Пікір • Кеше

Әділет – сенімнің іргетасы

8 мин
оқу үшін

Бүгінгі әлемде елдің шынайы әлеуеті оның институттарының сапасы, заңдарының әділдігі, қоғамының сенімі және ұлттық мақсат жолында жұмыла білу қабілетімен айқындалады.

Әділет – сенімнің іргетасы

Фото: А.Байжұманов

Тарихқа зер салсақ, мемлекеттер көбіне сыртқы жаудан емес, ішкі сенімнің төмендеуінен әлсіреген. Заңға сенім азайса, тәртіп босаңсиды. Тәртіп әлсіресе, даму баяулайды. Даму баяуласа, қоғамның ертеңге деген үміті кемиді. Сондықтан әділет ұғымы еліміз үшін жай ғана саяси ұран емес, мем­лекеттің ұзақмерзімді өміршең­дігі­нің басты шартына айналып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформаларының түпкі мәні де осында. Мемлекет басшысы «Amanat» партиясының тарихи қызметіне баға бере отырып: «Партия мемлекетімізді жаңғыртуға, Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қосты», деп атап өтті. Бұл – бір партияның ғана еңбегіне айтылған алғыс емес. Бұл – тәуелсіз елдің белгілі бір кезеңіндегі мемлекетшілдік дәстүрге берілген саяси баға.

Ал енді уақыт жаңа міндет қойып отыр. Конституция күшіне енер кезеңде елі­міздің саяси жүйесі де са­палануы тиіс. Конституциялық заң­дар қабылданды, мемлекеттік бас­қарудың берік жүйесі қалып­тасып келеді. Мұндай жағдайда саяси партиялар бұрынғыдай тек сайлау науқаны кезінде көрінетін ұйым емес, қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты сенім көпіріне айналуы қажет.

Мемлекеттік басқару­дың жаңа жүйесін қамтамасыз ететін Конституция елде тың дәуірді бас­тайды. «Әділет» партиясының ІІ съезін­де ұйым төрағасы Айбек Дәдебай: «Біз бүгін Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланып жатқан тарихи сәтте бас қосып отырмыз», деп осы тарихи сәттің маңызын дәл сипаттады. Бұл сөздерде жай ғана сая­си мә­лім­деме емес, жаңа кезеңнің жауап­­кершілігін сезіну бар. Өйткені жаңа Конс­титуция – тек құқықтық құжат емес. Ол – жаңа қоғамдық келісім­нің негізі. Ол – азамат пен мем­лекет­тің өзара жауапкершілігін қайта пайым­дау. Ол – биліктің де, қоғам­ның да, партиялардың да жаңаша жұ­мыс істеуін талап ететін тарихи меже.

Әділет – тек моральдық құнды­лық емес. Ол – экономикалық өсудің, қоғамдық тұрақтылықтың және ұлттық қауіпсіздіктің де не­гізі. Әлемдік тәжірибе мұны талай рет дәлелдеді. Оған жақында жұ­мыс сапарымызбен барып келген Жа­пония да дәлел. Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін бұл ел күйреген экономикамен, қираған қалалармен, ауыр тарихи жарамен қалды. Табиғи ресурсы мол емес, аумағы шектеулі мемлекет еді. Бірақ Жапония қоғамды тәртіпке, білімге, еңбек мәдениетіне және институционалдық тұрақты­лыққа жұмылдыра алды. 1955 жылы құрылған Либералдық-демократиялық партия елдегі саяси тұрақтылықтың және ұзақмерзімді даму стратегиясының өзегіне айналды. Жапониядағы ЛДП-ның феномені бір партияның ұзақ уақыт билікте болуында ғана емес. Оның басты сабағы – партияның кадр даярлау мектебіне, аймақтармен тұрақты байланыс орнататын институтқа, ұзақмерзімді даму стратегиясын қалыптастыратын саяси механизмге айналуында. Жапонияның экономикалық ке­реметі зауыттардан ғана емес, сенім­нен, тәртіптен және институцио­налдық сабақтастықтан басталды.

Сингапур тәжірибесі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Табиғи ресурсы жоқ шағын арал мемлекеттен әлемдегі ең бәсекеге қабілетті орталықтардың біріне айналды. Оның табысының негізінде меритократия, жемқорлыққа төзбеушілік, ұзақмерзімді жоспарлау, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі тұрды. Сингапур көрсеткен басты са­бақ мынау: аумағы шағын мемле­кет те, егер ережесі әділ, институты тиімді, кадры сапалы болса, жа­һан­дық деңгейдегі табысқа жете алады.

Малайзияның жолы да бізге ой саларлық. Малайзия шикізатқа ғана сүйенбей, өңдеу өнеркәсібі мен адам капиталын дамыту арқы­лы жаңа экономикалық модель қа­лыптастыруға ұмтылды. Бұл тә­жі­рибенің де түйіні анық: даму үшін саяси ерік, тәртіп, ұзақмерзім­ді бағ­дар және қоғамды ортақ мақсат­қа­ жұмылдыратын институттар қажет.

Осы елдердің барлығын бірік­тіретін ортақ заңдылық бар. Олар дамуды кездейсоқ табысқа емес, әділ ереже мен сенімге құрды. Бүгінгі Қазақстан да дәл осындай тарихи таңдау алдында тұр. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай съезде: «Бүгінгі қоғамдағы әділдікке деген сұраныс ерекше жоғары. Азаматтар ұран сөздерді емес, нақты нәтижелерді күтеді», деді. Бұл – бүгінгі қоғамдық көңіл-күйдің өте дәл сипаттамасы.

Парламенттің VIII шақырылы­мы жұмыс істеген кезеңде 400-ден аса заң жобасы түсіп, 300-ден аса құжат Сенатта қаралып, 280 жуығы заңға айналды. Әр заң жобалары бойынша мыңдаған өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – Парламенттің кейінгі жылдардағы заңнамалық жұмысының ауқымын көрсететін дерек.

Жаңа саяси кезеңде Парламент­тің де, партиялардың да, мемлекет­тік органдардың да ортақ міндеті – қабылданған заңдардың орындалуына жүйелі мониторинг жасау. Әсіресе әлеуметтік сала, өңірлік даму, кәсіпкерлікті қорғау, білім, медицина, цифрландыру, су және энергетика қауіпсіздігі бойынша қабылданған нормалардың нақты нәтижесін бағалау қажет.

Партия жұмысы да осы өлшем­мен бағалануға тиіс. Партияның күші оның мүшелерінің санымен ғана өлшенбейді. Партияның күші оның өңірлердегі беделімен, азаматтың мәселесін шешу қабілетімен, кәсіби кадр даярлауымен, заң шығару үдерісіне қосқан нақты үлесімен өлшенеді.

«Amanat» осы жылдары үлкен ұйымдық мектептен өтті. Оның өңірлік желісі, Парламенттегі тәжіри­бесі, мемлекеттік реформа­лар­ға қатысуы, кадрлық әлеуеті – елдің саяси өміріндегі маңызды капитал. Енді осы капитал «Әділет» партиясының жаңа миссиясымен тоғысатынына сенім зор.

Президенттің «Amanat» партиясына алғыс білдіруі де осы сабақтастықты көрсетеді. Мемлекет басшысы партия мүшелерінің «Әділет» құрамында Отан игілігі жолындағы белсенді әрі нәтижелі қызметін жалғастыратынына сенім білдірді. Бұл жерде үлкен саяси мән бар.

«Amanat» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – тар пар­тиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім», деп Айбек Дәдебайдың айтуы, бүгінгі өзгерістің саяси философиясын дәл ашады. Өйткені кейде ел тарихында ұйымдық есептен ұлттық мүдде биік тұратын сәттер болады. Кейде саяси күштердің өзара бәсекесінен гөрі елдің ұзақмер­зімді тұрақтылығы мен дамуы ма­ңыздырақ болады. Кейде пар­тия­лар өз болашағын емес, мем­лекет­тің болашағын ойлауы керек. Мемлекетшілдік дегеніміз – дәл осы.

Жаңа «Әділет» партиясының алдында үлкен міндет тұр. Ол Президент реформаларының саяси тірегі болумен қатар, қоғам сенімінің тірегіне айналуға тиіс. Яғни Астана төрінде ғана емес, өңірлерге жақын болып, заң шығару жұмысына мазмұн қосуы керек.

Жаңа Конституция бастайтын дәуірдің басты талабы да осы. Әділет арқылы сенімді нығайту. Сенім арқылы мемлекетті күшейту. Мемлекетті күшейту арқылы ұлттың болашағын қамтамасыз ету.

Тарих бізге талай рет дәлелдеген ақиқат: мемлекеттердің болашағын партиялардың саны емес, олардың сапасы айқындайды. Заңдардың көптігі емес, олардың әділ орындалуы айқындайды. Экономиканың көлемі емес, қоғамдағы сенімнің беріктігі айқындайды. Ал сенімнің ең берік іргетасы әрқашан әділет болып қала береді.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар