Жәдігер • 31 Наурыз, 2024

Ғасыр толған құнды кітап

87 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы (1889 - 1931) педагогика, психология саласынан құнды оқу құралдар жазып қалдырған. Соның бірі – 1924 жылы Орынборда 3500 тиражбен жарық көрген, 186 беттік «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға) атты кітабы. Бұл еңбекке биыл 100 жыл толып отыр.

Ғасыр толған құнды кітап

Автор аталған еңбегiнде: «Адам мiнезiнiң, ақыл-қайратының әртүрлi болуы – тәрбиенiң түрлi-түрлi болуынан… Адам баласының ұрлық iстеуi, өтiрiк айтуы, кiсi тонауы, өлтiруi сияқ­ты бұзақылықтарды жасауы – тәрбиенiң жетiспегендiгiнен», дей келе, бала тәрбиесiнде туған елдiң әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрiнiң белгiлi мөлшерде қалай әсер ететiнiн ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскені аңғарылады.

Шығарма төрт бөлімнен, 29 тар­мақшадан тұрады. Кітаптың «Ди­дактика» атты бөлімінде, тәрбиенің психологиялық негіздері (ынталы оқыту, үйрету әдіс­тері, машықтану жолдары, оқы­ту­дағы көрнекілік, оқыту түрлері, т.б.) өт­кен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ мектептерінің өмірінен алынған нақтылы мысалдармен терең талданады. Еңбектің төртінші бөлімінде, педагогикалық, психологиялық кейбір мәселелер сөз болады. Ұстаз бен шәкірт ын­тымақтастығының басты белгілері қазақ мектебінде сабақ өткізудің өзіндік ерекшеліктері айтылады. Кітап соңында терминдер берілген. Мысалы, музыканы – әуез өнері, этиканы – әдемілік пәні деген екен...

Кітап туралы кезінде біздің газе­тіміздің бастауы «Еңбекші қазақта» (1925 жылы) былай деп баға берілген: «Жүсіпбектің «Тәрбие жетек­шісі» кітабы – жыл құсы. Бұл кітаптың тілі өте жеңіл, жаңа сарынмен жазылған. Кітап әр оқушының үстелінің үстінде жатуы керек».

Сондай-ақ бұл туынды туралы академик Серік Қирабаев: «Жүсіпбектің артында бірталай ғылыми мұра қалды. Ол халық ағарту комиссариатында педагогикалық оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, ғылымның әр саласында жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер, оқу құралдарын жазды. Олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға) кітабы елеулі рөл атқарады. Бұл туынды әрине, бүгінгі педагогика мен психологияның методологиясы тұрғысынан әлсіз көрін­се де, өз дәуірі үшін аса пайдалы қызмет атқарды. Қазақ жастарына осы ғылымдар негізінде алғашқы мә­лімет берді, ғылыми терминдердің тууына негіз болды» («Қайта оралған қаламгер»: Құраст. В.Күзембаев. Алматы – 2003. 24-б) деп жазса, филология ғылымдарының докторы Тұрысбек Рақымжан: «Бұл кітапта дидактика мен педагогикалық психологиялық ғылыми астарлы, ұлт тіліндегі тәлім-тәрбиелік терминдер жүйесі сөз болады. Сонымен қатар баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын дұрыс жүйесін көрсетуге талпынған», деп ой түйіпті.