Медицина • 03 Мамыр, 2024

Радиобиологиядағы ізденістер

61 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Астана медицина университетіндегі Радиобио­логия және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Атаулы күн қарсаңында саланы зерттеп-зерделеп, тақы­рыптың тереңіне бойлаған ғалымдар ғылыми ізденістерін ортаға салды.

Радиобиологиядағы ізденістер

Фото: ru.freepik.com

«Қазақстанның уран және мұнай өндіретін өңірлеріндегі медициналық-биологиялық және экологиялық мәселе­лері» атты X республикалық конференцияның ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұр­қан Сәдуақасов орталықтың отан­дық ғылымды дамытуда маңы­зы айрықша екенін атап өтті.

– Радиобиология және радиациялық қорғау ғылы­ми-зерттеу институты Үкі­мет алға қойған маңызды мін­деттерді орындауға кө­мек­тесіп келеді. Айталық, инс­титуттың ғылымға қажет­ті кадрларды даярлауда септігі мол. Халықаралық қызмет бағытында да елеулі жетістіктері бар. Мәселен, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігімен қоса Жапонияның және Ре­сейдің ғылыми-зерттеу институттарымен бірнеше келісім жасалды. Мұны, әри­не, сәтті қадам деп айтуға болады, – деді Н.Сәдуақасов.

Астана медицина универ­ситетінің ректоры Камалжан Надыровтың айтуынша, оқу орнындағы бірегей орта­лық ғылыми-зерттеу жұмыс­тары­на белсенді аралады.

– Қазір бейбіт атомды ме­­ди­цина мен өнеркәсіпте қол­дануда экологиялық жағ­дайды, адамның қауіпсіз­дігін еске­ру қажет. Бұл – бү­гінгінің басты талабы. Осы бағытта Астана медицина университетінің Радио­биология және радиа­ция­лық қорғау ғылыми-зерт­теу институты нәтижелі жұ­мыс істеп келеді. 20 жыл бұ­рын құрылған институт медицина ғылымына үлес қосып, университеттің құрамында жоғары білікті маман да­йындайтын еліміздегі іргелі зерттеу орталықтардың біріне айналды. Біз бұл институттың жұмысын ғылыми-әдістемелік координациялық орталық ретінде жоғары бағалаймыз, – деді К.Надыров.

Конференцияда иондау­шы сәулеленудің ша­ғын до­за­ларының радио­био­ло­гия­лық әсері, радиоэко­ло­гия­лық ахуалға қатысты тың де­рек­­тер ұсынылды. Сон­дай-ақ қызметкерлерді радиа­ция­­лық қауіптен қор­ғау, ра­диа­циялық қауіпті нысан­дардың аймағында тұратын халықтың денсаулығы тура­сын­да өзекті мәселелер талқы­ланды. Бұған қоса, иондау­шы сәулеленудің төмен деңгейі­нің биологиялық әсері, кәсі­би сәулеленуге ұшыраған адам­д­ардың және техногенді өзгерген радиациялық фоны бар аумақтарда тұратын ха­лықтың саулығын бағалау, уран және мұнай өндіретін өңір­лердегі радон қауіпсіздігі тура­сында түйінді дерек пен дәйек айтылды. Мамандар қор­даланған мәселелерді ашып көрсетумен шектелмей, ше­­шімін де қарастырды.

Ақпарат үшін айтар бол­сақ, аталған институт 2004 жы­лы Радиобиологиялық ғылы­ми-зерттеу орталығының негі­зінде профессор Полат Қа­зым­бетұлының бастамасы­мен құрылған. 2010 жылы атауы Радиобиологиялық зерт­теулер институты болып бекісе, 2014 жылы Радиобио­логия және радиациядан қор­ғау институты ретінде трансформациядан өткен.