Президент • 13 Сәуір, 2024

Қазақстан бейбіт және тұрақты дамуға бағытталған кез келген күш-жігерді қолдауға дайын – Президент

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат алған «Арменпресс» ақпарат агенттігі еліміздің  халықаралық аренада талай рет бітімгерлік бастамалар жақтаушысы болғанын айта келе, Астананың бұл бағыттағы жаңа бастамалары қандай екенін сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан бейбіт және тұрақты дамуға бағытталған кез келген күш-жігерді қолдауға дайын – Президент

Фото: Қазақстан Президентінің ресми сайты

Президенттің айтуынша Әлемдік қоғамдастықтың белсенді және жауапты қатысушысы ретінде Қазақстан тұрақты негізде бітімгершілік бастамаларды ілгерілету жолымен халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барынша үлес қосады. Біздің еліміз жаппай қырып-жою қаруын қарусыздандыру және таратпау, ядролық қарудан азат аймақтар құру ісінде жалпыға танылған көшбасшы екені белгілі.

«Жаһандық антиядролық қозғалыстағы өз тәжірибесін пайдалана отырып, Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы бойынша көпжақты келіссөздерді ұйымдастыруға елеулі үлес қосты. 2013 жылы Астанада келіссөздердің екі раунды ұйымдастырылды, олар «алтылық тобы» мен Иранның форматын жаңғыртуға ынталандырды. Осы күш-жігердің нәтижесі ретінде 2015 жылы Иран бойынша бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына қол қойылғаны белгілі. Қазақстанның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан тағы бір маңызды үлесі көпжылдық сириялық қақтығысты реттеу үшін өз алаңын ұсыну болып табылады. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана процесі аясында келіссөздердің 21 раунды өткізілді. Осы халықаралық тұғырнаманың Сириядағы қақтығысты реттеуге қосқан үлесін БҰҰ және көптеген әлемдік көшбасшылар мойындады», деді Мемлекет басшысы.

Президент сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты БҰҰ шеңберіндегі бітімгершілік қызметі екенін, 2014 жылдан бастап 600-ден астам Қазақстанның әскери қызметші БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысқанын, қазіргі уақытта біздің бітімгершілеріміз Ливандағы, Батыс Сахарадағы, Орталық Африка Республикасындағы, Конго Демократиялық Республикасындағы БҰҰ миссияларына қатысып жатқанын, 2022 жылдан бастап БҰҰ-ның Малидегі миссиясына да қатысқанын атап өтті.

«Биыл 15 наурыздан бастап біздің мемлекетіміздің тарихында тұңғыш рет отандық бітімгершілік контингент Голан жотасында БҰҰ Миссиясында 7 әйелді қоса алғанда, 139 адамнан тұратын дербес бөлімше ретінде орналастырылды. Сізді қызықтыратын жаңа бастамаларға келетін болсақ, мұнда армян-әзірбайжан қатынастарын реттеу төңірегіндегі ахуал туралы мәселе туындайды. Сөзсіз, Қазақстан бұл тақырыпқа немқұрайлы қарамайды. Біз достас екі мемлекет арасында тез арада бейбіт шарт жасалуына мүдделіміз. Ереван мен Баку арасында берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату біздің еліміздің мүддесіне сай келеді. Бітімгершілік бастамалардың бастамашысы және жақтаушысы ретінде Қазақстан бейбіт және тұрақты дамуға бағытталған кез келген күш-жігерді қолдауға дайын», деді Президент.