Ғылым • 19 Сәуір, 2024

Су тасқынын болжайтын жүйе

66 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар Су тасқынын аналитикалық болжау және бақылау жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Су тасқынын болжайтын жүйе

Министрліктің мәліметінше, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық универ­си­тетінің ғалымдары жасаған ақпараттық-талдау жүйесі облыс өзендеріндегі су тасқыны жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Ал аталған жоғары оқу орнындағы «Ақпараттық техно­логиялар саласындағы құзы­рет­тер және технологиялар тран­с­ферті» орталығының басшысы Руслан Четтыкбаев қолға алын­ған жоба туралы: «Біздің алдымызда еліміздің шығысындағы маусымдық су тасқынынан туын­даған төтенше жағдайларды мо­ни­торингілеу мен болжаудың кешен­ді ақпараттық-талдамалық жүйесін, маусымдық су тасқынын болжауға мүмкіндік беретін жүйені әзірлеу міндеті тұрды. Біздің университетте осы жобамен жұмыс істеу үшін өзен гидравликасы мен су басу аймақ­тарын модельдеуді, заманауи геоақ­параттық жүйелерді, қауіпті ны­сан­дарды, инфрақұрылым нысандарын, мекемелерді, тұрғын үй құрылысын, рельефті және метео жағдайларды егжей-тегжей картографиялық байланыстыруды пайдаланған зерттеушілер тобы құрылды», деді.

Зерттеушілер тобы осы жұмысқа заманауи ақпараттық технологияларды қолданады. Әзірлеуге ғалымдардан басқа, Шығыс Қазақстан облысы Төтен­ше жағдайлар департа­мен­тінің өкілдері де қатысып, жүйені жақ­сарту, оның практикалық әле­уетін арттыру бойынша кеңес пен ұсыныс береді. «Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ға­лымдарымен өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қо­йылды. Болашақта су тас­қы­ны жағдайын көздеуге, бар тәуе­келдерді ескере отырып, алдын алу шараларын қабылдауға мүм­кіндік беретін технологияны бірлесіп дамытуға бел буып отырмыз», деді Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағ­дайлар департаментіндегі Төтен­ше жағдайдың алдын алу бас­қармасының басшысы Арман Наурызбаев.

Жүйені әзірлеп, жобаны іске асырғаннан кейін зерттеушілер өңір аумағында су тасқынын болжау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзір­ле­мек. Бұл бірнеше мәселенің шешімін табуға мүмкіндік береді. Біріншіден, экономикалық мәселені шешуге септеседі. Өйт­кені ТЖ болжау, олардың да­муын модельдеу форс-мажор­лық жағдайдың өңірдің эконо­ми­калық көрсеткіштеріне әсерін азайтуға немесе толығымен жоюға жағдай жасайды. Екін­ші­ден, экологиялық мәселені рет­тейді. Бағдарламаның алынған нәтижелері су тасқыны жағдайын болжауға көмектеседі, осылайша төтенше жағдай туындаған жағ­дайда тәуекелдерді азайтады. Үшін­шіден, әлеуметтік мәселенің шешімі бола алады. Себебі жоба халықтың қауіпсіздігін арттыруға, төтенше жағдай әсерінен болатын залалды азайтуға көмектеседі.