Форум • 08 Наурыз, 2024

Астанадағы әйелдер форумы

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне белсенді араласып жүрген қыз-келіншектер көп-ақ. Осы жолы олар Пре­зи­дент жанындағы Әйел­­дер істері және отбасы­лық-де­мографиялық саясат жө­ніндегі ұлттық комис­сия­ның 25 жылдығына орай­лас­ты­рыл­ған Қазақстан әйелдерінің форумында бас қосты.

Астанадағы әйелдер форумы

Форумға елдің барлық өңірінен 500-ден аса қонақ жиылды. Олардың қатарында саяси және қоғам қайраткерлері, кәсіпкер, білім және ғылым саласының қызметкерлері, көпбалалы аналар болды. Басқосуда азаматтық сек­тор мен халықаралық ұйым өкіл­дері отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат жөнін­де, әйел­дер­дің қоғамдағы рөлі турасын­­да ма­ңыз­ды мәселе­лер­ді талқы­ла­ды. Бұл қа­тарда отбасы­ларды әлеу­мет­тік және эконо­мика­лық қол­дау, бала құқығы және әйел тең­дігіне қа­тыс­ты да ұсыныс-пікірлер айтылды.

Форумның ашылу салтанатында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева комиссияның атқарған жұмыстарына аз-кем тоқталып, әйелдерге алғыс айтты.

– Форумға еліміздегі отбасы, гендерлік, демо­графиялық саясатқа тікелей қатысы бар қыз-келіншектерді шақырдық. Оның ішінде комис­сия құрылғалы бері ұлттық және өңірлік ко­мис­сияның төрағасы болған азаматтармен жүздес­кенімізге қуаныштымыз. Комиссия төраға­сы ретінде сан саланы дамытуға, елдің өркен­деуіне іс жүзінде қолдау көрсетіп жүрген қыз-келін­шектерге ризамыз. Сондай-ақ отбасы құнды­лығы, бала құқығын қорғау, әйел құқығы, теңді­гіне тікелей қатысты біршама толымды іс тын­дыр­ғандарға алғыс айтқым келеді, – деді А.Балаева.

Осыдан соң Астана қаласы әкі­мінің орынбасары Есет Байкен әйел­дерді қолдау бағытында іске асқан жұмыстардың ретін баяндады.

– Бүгінде Астана тұрғындары 1 млн 400 мыңнан асты. Статистика бойынша халықтың жартысынан көбі – әйелдер. Елорданың қыз-келіншектері түрлі салада табанды еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық, қо­ғамдық-саяси өміріне белсенді араласады. 90 мыңға шамалас шағын және орта бизнесті қыз-келіншектер басқарады. Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін әйелдердің де үлесі артып келеді. 30 мыңнан аса көпбалалы отбасылар назарымыздан тыс қалмады. Сонымен қатар қала әкімдігі адами капиталды дамытуға және әйелдерді әлеуметтік қолдауға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия арқылы да ерекше көңіл бөледі. Мысалы, комиссия былтыр 50-ге жуық іс-шара өткізді. Қиын жағдайға тап болған жүздеген отбасыға қолдау көрсетті. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында да іске асып жатқан жұмыстар көп, – деп түйіндеді Е.Байкен.

Бірі білсе, бірі білмес, 25 жылда Ұлттық комиссия отбасылық және гендерлік саясаттағы өзекті мәселелер бойынша шаруаларды тәп-тәуір үйлестірген. Комиссия мен серіктестердің арқасында әйелдер, отбасы және балалар құқығын қорғауға бағытталған жүз­­деген табысты жоба мен бас­та­ма іске асқан. Әрі комис­сия салаға қатысты маңызды ше­шім шығарумен шектелмей, оны орын­дайтын бірегей органға айна­лып үлгерген. Бұл туралы «Amanat» партиясының хатшысы, Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жө­нін­дегі ұлттық ко­миссияның мүшесі Шолпан Ка­ринова, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори және басқа да спикерлер айтты. Комиссияның жұмысын мадақтап, белсенді әйелдерге табыс тіледі.

Бұдан кейін форум TEDX фор­ма­тында жалғасып, елдің әлеу­мет­тік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне таудай үлес қосып жүрген белсенді, танымал әйелдер сыр бөлісті. Олар әңгімесін жетіс­тік­ке жету жолындағы қиын да қы­зықты сәттерден бастап, қазақ әйелд­ерінің асыл қасиеті жөнін­де мазмұнды оймен түйіндеп жат­ты. Ізінше комиссия мүше­лері қонақтарды әйелдер құқық­тары мен отбасылық құндылық­тарды қорғау саласында ынты­мақтастықты нығайтып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.