Қаржы • 05 Сәуір, 2024

Секторға сенімді банк керек

46 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төра­ға­сы­ның орынбасары Нұр­лан Әбді­рахманов журна­лис­термен кездесуде Қы­тай, Оңтүстік Корея, Түркияның ірі банк­терімен филиал ашу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын, шетелдік банктердің нарыққа келуі бәсекелестер арасындағы ойын ережесін өзгертіп, мөл­шерлемелерді төмендетуге ық­пал етуі мүмкін екенін айтты.

Секторға сенімді банк керек

Қазақ нарығының шетелдік банк­терге қарап елеңдей бастағанына бір­неше айдың жүзі өтті. Елде жұмыс істейтін шетелдік банктер үшін талап жеңілдетілетіні былтыр жазда белгілі болған. Ол кезде агенттік Ұлттық банк­тің №385 қаулысына өзгеріс енгізуді көздейтін құжатты порталына шығарған.

Бізде банк филиалын ашуға ниет­теніп жатқан елдермен сауда байланысымыз оң, біздің елде жұмыс іс­теп жатқан бизнестері де жетеді. Кен орындарында үлестері де бар. Біз­дің елде жұмыс істеуге олардың өздері де мүдделі. Мәселен, Bank Of China, ICBC, SHINHAN bank, BNK Finance Kazakhstan микроқаржылық ұйымы, Al Hilal банктерінің бизнесті қаржыландыруда айтарлықтай тәжіри­бесі бар. Олардың отандық нарыққа бет бұруы – алдын ала күтілген жағдай. Шетелдік банктердің ішкі нарыққа тереңдеп енуі үшін кейбір кедергілерді алып тастап, заңға бірқатар өзгеріс енгізу керектігін агенттік өкілдері ашып айтып отыр. Шетелдік банк­тер­дің пайыз­дық мөлшерлемесі Қазақ­стан­дағы базалық мөлшерлеме бойынша жұ­мыс істейтіні осыған дейін талай айтылған.

«2020-2021 жылдарға дейін бізде «Альфа банк», Сбербанк және ВТБ банк тәрізді үш ресейлік банк жұмыс істеді. Қазір ВТБ-дан басқасы елімізде жұмыс істемейді. ВТБ-ның қызметі бүгінде шектелді. Бірақ олар жұмыс істеп тұрған кезде бизнеске несие беріп, жергілікті банктермен бәсекеге түсті. Нәтижесінде, кредит бойынша мөлшерлемені төмендетті. Бізде осындай банк бар, осы жеткілікті деген ереже жоқ. Капиталы мол, тәуекелге бара алатын ірі банктер керек», дейді Нұрлан Әбдірахманов.

Сарапшылар ішкі нарыққа шетелдік банктер келсе, несие беру саясаты тұты­ну­шыларға тиімді болатынын ай­тып жатыр. Сонымен қатар бизнес өкіл­деріне де маңызды болады деген үміт бар.

Қазір елімізде 21 екінші деңгейлі банк бар. Оның 11-і шетелдік банктің қатысуымен жұмыс істейді. 8-і – халықаралық банктің еншілес қаржы ұйымы. Экономистер сырттан келетін үш банк қаржы секторының ландшафтына елеулі өзгерістер алып келеді дейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық барын мәлімдейді.

«Біз бұл бағытта Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық бар. Бұл жұмысты Үкіметпен бірге жүргіземіз. Ірі халықаралық банктерді тарту банк нарығындағы бәсекелестікті арттырып, халыққа қызмет көрсету сапасын жақ­сар­тып, экономикаға несие беру көлемінің кеңеюіне әкеледі деп ойлаймын», дейді агенттік төрағасының орынбасары.

«Шетел банктеріне қандай талаптар қойылады?» деген сауалдың беталысы анықталып қалды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл Ұлттық банкпен бірлесіп заң жобасын әзірледі, банктер немесе оның еншілес филиалдарын ашуға қажет құжаттардың тізімі қысқарады.

«Kusto Group» компаниясының тең иесі және директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішов Алматыда өткен CFO Summit-те бізге салалық банктердің жетіспейтінін, бұл эконо­ми­каның әртараптандырылуына кедер­гісін келтіріп жатқанын айтқан еді. Оның айтуынша, осы тақырып көте­рілген кезде «бізге қандай банк­тер қажет» деген мәселе жан-жақты зер­де­ленуі керек. Мәселен, «отандық банк­т­ердің ауыл шаруашылығын қаржы­ландыруда тәжірибесі аз», дейді ол.

«Ондағы мамандар бұл саланы қаржыландырудың тәуекелі бар екенін білсе де, сол тәуекелден жол тауып шы­ғудың мүмкіндігін аса зерделей қой­майды. Банктер үшін бұл са­ла – жабық тақырып. Ал ауыл шаруа­шылығының мүмкіндігіне енді ғана мемлекеттік деңгейде назар аударып жатырмыз. Сол себепті ҚХР, Түркия немесе Батыс елдерінің ауыл шаруашылығына ма­ман­данған қаржы институттарының елге келуіне көңіл бөлінуі керек. Да­мы­ған елдерде әр саланың салалық банк­тері бар. Бұл тәжірибені бізге де енгізе­тін кез келді», дейді кәсіпкер.