Балалар • 15 Сәуір, 2024

Балаларға жанашыр лагерь

72 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің батыс өңіріндегі қарғын судың астында қалған ауыл­дардан эвакуацияланған 170 бала Алматы облысындағы лагерьлерге келіп, орналасты.

Балаларға жанашыр лагерь

Тұмса табиғаты талайларды тамсантқан Түрген шатқа­лын­­да орналасқан «Тау-Жаңа­шар» жекеменшік балаларды сауықтыру орталығына барып, ондағы оқушылардың жай-күйімен танысып қайттық.

«Бұл лагерьге Орал қаласынан және Батыс Қазақстан облысының Сырым, Бөрлі аудандарынан 6 мен 9-сынып аралығындағы оқушы­лар­ды алып келдік. Ауылдарды су басқанда олар эвакуациялық бекеттер мен туыс-туғандардың үйлерін паналаған еді. Балаларға бұл жердің керемет табиғаты ұнап жатыр. Алғашқы күннен бастап жайлылық пен жүрек жылуын сезіндік», дейді жетекшілері Аружан Болатова.

«Тау-Жаңашар» жекеменшік бала­ларды сауықтыру орталы­ғына орналасқан балалар, ең алдымен, жылы да жайлы жатын орындармен қамтамасыз етіл­ген. Аталған орталықтың өзінің жекеменшік фермерлік шаруашылығы болғандықтан, таза әрі табиғи ет-сүт, нан өнім­дері әзірленіп, балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Орталық директоры оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін кәсіби деңгейде үйірмелер мен ойындар ұйымдастыру жоспарланғанын айтты.

«Еңбекшіқазақ ауданының өзі тұнып тұрған тарихқа бай өлке, сондықтан балаларға өлкетану экскурсиясын ұйымдастырып, «Алтын адам» музейі мен «Аюлы» сарқырамасын көрсету ойымызда бар. Бұған қоса демеушілердің көме­гімен Алматы қаласының кө­рікті жерлерін көрсетуге күш саламыз. Сөйтіп, ауылдарын су басып, қиындық көрген бала­лар­дың аз уақыт ішінде көп нәрсені көріп, көңілін көтеріп, оқуын жалғастыруына, ең бастысы, қиын сәтте қамқор болар ел-жұрт барын сезініп қайтуына барынша тырысып жатырмыз. Орталыққа келген сәттен бастап, киім-кешек, оқу құралдары, керек-жарақтарымен толық қамтамасыз етілді. Мұнда демалушы балалар қашықтан оқыту жүйесіне көшкен. Сол себепті оқулықпен толықтай қамтылды. Интернет бай­ланысындағы қиындықтар да күрмеуін шешуге таяу. Бұл орайда аудандық білім бөлімі мен әкімдіктер, қайырымды азаматтар аянбай атсалысып жатыр», деді «Тау-Жаңашар» жекеменшік балаларды сауықтыру орталығының директоры Мира Құдабаева.

Орталықта демалушы бала­лаларға 8 педагогикалық тә­лімгер мен психолог және аудандық ауру­ханадан бі­лікті мейірбикелер бөлініп, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін жіті қадағалап отыр. Ал ас мәзірін даярлауда бес­аспап аспаздар қызмет көрсетеді. Орталықтың аспаздары тамақ мәзірін жасауда қай өңірдің балалары нені қалайтынын зерттеп-зерделеп, қалауына қарай ас әзірлеуге әбден төселіп алғанын мақтан етті. Сондықтан алыстан ат арытып жеткен балалардың қалауын ескеріп, тіптен, туған күндерін де атап, үйдегідей көңіл-күй сыйлауға тырысып жатыр.

«13 жылдық тәжірибесі бар «Тау-Жаңашар» лагері «Артек» бағдар­ламасы мен дәстүрлі бағдар­ламаны еліміз бала­ларының менталитетіне сәйкес­тендіріліп, бейімделген бағдарламамен жұмыс істейді. Жекеменшік болғанмен үлкен педагогикалық жүйесі, әдістемелік корпусы бар лагерь. Мұндағы тәлімгерлердің дені колледждер мен институт­тар­дан алынады. Олардың білімін жетілдіруге көңіл бөлінеді. Біздің ұжым шетелдерде өтіп жатқан лагерь жүйесіндегі іс-шаралардан шет қалмайды», деді Мира Ерланқызы.

Табиғаты көркем жерге орна­ласқан «Тау-Жаңашар» жекемен­шік балалар лагері қайырым­дылық жасауда алдыңғы орында де­сек, асыра айтқандық емес. Бұған дейін де Арыс қаласындағы жарылыстан жапа шеккен 150 баланы 20 күнге қабылдаса, был­тырғы қыста Екібастұз қаласынан келген 35 баланың алаңсыз тыны­ғып қайтуына бар жағ­дай­ды жұмылдырған. Бұған қоса жыл сайын жазғы маусымда бір ауысымға келетін 280 баланың 10-15 пайызына жеңілдік жасау дәстүрге айналған.

«Лагерь жүйесі – адамға рухани тәрбие беретін орын. Мұнда бала тынығып, сауығумен қатар, тілдік қарым-қатынаста болады. Бес-он күн болса да жаңа ортада өмір сүруі – баланың интеллектуалдық, физиологиялық, психоэмо­цио­нал­дық жағдайын жақсартуға және тіл табысу қабілеттерінің табиғи жолмен дамуына үлкен үлес қосатын аймақ саналады. Десе де, ауылдарын су басып, ата-ана­лары мен ағайын-туыстары қиындыққа тап болғанын көрген бала­лардың көңілі бүтін деу қиын. Балалардың қанша жерден көңілін аулағанмен, лүпілдеген жүрек түкпірінде көңілсіздік қы­лаң беріп, алаңдаушылық бары білі­ніп тұрады», дейді бала бағба­ны­на айналған М.Құдабаева.

 

Алматы облысы