Халық • 01 Мамыр, 2024

Асыл қасиет арнасы

123 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірлік күні қарсаңында осы мерекенің мемлекет үшін маңыздылығын айқындайтын «Бізді не біріктіреді?» деген сұрақ туады. Ұлттық бірегейлік пен бірлікті сақтау қазақ даласында түркілер дәуірінен бастау алған. Бізді біріктіретін күш – ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер, барлық ұлттарға ортақ құндылықтар.

Асыл қасиет арнасы

Тәуелсіздік – біз үшін ұлы ұғым­дардың бірі. Оның құнын да, пайдасын да, қасие­тін де біле­міз. Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген­нен гөрі, оны мәңгі ұс­тап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кеш­­кен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай ел­дің тағдырын құрдымға жібер­ген. Сондықтан елімізде тұрып жатқан этностардың ішкі тату­лығын көздің қарашығындай сақ­тай білу керек.

Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Қазақстанда тұрып жатқан этнос­тардың ұлттық құнды­лық­тары мен салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды.

Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйытқысы болу міндетін алдымен осы ата­мекеннің иесі – қазақ халқы өз мойнына алу керек. Әділетті Қа­зақстанды құру үшін біз ке­лі­сім саясаты мен парасатты ұлттық стратегиямызды іске асыруы­мыз қажет. Бұл жұмыстың басында Қазақстан халқы Ассам­б­леясы тұр. Кейінгі кезде Қа­зақстан халқы Ассамблеясына қатысты қоғамда түрлі сыни пікір жиі көрініс беріп жүр. Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясының жол бастаушысына айналған Ассамблея арқылы әрбір эт­нос­тың мүддесі қорғалады. Ассамблея – тәуелсіздігіміздің құндылықтарының бірі, елдің қуатты бірлігі. Әрине, уақыт талабына сай, ҚХА жұмыс форматын өзгерткені жөн. Еліміздің сая­си жүйесі жетілдіріліп жат­қан кезде Ассамблеяның жұ­мысын ұйымдастыру жолдарын қайта қарау қажет. Ең алдымен, этнопопулизмге жол бермеу керек. Халықтың арасында іріткі салатын өте қауіпті бұл дерт бар жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Бұл – өтірік уәде беретін, даңғаза ұрандарды насихаттайтын, тек жеке амбицияларымен өмір сүретін адамдардың бойындағы кесапат. Әрине, әр заманның ерекшеліктеріне сай этно­­популизм жағдайға байланысты тез өзгеріп тұрады. Қазақ­стан­ның этнодемогра­фия­лық жағ­дайында этнопопулизмге жол бермеу өте маңызды.

Қазақстан құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасу жолында нәтижелі қадамдар жасап келеді. Сол үшін де Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық сот жұмысын бастады. Ең бастысы, заңдардың орындалуы. Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты орны­ғуы қажет. Әр отандасымыз құ­қық­­тық және демократиялық мем­­лекеттің азаматына лайық, Прези­дент айтқандай, «отаншыл, білім­паз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр» болуы керек. Осы қасиеттерді ең алдымен бүгінгі жастардың бойына сіңіру маңызды. Әділетті Қазақ­станды құру үшін қоғамдық санамыз бен азаматтық ниетімізді өзгерту қажет.

Ұлттық идеологияның түп-тамыры – білімді қоғам арқы­лы Қазақстанға рухани сер­піліс жасау. Білімпаздық пен жаңа­шыл­дық бірінші орында тұруы керек. Ұлттық идео­ло­гия­ның даму жолында жалған­дық­қа жол беруге болмайды. Жастарымыз өсіп-өркендесін десек, оларды жақсыдан үйреніп, жа­ман­нан жирене білуге тәрбие­леу қажет.

Қазір әлем күн сайын өзге­ру­де: жаңа технологиялар, маман­дықтар және салалар пайда болып жатыр. Осындай жағ­дайда жастарымыз жаңа кәсіби дағ­ды­ларды меңгеріп, озық білі­мін тиімді пайдалануға дайын болу керек. Өйткені рухани серпіліс жаңа сапалы білім алудан басталады. Сананың өзгеруі ұлттық идеологияның дамуына тікелей байланысты. Бізге халқымыздың қуатын арттыратын, толағай та­быс­тарға жетелейтін, жалпы­ұлттық құндылықтарын дамытатын идеология керек. Бұл бағытта зиялы қауым өкілдері өз үлесін қосуға тиіс.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

ТАРАЗ