Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Күшіміз – бірлікте! Жетісудың жәрдемі

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыстағы ағайынның жағ­дайына алаңдаған Жетісу жұрты ай басынан бері гумани­тар­лық көмек жинау­ды бастаған еді. Аз уақыт ішінде жиналған көмек күні кеше жіберілді.

Күшіміз – бірлікте! Жетісудың жәрдемі

Фото: 24.kz

Осындай күрделі кезеңде үй-күйсіз қалған халыққа көмектеспеу – елдігімізге сын. Сондықтан облыс тұрғындары зардап шеккен өңірлердің халқына жан-жақты көмек көрсетуге кірісті. Кеше Жетісудан Батыс Қазақстан облысына әлеуметтік-гуманитарлық көмек жіберілді. Үш жүк көлігіне тиелген 85 тонна ұн, макарон, қант және күнделікті қажетті заттар, төсек-орын алыстағы ағайынға жолданды.

Облыстың мемлекеттік қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударса, кәсіпкерлер де атымтай жомарттық танытып жатыр. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков: «Батыс Қазақстан облысына кәсіпкерлер 150 млн теңгеге жуық қаржылай көмек жіберді. Кербұлақ цемент зауыты мың тонна цемент жіберетінін айтты. «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт офисі мен Amanat партиясының Жетісу облыстық филиалы 10 ауданда көмек-пункттің ашылуына ұйытқы болып, азық-түлік, киім-кешек жөнелтті. Жалпы, Жетісу жұртшылығы тасқыннан зардап шеккен облыстарға 200 млн теңгеге жуық қаржы аударды», деді.

Елімізде болып жатқан су тасқынынан зардап шеккен облыстарға республика бойынша тұрғындар мен кәсіпкерлер жан-жақты қолдау көрсетіп, қолұшын созып жатыр. Осыған орай Панфилов ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлері бірлесе жинаған 25 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тұрмыстық заттар, дәрі-дәрмек, электр қуатын беретін генератор сынды аса қажетті құрал жабдықтарды жөнелтті.

«Осы бастамамызды қолдап, гуманитарлық көмекке атсалысқан кәсіпкерлер мен тұрғындарға зор алғысымды білдіремін. Жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары мен кәсіпкерлері еліміздегі барлық жағдайға бей-жай қарамайтынын көрсетіп, береке-ынтымағының арқа­сында қолдау көрсетті», дейді аудан басшысы Марат Сағымбек.

Бұл қатардан көксулық ақжүрек азаматтар да табылды. Олар жалпы көлемі 5 162 600 теңгені құрайтын 5 тонна қант, 5 тонна картоп, 6 тонна азық-түлік себеттерін жинаған. Сонымен қатар 560 мың теңге қаржылай көмек те берген.

 

Жетісу облысы