Жәдігер • 09 Сәуір, 2024

Төреден қалған тәбәрік

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында Абылай ханның немересі, Уәли ханның ұлы, заманында Көкшетау округінің аға сұлтаны болған Шыңғыс киген шапан тарихтан сыр шертеді.

Төреден қалған тәбәрік

Болмысы бөлек ақшыл көк түсті, өзгеше пішінді шапан алыстан көз тартады. Заманында кірпияз, бекзат төренің иығына ілген дүниесі. Таза жібектен жасалған. Бұрынғылар бұйымның бағасын білген-ау. Алтын жіппен өсімдік бейнелес, әдемі бедерлермен кестеленіпті. Көрген жанның көзін арбайтын көркемдіктің астары осында жатқан шығар. Бүгінге жеткен деректерге қарағанда алтынмен кестеленген шапанды 1855 жылы Санкт-Петербург қаласында Шыңғыс Уәлихановқа орыс патшасы ІІ Александр сыйлаған. 1969 жылы Сырымбет тауының етегін жайлаған Уәлихановтар әулетінің ұрпағы Жетпісбай Мырзабаев музейге тапсырыпты.

Төренің ата қонысында тылсым тарих тұнып тұр. Айғаным ханымға, қазақтың асыл перзенті Шоқанға қатысты қаншама құнды дүние. Біреуін ғана айта кетелік. Сол сапарымызда жақсылар ұшқан жасыл таудың етегіндегі Айғаным қонысында болғанбыз. Көне заманнан күмбірлетіп сыр шертетін жиһаздар сол күйі тұр екен. Аралық қабырғалар мен кіреберістерге шамдар ілінген. Жұмсақ диван, оған жабылған әртүрлі аң терілері. Көне бұйымдардың барлығы осы бір үйде сол заманның өзінде өнер мен мәдениеттің шуағы кілкіп тұрғандығын көрсетеді. Ол заманнан бері қаншама уақыт өтпеді десеңізші. Тарихи құжаттар бұл кешеннің 1824 жылдан 1834 жылға дейін салынғандығын айғақтайды. Сол заманда қазақ даласын зерттеп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі туралы құнды деректер қалдырған белгілі оқымысты А.К.Гейнс Сырымбеттегі Айғаным Сарғалдаққызының мұражайы туралы былай деп жазады: «Оның мекенжайын қалың қарағайлы әсем екі тау қоршап тұрды. Тастақты бір қырқадан асып ылдиға түсе бергенімізде, кәдімгі біздегі орта қолды помещиктердің дәстүрінде салынған бірнеше үй мен мешітті көзіміз шалды. Шыңғыс пен әйелі тұрған ортадағы үйдің жиһазы помещиктердің жиһазына ұқсайды. Залда 12 пьесаға дейін ойнайтын орган қойылған. Айналар мен дуалдық шамдар ілінген, ортада хрустальды, үзбелі салпыншағы бар қола шырағдан. Есіктері тұтылған шағын-шағын жібек перделердің шашақ баулары мен өрнектері тұрпатты, көлемді болғанымен көзге нәзік көрінеді. Қонақ бөлмесіне гарнер немесе Корнилов вазаларын қоюдың орнына қытай вазалары қойылған». Саяхатшының жазған осы жазбаларында бейнеленген бұйымдар, үй жиһаздары, қасиетті қара қоныстың орналасу тәртібі дәл сол қалпында жайнап тұр.

Көз көріп, көңілге түйген дүниені тағы бір жаңғыртқымыз келгені. Бүгінгі шапан жаққан көңіл шырағданының шалқуы шығар-ау!

 

Көкшетау