
Премьер-министр Мемлекет басшысы Жолдауда елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеру үшін жүйелі шаралар кешенін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Үкіметтің алдына экономикаға, агросекторға және логистика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты міндеттер қойылды.
«Біз Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін арттыру және мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдаймыз. Жаппай цифрлық трансформация, экономиканы жаңғырту және адам капиталын нығайту арқылы еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған барлық міндеттерге сай келеді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Барлық қаржыландыру мәселелерін шұғыл шешу қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.