Құтқарушы • 03 Сәуір, 2024

Көмектің алғы шебінде – МИ-171

41 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық ұлан авиациясының МИ-171Е тікұшағының эки­па­­­­­жы Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен адам­дар­­ды эвакуациялауға және тасымалдауға атсалысып жүр.

Көмектің алғы шебінде – МИ-171

Әуе кемесінің командирі, подполковник Қанат Ахметов, тікұшақ эска­д­рильясы командирінің инже­­нерлік-авиациялық қызмет жөнін­де­гі орынбасары, подполковник Асхат Жукин, штурман, аға лейтенант Нұрболат Советбеков су басқан аудандардан тұрғындарды құтқару үшін әуеге көтерілді.

– Қазіргі уақытқа дейін Шы­ға­­­нақ Берсиев атындағы ауыл­дық округ пен Қаратау ауылынан 142 адам эвакуацияланды, олар­дың ішінде 85 бала бар. Олар Ақтөбе облысына қарасты Ойыл ауданының Ойыл ауылына көшірілді. Қауіпсіз жерге жеткізілгендердің басым бөлігі қариялар, балалар мен әйелдер. Сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери борттарының экипаждары Ақтөбе мен Оралда да белсенді жұмысын жалғастырып жүр. Ол жақтарда әуе көлігімен нан, су, макарон, картоп, консервілер жөнелтілді, – деді подполковник Қанат Ахметов.

Кейбір елді мекендердегі су бір метрге дейінгі биіктікке немесе одан да жоғары деңгейге көтерілген. Сондықтан ұландықтар ТЖМ жеке құрамымен бірлесіп су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысай және Жартас су қой­ма­лары транзиттік режімде жұмыс істеп тұр. Суды белсенді ағызу жүзеге асырылып жатыр. Жи­нақ­тау режімінде Қарғалы су қой­масы орналасқан. Әкімдіктер су тасқыны жағдайының шие­ле­ні­су қаупі бар өңірлерде алдын алу іс-шараларын жүргізуге кіріскен. Қа­жет болған жағдайда қосымша күш­тер мен құралдар тартылады.

Өткен тәулікте, тәуліктің түн­гі уақытын қоса алғанда, құт­қа­ру­шылар, еріктілер және Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бірлескен күш-жігерімен аса қауіпті және қауіп төнуі мүмкін учаскелерде 250 тонна инертті материал жина­лып, су жағасына құм толы 600 қап тө­сел­ген. Сонымен қатар 800 текше метр су шығарылған.