Әдебиет • 29 Сәуір, 2024

Сіз білесіз бе?..

33 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқырман үшін сүйікті жазушысының өміріндегі барлық де­рек қызық. Автордың шығармашылығынан бөлек тағдыры, жеке өмірі, күн режімі, қызығушылығы, мінезі, әдеті, киім киісі – бәрі-бәрі. Сөз өнерінде жүрген қауымның ләззаты да, азабы да жазу дейміз. Сол жақсы жазу талант пен ше­бер­лікке ғана байланысты екені шындық. Дегенмен ақын-жазу­шылардың күнделікті қоңыр тіршілігі, болмысы мен өмір сүру тәртібі қаламына әсер етпей қоймайтыны тағы анық.

Сіз білесіз бе?..

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бесаспап

Жазушы жазудан басқа да өнер меңгеруі мүмкін. Таң­ғалмаңыз. Мәселен, 1985 жылы «Жалын» баспасы шығарған «Сөзстан» жинағында көптеген қаламгерге сауалнама сұрақтары қойылыпты. Сонда «Кенеттен қолыңыздан жазу келмей қалса, қандай кәсіптің құлағын ұстар едіңіз?» деген қызық сұраққа Қажығали Мұханбетқалиев: «Адам аяғы баспаған қалың тоғайлардың біріндегі жалғыз үй қорықшының көмекшісі болып кетер едім. Қорықшы болу – бала күннен бергі арманым» деген екен. Еріксіз еске түсіп отыр, дәл осы сауалға Лев Толстойдың әйгілі сөзі де жауап болайын деп тұр. «Етікші болсам да жаман етікші болмас едім» деп жазады Толстой ақсақал.

Ал Ақселеу Сейдімбек: «...онда менен жақсы дәрігер немесе музыкант шығуы мүмкін еді. Сондай-ақ қолөнермен айналыссам да талайдың көзін қуан­тар өнер туындыларын жасайтыныма күмәнданбас едім. Ал егер не қойшы, не жылқышы болғанда тамаша еңбек үлгісін көрсетер едім деп ойлаймын», депті. Кәдірбек Сегізбаевтың жауабы: «Өмірімде алғаш рет... пеш салып көр­генім бар. Осы­ным қалай болар екен деген күдік мазалап тұрғанда көршім ке­ліп, мұндай құ­ры­лы­сы күр­­делі пеш­ті салу үшін арнайы маман ша­қыру керек еді деп одан әрі қо­­­бал­жы­тып кет­­ті. Қор­қа-қор­­қа пеш те қ­а­ла­­нып біт­ті, қор­қа-қорқа от та жағылды. Біраз­дан соң қарасам, пе­шім­нің буы бұр­қырап, от­ты дүр-дүр тар­­тады...» Мол­дах­мет Қаназ болса: «Диплом алған заңды ­ма­­­мандығым – мұғалім. Ертерек қол үзгендіктен мұғалім ретінде қазірдің өзінде көнеріп қалдым. Мына бір беті әрмен болғыр жағдай келіп қалғандай болса, тіпті мұғалімдікке де жарамай қалатын шығармын. Сондықтан да жазушы деген атақтың ­бе­делін түсірмей бұйырған пенсиямды жеп, үйде жатып кітап оқырмын... Бұйыртса, ­ба­ла жұбатармын, бау-бақшаға қарармын», дейді.

Иә, жазудан бөлек ерек қабілетімен танылған тұлғалар жетерлік. Шоқанның, Лев Тол­стойдың, Тарас Шевчен­ко­ның, Пушкин мен Лер­мон­товтың, сондай-ақ Олжас Сүлей­менов пен Әлібек Асқар­дың да қылқаламға үйір­лігін жұрт біледі. Бек­сұл­тан­ Нұр­жекеұлының қолдан жиһаз жасайтыны оқта-текте есте­ліктерде айтылып қала­ды. Одан бөлек, анекдотшы Талас­бек Әсемқұловтың шебер аспаз екеніне де таңдай қақтық.

Айтпақшы, әлгіндей сауалнаманы біз де жүргізіп көрсек деген ой келді.

 

Ырымшыл ақын

Ахматованы өте ырымшыл деседі. Мысалы, ол Гумилевтің үйленуге алғашқы ұсынысы кезінде жағалаудағы екі дельфин­нің денесін көрген соң бас тарт­қан. Яғни бұл жақсылық нышаны емес деп білген. Сондай-ақ оны бала кезінде көбісі біртүрлі санаған. Өйткені ол томаға-тұйық, жалғыз өзі теңізге шомылып, жалаң аяқ көше кезіп жүре береді екен. 

* * *

Жалпы, әкесі Ахматованың ақындығын мойындамапты, тіпті пысқырып та қарамаған. Сондықтан қызына өз тегімен жарияланып, жұртқа масқара болмасын деп лақап атпен жазуын талап етеді.

Осылайша, Ахматова арғы әжесінің тегін алады. Ал ақын­ның шын аты-жөні – Анна Горенко.

Әрине, әкесі ол кезде Ахма­то­ва­­ның кейін «әйелдерге сөйлеуді үйрететін» ғажап ақын боларын білмесе керек. 

* * *

Италиялық суретші Амедео Модильяни Ахматованы алғаш­қы көргенде-ақ ғашық болыпты. Олар Парижде бір жыл араласып, кейін мүлде кездес­пеген. Сол сезімдердің ізімен суретші ақынның 16 картинасын салған. Алайда ол туындыларды Ахматова сақтай алмады: біреуінен басқасының бәрі өртеніп кеткен.

* * *

Ақын көп уақыт бойы НКВД-ның бақылауында болған. Биографтардың айтуынша, оны жақын құрбысы, жазушы София Островская аңдыған. Ахматова бұл тосын оқиғадан, әрине, хабарсыз.

* * *

Ол тіл меңгеруге келгенде зерек болды. Бес жасында мұға­лімнің балалармен сөй­лес­кеніне қарап отырып, француз тілін үйреніпті.

* * *

Өмір бойы алғаш жазған өлеңдерінен ұялыпты. Бұрынғы баллада, жарияланған, тіпті қайта басылып шыққан атақты шығармаларын ол «бос қыздың кедей өлеңдері» деп атап, еске алғанды да ұнатпаған.

 

Бақытты Марк

Өз шығармаларын жазу машинасында терген алғашқы қаламгер – Марк Твен. Адамзат ақыл-ойының жемісі мен игілігін бірінші болып көру Твенге бұйырыпты. Әріптерді тықылдатып басып отырып қандай ғажап сезімде болды екен десеңізші.