Медицина • 03 Сәуір, 2024

Саладағы кемшіліктер: себебі мен салдары

48 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді реттеуге келгенде­ дәрі­гер­лермен қатар тұрғындардың да ұсыныс-пікірін ескерген жөн. Денсаулық сақ­тау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы №10 қалалық емханаға бар­ған­да да дәрігер мен пациенттерінің өтінішін басшылыққа алды.

Саладағы кемшіліктер: себебі мен салдары

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кездесуде Ақмарал Әлназарова №10 қа­ла­лық емхананың жұ­мы­сымен таны­сып, ізінше меди­циналық көмектің сапасына қатысты өзекті мәселелерге құ­лақ түрді. Тұрғындар сауалы бойынша кейбір мәселелердің ше­шімін сол мезетте ұсынса, басқасын рет­теуді күн тәр­тібіне қойды. Кездесуде елор­да ғана емес, елдегі медицианалық көмектің сапа­сына қатысты өзгерістер ен­г­ізілетінін білдік. Емханалардың жұ­мысын ілге­рі­ле­туге қатысты өзекті мә­се­лелердің жай-жапсарына тоқталған ми­нистр көп­ші­ліктің ұсынысын назарға алып, саралап, денсаулық сақтаудың нор­мативтік құ­жат­та­р­ына өзгерістер енгі­зілетінін еске салды. Көп кідірмей әлеу­меттік медициналық сақ­тандыру жүйе­сі­нің басты қағидаты туралы баяндады.

– МӘМС жүйесі жинақтаушы емес және дербес шоттарды көздемейді. Ынты­мақтастық қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда медициналық көмек­ке­ жүгінбейтін азаматтардың жарнала­ры өздігінен жоғалып кетпейді әрі қай­та­рыл­майды. Есесіне, ол қаржат ем­делу­ге мұқтаж басқа пациенттердің еміне жұмсалады деген сөз. Құны 1 млн теңге­ден 40 млн теңгеге дейін жететін меди­ци­на­лық көмекті қазір науқастар тегін алып отыр, – дейді министр.

Кездесуден кейін емханада баспасөз мәслихаты өтіп, онда біз медицинадағы өзгерістер туралы сұрақтарға жауап алуға тырыстық. А.Әлназарова өңір-өңірде медицинаға қатысты мәселелерді анықтап, реттеуге қатысты шаруаны халық саны күннен-күнге өсіп бара жатқан Астанадан бастағанды дұрыс көргенін айтты. Ол апта ішінде бірнеше мекемені аралап, жұмысымен танысып үлгеріпті. Медицина мамандарымен, пациенттермен кездескен.

– Астана халқының саны 1,5 миллионға жуықтады. Ол аздай қалаға жақын аудан­дар­дан келіп емделетін науқастар көп. Мұның өзі қосымша жүктеме деген сөз. Негізі, Астананың медицина саласында бірнеше маңызды мәселе бар. Бірін­шісі, өзіміз айтып отырғандай, емдеу меке­ме­лерінің тапшылығы. Оның ішінде емханалар аз. Елорда халқының саны 2030 жыл­дарға қарай 2 миллионнан асады деген болжам бар. Осыған байланысты қалада қосымша 7 емхана салу мәселесін жуыр­да қала әкімімен кездескенде пысық­тадық. Сонымен қатар емханаларда кадр тап­шылығы байқалады. Қалада 200-ге жуық дәрігер жетпейді деген ақпарат алдық. Алайда мұнда тек дәрігер емес, орта буын­ды медицина қызметкерлерінің де тап­шылығы бар. Астана қаласы бойынша бас-аяғы 160-тан аса емдеу мекемелері бол­са, соның 35-і қалалық әкімдікке қа­райды. 10-ы – республикалық мекеме. Басқасы – жекеменшік ұйымдар. Сол секілді 5 ведомстволық мекеме бар. Қала­­лық әкімдіктің жоспарларын көрдік, тың­дадық. Бірлесіп атқаратын жұмыстар бар. Астана халқын мазалап жүрген емхана, кезек, тегін дәрі-дәрмекпен қамту, ем­­ха­наға тіркелуге қатысты мәселелерден кейін темір­жол ауруханасының жайы алаң­­­дата­ды. Тозығы жеткен аурухананың жөн­­деу жұ­мыс­тарына жергілікті бюджет­тен 3 млрд тең­ге бөлінеді, – дейді А.Әлназарова.

Биыл жалпы тәжірибелік дәрігердің жол­­дамасынсыз тікелей арнайы маманға бару­ға болатын пациенттердің тізімі нақ­тыланып, тиісті бұйрықтар әзірленіпті. Ке­з­десуде Baq.kz ақпарат порталының тіл­шісі Аида Бақытхан министрден тера­пев­тің нұсқауынсыз арнайы маманға нақты кімдердің төте жүгіне алатынын сұрады.

– Қазір тиісті бұйрықтарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Біз қолдан келгенше осы үдерісті жылдам үйлестіруге тырысамыз. Медициналық сақтандыру қорымен қаржыландыруды пысықтап алдық. Мұн­да пациенттер 8 негізгі қызмет бойын­ша дәрігердің жолдамасынсыз емханаға барып, мединалық көмек ала алады. Бұл өзгеріс саладағы барлық мәселені шешеді деп айта алмаймыз. Бірақ қордаланған шаруаларды реттеудің алғашқы қадамы деп есептесек, болады. Тағы айта кететін мәселе бар, жалпы тәжірибелік дәрігердің дәрігер екенін ұмытпауымыз керек. Ол да 6 жыл оқыған, резидентурадан өткен. Біз жалпы тәжірибелік дәрігердің қызмет аясын кеңейтуді қарастырып жатырмыз, – дейді А.Әлназарова.

Қазір арнайы мамандарға жазы­лу едәуір жеңілдеген. Шұғыл жағдайлар мен жара­­қаттар, оның ішінде офталь­мо­логиялық, ото­ри­нола­рин­го­логиялық, шұғыл және жос­­парлы сто­матологиялық көмек көр­сету, дер­мо­то­венерологиялық аурулар ке­зінде және тіркелген емхана бойынша акушер-гинеколог пен психологтің қа­былдауына тікелей бара беруге болады. Сол секілді онкологиялық және гематологиялық бейіндегі ауруларға күдік болған жағдайда бірден арнайы маманға жүгінуге болады.

Баспасөз мәслихатында А.Әлназарова медициналық қызметтің сапасына қа­тыс­ты олқылықтарға тек МӘМС жауап бер­­меуі керек екенін түсіндірді. Бүгінде емдеу мекемелерінде қызмет сапасын арт­тыруға септесетін пациенттерді қолдау қыз­­меттері бар. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін емдеу мекемелерінің 30 пайызы бұл қызметті жетілдірмеген. Министрлік сала­­дағы көптеген мәселені емханаларға мем­­лекеттік бақылау жүргізу арқылы шешу­ге дайын. Жақында министрлік құ­ра­­­­мындағы Медициналық және фар­ма­­цев­­­­тикалық қызметтерді бақылау ко­мите­тін бөлу­­ді ұсынған. Осылайша, мем­ле­­кет­тік, мей­­лі жекеменшік ұйым­дар­да меди­­ци­на­лық бақылауды күшейтуге ниетті. Бұған қоса медициналық сараптамалардың да са­­­нын қысқартып, жарамдылық мерзі­мін ұзар­­­туға басымдық беріліпті. Меди­ци­на­лық анықтамаларды электронды үкімет пор­­­­талында жылға дейін сақтау мәселесі пы­­­­сықталады екен. Бұл да болса, МӘМС жүйе­­­­сінде сақтандырылған пациенттерге тәуір көмек.

Министрлік бүгінде саладағы 10 жа­ңа­ нор­­­мативтік-құқықтық актіге өз­ге­ріс­тер­ ен­гі­­зілуге кіріскен. Онда па­циент­­тер­дің, ме­ди­­­цина мамандарының кө­тер­ген­ мәсе­ле­ле­рі­нен туындаған түйт­кіл­дер қамтылған.