Технология • 07 Наурыз, 2024

Жасанды интеллекті жолында

52 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Инновация жетістіктерінің игілігін әр салаға енгізу қазіргі кездегі маңызды қажеттілікке айналды. Білім беру бағыты да біртіндеп цифрлық жүйеге бейімделіп келеді. Жоғары оқу орындарында жаңа маман­дықтар ашылып жатыр. Елі­міздегі оқыту жүйесін оңтай­ландыру үшін тағы не істелді, енді қандай қадамдар жасау қажет?

Жасанды интеллекті жолында

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек айтқан­дай, тех­нологияның дамуы – жаһан­дық мәсе­лелерді шешудің маңыз­ды тетігі. Технология әлем­дік деңгей­дегі байла­ныс пен ынты­мақтастық­ты жеңіл­дету арқылы адамдар арасын­дағы қа­шықтықты азайтады. Олар сондай-ақ инновацияларға, экономикалық өсу­ге және жұмыс орындарын құруға әсер ететін жаңа өнім­дер мен қыз­мет­терді қалыптастыруға ықпал етеді. Жаңа технологиялар үздік білім мен да­муға ықпал ететін, өндірістік және бизнес-үдерістерді оңтайландыруға мүм­кіндік беретін, уақыт пен ресурс­тар­ды үнемдейтін білім мен ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтеді.

Сондықтан білім саласында техно­логиялық мүмкіндіктерді пайдалану­ды арттыру маңызды. Бұл мақсат – жауапты министрліктің де күн тәрті­бін­­дегі мәселе. Жақында вице-министр Динара Щеглова­ның басшылығы­мен жоға­­ры оқу орын­дарының цифр­ландыру ­жө­нін­дегі проректорлары­ның қаты­суы­мен кеңес өткен еді. Кездесу­де ­2024 жылға арналған жоғары білім ­бе­руді цифрландырудың негізгі аспекті­лері талқыланды, «ЖЖОКБҰ-ның цифр­лық ұлттық рейтингі» әдіс­на­масы ұсы­нылды. Сондай-ақ «жоға­ры білім берудің бірыңғай платфор­масы» ­ақ­параттық жүйесі таныстырылды.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментінің директоры Нұрсұл­тан Махатов жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық өнімдер, цифрлық деректер сияқты негізгі блоктарды көрсете отырып, жоғары оқу орындарының цифрлық жетілуін айқындау жөніндегі стандарттың жобасын ұсынды. Динара Щеглова заманауи талаптарға жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында цифрландыру­дың тиімділігін арттыру үшін осындай кез­десулердің маңызды екенін атап өтті.

Саясат Нұрбек кадрларды даярлау экономиканың қажеттіліктерін ұзақмерзімді болжауға негізделетінін айтқан. Осы тұрғыда кадрлармен қам­тамасыз етудің өңірлік стандарттарын әзірлеу жоспарланған. «Біз қазірдің өзінде мамандықтарда қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін зерттеп жатырмыз. Ол үшін әкімдіктер жанынан жоғары оқу орындарын, білім беру ұйымдарын, «Атамекен» ҰКП, ірі кәсіпорындарды тарта отырып, өңірлік жобалау кеңселері құрылатын болады. Бұл модель өзінің дағдылары мен құзыреттерін үнемі жаңартып отыратын тәжірибелі маманды қалыптастырудың барлық кезеңдерін қарастырады», деген еді министр.

Жоба қазір үш өңірде қанатқақты режімде басталды. Мысалы, Павлодар облысының Жаңа кәсіптерінің атласы әзірленіп, оның негізінде С.Торайғы­ров университетінде екі инновациялық бағдарлама – «Машина жасау және ­реверс-инжиниринг» және «Өнер­кәсіп­тік роботтехника және автомат­тан­дыру» бағдарламасы енгізілді. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бас­тап бес инновациялық білім беру бағ­дарламасы қосылды. Сондай-ақ Yessenov University-де Маңғыстау об­лы­сының жаңа кәсіптерінің атласымен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік университетінің базасында Ақтөбе об­лы­сының атласымен жұмыс істеу басталған.

Жоғары оқу орындарын цифрландыру бағытында маңызды жобалар­дың бірі – жасанды интеллектінің әлеуе­тін арттыру. Әрине, оның көлеңкелі тұс­тары бар болса да, барынша игілігін көру­ді бүкіл әлем қолға алған. Сондық­тан бізде де қалыс қалмау үшін қадам жасалып жатыр. Мәселен, бұл жағы­нан ерекше жаңалық жасаған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­теті болды. Олар бакалавриат деңгейін­дегі оқу үдерісіне жаңашылдық енгіземіз дейді. 2024-2025 оқу жылынан бастап 1 курс студенттері жасанды интеллек­тіні оқып, ғылыми зерттеулер жүргі­зе­тін болады.

Жаңа оқу жылында Еуразия ұлт­тық университетінің барлық педа­гогикалық бағыттар бойынша бака­­лав­риат деңгейіне арналған Minor бағдарламасын іске қосады. Сту­денттер инклюзивті білім берудің үш қосымша пәнін, атап айтқанда «Инклюзивті сыныпта оқытудың әмбебап дизай­ны», «Ерекше білім беруді қажет ететін баланың отбасына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету» және «Ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларды тьюторлық қолдау» бойын­ша оқиды. Осы бағыт­та ЕҰУ қыз­мет­керлері ерекше білім беру қажет­тіліктері бар студенттермен жұмыс істеу бағытында оқытушылар­ға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеген.

Сонымен қатар дарынды жастарды ғылымға тарту мақсатында 2024-2025 оқу жылынан бастап бакалавриат бағдарламаларына екі жаңа модуль енгізіледі. Олардың бірі – ғылыми ком­понентті қарастырады және студенттер оқудың бірінші жылынан зерттеу жұмыстарымен айналысады. Екінші модуль – жасанды интеллектіні зерттеуге бағытталған. Студенттер осы бағытта білімдерін кеңейтіп, озық цифрлық технологияларды меңгереді.

«Жыл сайын техникалық, инже­нерлік және педагогикалық маман­дықтарды меңгеруге ниет білдіргендер саны артып келеді. Біздің университет еңбек нарығының қажеттіліктеріне және технологияның дамуына сәйкес білім беру бағдарламаларын үнемі жетілдіреді, жаңаларын әзір­лейді. Біз жұмыс берушілермен, шетел­дік уни­верситеттермен, ірі компания­лар­мен бірлесіп, еңбек нарығының сұра­ны­с­ы бойынша жаңа инновациялық білім бағдарламаларын әзірлеудеміз. Қазір бізде 40-қа жуық инновация­лық бағдарлама бар. Олардың 18-і педагогикалық, инженерлік және техни­калық бағыттарды қамтиды. ЕҰУ-да оқыту үдерісі үш тілде жүргізі­леді және 45 білім бағдарламасы ­ағыл­шын тілінде қарастырылған. Сон­дай-ақ университетіміз қысқартыл­ған білім бағдарламасы бойынша үш жыл математика пәні мұғалімде­рін даярласа, биылғы жылы «Ғарыш­тық техника және технологиялар» білім бағдарламасы бойынша докторан­тура ашылды», деді ЕҰУ Академия­лық мәселелер департаментінің дирек­торы Байжұман Қашхынбай.

Айта кетейік, Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық универ­сите­тін­де педагогикалық, инженерлік, тех­никалық бағыттағы жоғары білікті кадр­ларды даярлауға көп көңіл бөлі­неді. Бүгінгі таңда университетте осы салаларда үш деңгей бойынша 12 мың­нан астам студент білім алады. 244 білім бағдарламасының 100-і пе­да­гогикалық, инженерлік және тех­никалық бағыттар бойынша қарас­ты­рылған.

Сонымен қатар Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің мәліметін­­­ше, қазіргі кезде Л.Н.Гумилев Еуразия ұлт­­тық университетінде «Жасанды ин­тел­лект технологиялары», Қазақ технология және бизнес университетін­­де «Жасанды интеллект», Қ.И.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық техника­лық зерт­теу университетінде «Киберне­ти­ка және жасанды интеллект, Қазақ­стан-Британ техникалық университетін­де «Компьютерлік ғылым және жасан­­ды интеллект», Қарағанды индустрия­­лық университетінде «Жасанды интел­лект технологиялары» сияқты білім бағдарламалары бойынша кадрлар даяр­ланып жатыр. Болашақ мамандар­дың саланы ілгерлететініне үміт көп.