонша көлемде өс­кен болып шықты. Мұның өзі қар­жы саласын одан әрі цифр­лан­дыруға теріс әсерін тигізетіні анық.

Қаржы министрінің 2022 жылғы 29 наурыздағы №323 бұйрығымен бекітілген «Жеке тұлғалардың банктік шоттарында жүргізілетін опера­цияларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу өлшемшарттарына» сәйкес жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша жүр­гізі­­летін операцияларды кә­сіп­керлік қызметті жүзеге асыру­­дан кіріс алу белгілері бар опе­рацияларға жатқызу өлшем­шарты 1 жеке тұлғаның қатары­нан күнтізбелік 3 айдың әр­қай­сысының ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банк шотына ақша қаражатын алуы болып саналады.

Осыған орай жуырда Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» Қазақстанның демо­кратиялық партиясы фрак­циясының депутаттары Үкі­метке депутаттық сауал жолдап, аталған өлшемшартты өзгер­туді ұсынды. Депутат­тардың салық органдарына сілтеме жасап айтуынша,  бір ай ішінде жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақы, немесе 255 мың теңгеден асатын 100 және одан да көп адамнан мобильдік аударым түсу мониторингке, яғни бақылауға алуға негіз болады. Бұл ретте аударымдардың төменгі шегі анықталмағандығы барлық аударымның, тіпті 100-200 теңге мөлшеріндегі ең аз аударымның да бақылауға алынатындығын білдіреді. Ал Ресейде 2020 жылдан бастап мобильді төлемдерді бақылаудың басқа әдісі сәтті қолданылып келеді. Атап айт­қанда, көршілес елде күніне 30-дан астам аударым алатын адамдар ғана бақылауға жатады. Оның үстіне әр аударым сомасы 1 мың рубльден астам және олардың жалпы сомасы айына 1 млн рубльден астам болуға тиіс. Ресейліктердің осы тәжірибесін тілге тиек еткен мәжілісмендер мобильдік аударымдарды бақылауды олардың жалпы сомасы айына 1,5 млн теңгеге жеткенде ғана жүргізуді ұсынды.

Үкімет депутаттарға қай­тар­ған ресми жауабында атал­ған ұсынысты «салық салу­дың әділдігі қағидатына қайшы келетіндігі» себепті қолдамайтындығын білдірді. Сонымен қатар «Мобильді төлемдерді бақылау жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіп­керлерді анықтауға бағыт­талған. Өйткені көптеген кәсіп­кер тауарлар, жұмыстар мен қыз­меттер үшін төлемді кәсіпкер­лік қызметке арнал­маған жеке шот­тарға мобильді аударымдар жасау арқылы алады. Бұл ретте бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Жеке тұлғалар өздері­нің жеке мақсаттары үшін (туыс­тарына, достарына аударым­дар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмір­лік жағдайлар бойынша) мобиль­ді аударымдар жасай және қабылдай алады», деп мәлімдеді.

Қалай болғанда да, мобиль­ді аударымдарды жаппай бақылаудың енгізілуі қаржы саласын цифрландыруда қол жеткен жетістіктің құнын кетіріп, адамдарға қайтадан қолайсыздық туғызып отырғаны қынжылтпай қоймайды.