Қоғам • 01 Сәуір, 2024

Қарияларға қамқор болған орталық

63 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақта «Бейнеттің зейнетін көр» деген жақсы тілек бар. Саналы ғұмырын елге, қоғамға арнап, бала-шаға өсіріп, құр­метті демалысқа шыққан зейнеткерлер – әулетінің ортасында қарттықтың қызығын көріп отырған, бұрынғыдай жағадан алған жұмысы жоқ, тасып жатқан тірлігі жоқ, жайбарақат тіршілік кешкен жандар. Алайда барлығы бірдей олай емес. Кейбір адамдар үшін зейнеткерлік демалыс «жалғыздық» деген трагедияға ұласатын көрінеді...

Қарияларға қамқор болған орталық

– «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейді қазақ. Қазіргі күні елордамызда 120 мыңға тарта зейнеткер бар. Солардың 16 пайызы бала-шағасынан бөлек жеке тұрады. Оның 90% – әйел. Барлығы үкіметтен зейнетақысын алады. Біз көбіне зейнеткерлер ақшасын алып отырса, басында баспанасы болса, жағдайлары жақсы деп ойлаймыз. Шын мәнінде олай емес. Бәрі де кезінде еңбек етті, ұжымның ортасында жүрді. Көп адаммен араласты. Бірақ құрметті демалысқа шыққаннан кейін кейбірі өздерін далада жалғыз қалғандай сезінеді. Араласатын, сырласатын орта іздейді, – дейді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Мұхтар Еркетаев.

Оның айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің жанынан ашылған бұл орталық құрметті демалысқа шыққан егде адамдардың қоғамнан шет қалмауы үшін бос уақыттарын белсенді де тиімді өткізу мақсатында құрылған. Кезінде мемлекеттік қызмет атқарып, Астана қаласы Ал­ма­ты ауданының әкімі лауазымына дейінгі еңбек жолынан өткен Мұхтар ағаның өзі де қазір зейнеткер. Жасы 79-да. Біз оның бүгінгі жұмыс орнына арнайы барып, орталық қызметімен жан-жақты танысып қайттық.

Мұхтар Дүйсенұлының айтуынша, 2019 жылдың басында өзі қа­тарлас бірнеше адам бірігіп, елор­далық зейнеткерлер құрметті демалысын қалай өткізіп жатқанын білу мақсатында зерттеу жүргізіпті. Олардың үйлеріне арнайы бас сұғып, әңгімелесіп, жағдайларын сұрап білген. «Байқағанымыз, егде жастағы қариялардың көбі бізді құшақтап жібергісі келмей, қастарында отырып әңгімелесуді, ел ішіндегі жаңалықтармен бөлісуді өтініп жатты. Бұл қыстыгүні болатын. Ол уақытта зейнеттегі адамдардың көбі көшеге көп шыға да алмайды. Үйде ғана отырады. Біз сонда олардың кейбірі жалғыздыққа тап болатынын, тіпті қараусыз қалатынын түсініп, бос уақыттарын бірге өткізулеріне мүмкіндік беретін орталық ашу қажет деген ойға тоқтадық. Ең алғашқыда мемлекет тарапынан қаражат бөлін­бесе де, өз қаржымызды салып, меце­наттарды тартып, сол жылы Ас­танадан осы орталықты ашқан едік», дейді ол.

ваар

Алғашқы жылы мұнда мың жарымдай зейнеткер келіп, өзара аралас-құралас болып, бос уақыттарын бел­сенді өткізуге дағдылана бастайды. Алайда 2020 жылдың басында пан­демия күшіне еніп, 60 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына тыйым салынғаны белгілі. Сонда орталық адамдары бірнеше зейнеткердің басын қосып, компьютер мен интер­нетті пайдалануды үйрету курсын ұйымдастырады. «Қарап отырсақ, егде жастағылардың көбі компьютер тілін білмейді. Пандемия уақытында зейнетақы алу, үйдің коммуналдық шығындарын төлеу, банк картасын аштыру секілді қызметтердің бәрін онлайн жасаудың жолдарын үйреттік. Кейбірінің балалары мен немерелері басқа қалада немесе шетелде оқып жатыр. Бейнебайланыс арқылы солармен сөйлесудің қыр-сырына баулыдық. Бұл жұмысымыз нәтижелі болды», дейді Мұхтар Дүйсенұлы.

Коронавирус кеселінің беті қай­тып, жер аяғы кеңігеннен кейін «Бел­сенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмы­сын қайтадан оффлайн режімде жалғастырып, күніне бұл жерге 200-300 адамға дейін келетін болып­ты. «Алдымызда алғашқыда зейнет­керлердің бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін не істейміз деген сұрақ тұрды. Содан олармен сөйлесіп көр­сек, көпшілігін денсаулық жағдайы мазалайды екен. Оның ішінде альц­геймер, яғни ұмытшақтық, паркин­сон, яғни қолдың дірілдеуі, аяқ буын­дары мен бел аурулары көбірек тара­ған. Жартысынан көбінің қан қы­сымы жоғары. Біз негізгі 5-6 бағытты анықтап, ол адамдар үшін түрлі топтар аштық. Мысалы, оңалту гимнастикасы, отандасымыз Абай Баймағамбетов ойлап тапқан «Айкуне» гимнастикасы, йога, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелерін аштық. Бұлардың бәрі біз анықтаған дерттерден айығуға көмектесетін пайдалы жаттығулар», дейді Мұхтар Дүйсенұлы.

Осылайша, орталықтың жұмысы жандана түседі. Бұл жұмыстардың бәрін Мұхтар Еркетаев бастаған белсенділер тобы өз күштерімен, ешқандай жалақысыз атқарады. Зейнеткерлерден де ақы алынбайды. Барлық үйірме тегін. Денсаулықты жақсартуға мүмкіндігі бар, сонымен қатар өзара шүйіркелесіп, бос уақытын көппен бірге өткізуге болатын орталық ашылғанын естіп, ат басын бұрған зейнеткерлер қарасы да қалыңдай береді. Кейін келе хор құрылып, вокал, домбыра үйірмелері де іске қосылады.

Бірақ мұның бәрі қомақты қара­жатты талап ететіні сөзсіз. Жаттығу құрал-жабдықтарын, музыкалық аспаптар секілді керек-жарақты алу керек, қарттарға сабақ өткізетін мамандардың жалақысы бар. Содан қалалық мәслихат депутаттарын шақырып, орталық жұмысын таныс­тырады. 2021 жылы Қарттар күнінде депутаттардың араласуымен қала әкімі де мұнда ат басын бұрып, атқа­рылып жатқан жұмыстарды көрген соң, мемлекет тарапынан қол­дау керек деп шешім қабылдайды. Осы­лайша, сол жылы желтоқсан айында қаулы шығып, 2022 жылдан бастап орталыққа қаражат бөліне бастапты.

«Бізге келетін зейнеткерлер са­ны көбейгендіктен және алыс жерге бара алмаймыз деген соң 2022 жылы Астананың 4 ауданынан фи­­лиалдарымызды аштық. Қазір елор­даның жаңадан құрылған Нұра ауданынан бесінші филиалымыз ашылып жатыр. Әкімдік тарапынан бөлінген қаражатқа барлық ке­рек-жарағымызды алдық. Бүгінде орталыққа күніне 2,5 мыңнан аса зейнеткер келіп, таңертеңнен кешке дейін адам қарасы үзілмейді. Жалпы, біз жұмысты бастағалы екі жылдың ішінде 19,8 мың зейнеткер тіркеліпті. Орталықта дәрігерлер, психологтер, әлеуметтік қызметкерлер бар. 38 жаттықтырушы еңбек етеді. Зейнеткерлерге 20 түрлі қызмет көрсе­теміз», дейді Мұхтар Дүйсенұлы.

Мұнда жаттығу залы, компьютерлік сынып, вокал, шығармашылық шеберлікпен айналысуға арналған бөлме жабдықталған. Бұған қоса, мәдени іс-шаралар (поэзия кештері, кітаптардың тұсаукесерлері және т.б.) тұрақты түрде өтіп тұрады. Мем­лекеттік және ағылшын тілі курс­тары белсенді түрде жұмыс істейді. Компьютерлік сауаттылықты оқыту курстары, эмоциялық түсіру бөлмесі (сенсорлық бөлме), физиологиялық релаксация кабинеті (электрлі массаж креслолары, аяққа, балтыр бұлшықеттеріне және тізеге арналған массажерлер) ұйымдастырылған. Релаксация бөлмесінде күйзеліс пен шаршауды жеңілдетуге арналған музыка мен бейнекөрсетілімдер қойы­лады екен.

«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» аясында ұйымдастырылған тағы бір қызмет бағыты – клуб жұмыстары. Қазіргі таңда «Атадан балаға аманат», «Интеллектуалды ойындар», «Поэзия клубы», «Super Velo Star», «Егде жастағы киім үлгілерін көрсету», «Көгалдандыру», «Караоке», «Күміс ерікті», «Хор және вокал» секілді 15 клуб жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар зейнеткерлерді қаланың көрікті жерлерін аралату экскурсиясына, театр қойылымдарына апарып тұрады.

«Қызмет алушылардың 70-80 пайызы ең алдымен денсаулығын жақсарту үшін келеді. Таңғы гимнастика, йога секілді жаттығуларға машықтандырып, өз-өзін жақсы сезінетін кезге жеткенде олардың белсенділерін клуб жұмыстарына тартамыз. Бұл да олар үшін уақыттарын белсенді, пайдалы өткізудің бір мүм­кіндігі», дейді директор. 2023 жылы мұнда 106 адам қазақ тілі курс­тарында және 347 қызмет алушы  ағыл­шын тілі курстарында оқуды аяқ­таған. Сондай-ақ зейнеткерлердің өтінішімен еріктілер араб тілі сабағын өткізеді. Бұған қоса, түрлі тақырыпта дөңгелек үстел, кездесу, насихат жұмысы жүргізіліп тұрады.

Белгілі тіл маманы, жазушы, 68 жастағы Маржан Бектұрсынқызы осы орталыққа ең алғаш волонтер ретінде мемлекеттік тілді білмейтін зейнеткерлерді оқыту мақсатында келген. Кейін осында жұмысқа орналасып, қазір орталықтың Байқоңыр аудандық филиалында қазақ тілі үйірмесінде сабақ береді.

– Орталықтың зейнеткерлер үшін пайдасы ұшан-теңіз. Олар бұрын қызметте болып, көпшілігі өзде­рінің белгілі бір қабілеттерін дамытуға уақыттары болмаған. Міне зейнетке шыққан соң, осында келіп қалаған ісімен айналысып жатыр. Мен өзім қазақ және орыс топтарына мемлекеттік тілден сабақ беріп келемін. Түрлі этнос өкілі қазақ тілін үйреніп жатыр. Одан бөлек мектептерге, балабақшаларға барып, кездесулер өткіземіз. Жастарға, жас мұғалімдер мен ата-аналарға салт-дәстүр сырларын үйретеміз. Мәселен, жуырда Наурызнама онкүндігін мектептердегі кездесулерге арнадық. Сонымен бірге орталықта айдың басында және соңында «Мен кітап оқимын», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты акциялар өтеді, – дейді ол.

Орталық директоры Мұхтар Ерке­таевтың айтуынша, орталықты құрудағы ең басты мақсат – қариялар­дың өз балаларына, қоғамға масыл болуының алдын алу. Қазіргі заман бұрынғы кеңестік кезеңнен басқаша. Интернет пен ұялы байланыс заманында туыстар арасындағы қатынас та бұрынғыдай жиі емес. Жұмысбасты адамдар жалғыз тұра­тын ата-аналарына баруды да сиретіп алғаны рас. Сондайда жасы ұлғайған қариялар жалғызсырап, «мені ізде­мей­сіңдер, ұмытып кеттіңдер» деп бала-шағасына өкпесін айтып жата­ды. «Адам үлкейген сайын бала сияқты болады ғой. Біз зейнет жа­сын­дағы замандастарымызды осы ор­талыққа шақырамыз. Мұнда бәрі тегін. Осы жерден өзіңізге дос, пікірлес, сырлас табыңыздар. Адам өзін қоғамнан шет қалғандай сезінбеуі үшін белсенді өмір сүру керек. Жуырда біз «Қазақтелекоммен» бірлесіп айына бір мәрте телекөпір ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Онда зейнеткерлердің басқа қалада немесе шетелде тұратын туыс­тарымен, достарымен емін-еркін сөйлесуіне жағдай жасалады. Қазір бұл жұмыс пысықталу үстінде», дейді орталық директоры.

Мамандар жақсы ой, сергек қимыл, белсенді өмір сүру адам­ның өмірін ұзартатынын айтады. Ол жалғыздықтан, күйзелістен құтқа­рады. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» да осындай пайдалы ниеттен туған бастама.