Ұлттық спорт • 20 Наурыз, 2024

АҚШ ковбойын арбаған көкпар

92 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Наурызнаманың Ұлттық спорт күніне орай еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шара көпшілікке ұсынылды. Астана қаласындағы «Арғымақ» ат спорты сауықтыру кешенінде Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, елорда әкімдігінің қолдауымен ұлттық ойын түрлері – көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу және тоғызқұмалақ пен асық атудан арнайы сайыс өтті.

АҚШ ковбойын арбаған көкпар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев отандастарды ұлттық спорт күнімен құттықтап, төл өнеріміздің өрісін кеңейтіп, насихатын арттыруға айрықша көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жыл басы, әз Наурыз мерекесі он күн бойы тойланады. Күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы оянатын көктемгі Наурызнама елдік мерекеге айналды. Қыркүйек айында Астанада Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Әлемнің әр қиырынан осы айтулы доданы тамашалауға 100 мыңнан аса турист арнайы келеді деп сенім артамыз. 100-ден аса елден 400-ге жуық қатысушы көшпелілер ойындарының көрігін қыздырады. Бүгінгі ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара арқылы да біз елдігімізді насихаттаймыз. Ат үстіндегі Алаш ұлдарының айбыны арта берсін», деді Е.Маржықпаев.

Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығының президенті Исламбек Салжанов төл өнері­міздің жалпы­халықтық сипат алып, бұқара­лық спортқа айналып келе жатқанын жеткізді.

«Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығы – 10 федерацияның басын біріктіретін ұйым. Төл өнерімізден саңлақтарымыз был­тыр халықаралық, әлемдік додаларға қатысып, 95 медаль олжалады. Еліміз үшін айтулы аламан саналатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын жоғары деңгейде өткеруге Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы да білек түріп кірісіп отыр. Бұл айтулы іс-шара ұлттық спортымызды да­мытуға тың серпін берері сөзсіз», деді И.Салжанов.

Іс-шара барысында көкпардан Астана қаласының командасы мен АҚШ-тан келген ковбой­лар арасындағы жолдастық кез­десу тартысқа толы болды. Рух­ты жанитын көкпар ойынына қаты­сып көрмеген америкалықтар да ше­бер­лігімен тәнті етті. Қорға­ныс­тағы шабандоздары біздің жігіт­терді қақпайлап, шеңберге маңайлатпады. Жекпе-жекте де едәуір тайталасты. АҚШ коман­да­сының капитаны ұлттық ойы­нымыздың ептілікке баулитынын ерекше атап өтті. АҚШ құрама­сын бастап келген ковбой Лэдд Хауэлл 2018 жылы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да қатысыпты. Көкпар спорты білекті ғана емес, жүректі жігіттердің додасы екенін айтты.

«Біздің командадағы Кейси Филд та, Джейсон Мотл да бұрын-соңды көкпар тартып көрмеген. Бірақ олар кәнігі көкпаршылардан қаймыққан жоқ, қайта қайсар­лық танытты. Күзде Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да қаты­самыз», деді ковбой Л.Хауэлл.

Наурызнама аясында ұйым­дастырыл­ған іс-шара барысында ұлттық спорт ардагер­леріне де сый-құрмет көрсетілді. Көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпио­ны Әбілхан Дауылбаев, тоғыз­құмалақтан Қазақстанның екі дүр­кін чемпионы Мейрамқұл Ноғай­­баев, Қазақ КСР-іне еңбек сіңір­ген жаттық­тыру­шысы Жұма­бек Мейрамғалиев, бел­гілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүніс­байұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген жат­тық­тырушысы Құлам­хан Жақыпов, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов, атбегі Мейрамбек Шәкеновке қомақты сыйақы берілді.

Ұлттық спорттың ардагері, әйгілі шабандоз, 30 жыл көкпар тартқан Әбілхан Дауыл­баев америкалық ковбойлардың дегдар өнер төл спортымызға икемі бар екенін айтты.

«Америкалықтардың атқа міні­сінен-ақ тақымы мықты екенін бағамдадық, көк­пар­ды жерден іліп алуда, жекпе-жекте де әбжіл­дік танытты. Бұл – тек спорттық сайыс емес, өнер дәрежесіндегі ойын түрі. Ұлт­тық спортымыздың осылай дәріптелгені елдігі­мізді асқақтата түседі», деді ардагер көкпаршы.

Статистикалық дерек бойын­ша ұлт­тық спорт түрлерімен жүйелі түрде шұғылдану­шылар қатары 619,2 мың адамға жетті. Бұл бағытта 1 488 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның ішінде 928 бапкер ауылда шәкірт тәрбиелеп келеді. 12 спорт клубы мен ұлттық спорт түрлері бойынша 13 спорт мектебі бар. Бұдан басқа құрама командалардың спортшылары әзірлік жүргізетін Ұлттық және Ат спорты орталығы жұмыс істейді.