Таным • 14 Сәуір, 2024

Бос мақтанның ақыры

26 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрсынжан Шапайдың «Мақтанға мадақ!» атты мақаласын оқып отырып, мына бір үзіндіге көңілім ауды: «Жақында Әкім аға Тарази бір жиында: «Осы грузиндер неге ұзақ жасайды, білесіңдер ме?» – деп сұрады. Біз қайдан білейік: біреуміз – таудың, біреуміз – судың, енді біріміз шараптың күші дедік. Лағып кетіппіз. Мұның бірі де емес екен. Сұрақ қоюшының айтуынша, оның басты себебі – грузиндердің бір-бірін керемет мақтай білетіндігінде көрінеді...» Қызық.

Бос мақтанның ақыры

Біздің әдеби жиындар да мақ­таусыз өтпейді. Мақтану да көп. Авторды да, шығармасын да жо­сық­сыз мақтау, шапалақ ұру, шапан жабу... бүгінгі қазақтан да қал­май келе жатыр. Грузиндердің тәмсілімен тарқатсақ, ақын-жа­зу­шылар да, бәлки, ұзақ өмір сүргісі келе­тін шығар. Белгілі жай ғой, кім-кім де болсын, қартайғысы келмейді, қар­тайса да мына өмірді қиып кет­кісі келмейді. Өмір болғанда да, анау-мынау өмір емес, атақ-даңқы, том-том кітабы һәм оқырманы тағы бар.

Расында, айтайын дегеніміз бұл емес, біреудің абыройын ас­пан­датып мақтау, жылы сөзбен шабысына шабыс қосу, талантына жарық түсіру, көңіліне медет болу, әрине, жақсы. Егер ол сол сөзіңіздің салмағына тұратын болса ғана. Әгәрәки, мақтауыңыз сәл-пәл оның деңгейінен асып кетсе немесе мадақ сөзіңізді автордың мақтауға қарсы иммунитеті төмен болып, рухани тұрғыда көтере алмай, шалыққа ұрынып, енді ешқашан тәуір шығарма жаза алмайтындай болса, не керек, обалы сіздікі. Өмірінің соңына дейін сіз мақтаған шығармасын бетке ұстап, сіз айтқан сөздерді медет тұтып, өнімді еңбек етпейді, бірақ уақыттың ағынымен мақтаншаққа айналып бара жатады.

Кейін халтурщикке де айналар, кім біледі... Бәлки, одан талантты қаламгер шығар ма еді? Кім кінәлі: мезгілсіз айтылған мақтау сөз кінәлі. Пушкин: «Хвалу и клевету приемли равнодушно» десе, ал Абай: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» деген. Сөз-ақ.