Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрының актері Досжан Әбдірәлімұлы Жанботаев 1949 жылы Алматы облысы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының Жалаулы аулында дүниеге келді. Жалаулы өркениеттен алыстау қалған қарапайым ғана қазақы ауыл болатын. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Досжан да ауылдың көп қарадомалақтарының бірі болып өсіп жатты. Бірақ...
Ересектердің әңгімелерінен Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов тәрізді тарландар туралы ел арасына аңыздай тарап кеткен әңгімелерді құлағы шалып қалатын. «Олар ит болып үріп, қасқырша ұлығанда, қой болып маңырап, сиыр секілді мөңірегенде ешкім ажырата алмай қалады екен», «Бала кездерінде олай істепті, бұлай істепті» деген тәрізді сөздер санасына біртіндеп сіңіп жатты ма екен, бұл да кейде солай жасап көрмекке әрекеттенетін.
Анасы жарықтық сауыншы болды. Сол кездегі тәртіп бойынша әр сауыншыға ақ халат беріледі. Бірақ кім сиырды халат киіп сауушы еді? Комиссия келіп қалғанда керек болатындықтан, үйде ілулі тұратын.
Сауыншылар сауыннан қайтқанда бір шелек, жарты шелек сүт ала қайтады. Мұны Досжан бала болса да жақсы біледі.
Сауын мен ауыл орталығының арасында ескілікті қорым бар еді. Үстіне ақ халатты киіп алды да, қорымның ішіне жасырынып жатты. Сауыншылар, ішінде өз шешесі де бар, қорымның тұсынан өте бергенде «Ей, ұятсыз немелер! Күн сайын сүт ұрлап неге күнәкар болып жүрсіңдер?» деп шыға келгенде, бәрі тым-тырақай қаша жөнеледі. Шелектегі сүттері аймандай болып жерге ақтарылды. «Шайтан, шайтан» деп айқайлап алды-артына қарамай қашып бара жатқан әйелдерді, әсіресе анасын аяп кетті. «Қорықпаңыздар, бұл мен – Досжан ғой» десе де ешқайсысы мойын бұрып қарағысы жоқ, одан сайын жанұшыра жүгіреді. Сол күнгі оқиға көпке дейін ауылды дүрліктірді. Анасы «ешқандай да шайтан емес, менің істеп жүргенім ғой» дегеніне ешқашан сенбеді.
Бала кезіндегі мұндай «әртістік» қылықтар толып жатыр. Бірақ мұны өнер деуге келе қоймайды. Дегенмен «тақыр жерге тал өспейді» демекші, бойында бірдеңенің ұшқыны болғаны ғой. Сол ұшқын жылдар өте келе жалынға ұласатынын бала Досжан, әрине, білген жоқ.
Мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнына түсу, мамандық алу – әр баланың арманы. Досжан да Алматыға барған. Аялдамада тұрып әлдебір жарнамаға көзі түсіп кетті. Әртіс болуға оқытатын жарнама екен. Барды, талаптарына сай келді, қабылданды. Сөйтіп, Мәскеудегі М.С.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесінде оқитын болды. Өзі театр оқуына түскеніне емес, Мәскеуде оқитынына мәз болды. Ауылдағы «авторитеті» бір-ақ күнде аспандап шыға келді. Училище деген аты болмаса, ескіден келе жатқан өнер ордасы екен. Небір майталмандардан дәріс тыңдады, сабақ алды.
1972 жылы училищені бітірген 17 жас бірден Торғай облысына топ ете қалды. Өйткені облыстық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков училищеге барып, олардың аяқ алыстарын байқап көрді, көңілінен шықты. Сөйтті де, топтың жұбын жазбаған қалпы Арқалыққа алып барып, Торғай облыстық музыкалық драма театрын ашты. Сол 17-нің бәрі дерлік әлі күнге дейін театрда жүр. Олардың арасынан бір халық әртісі, 13 еңбек сіңірген әртіс атанғандар шықты. Танымал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Жанат Хаджиев те осы топтың арасынан шыққан еді.
Торғай театры өз шымылдығын «Айман – Шолпан» драмалық комедиясымен ашты. Осы пьеса туралы Уикипедияны парақтап көрсеңіз, «Көп қойылымдарда көмескі болып жүрген Жарас бейнесі торғайлықтардың сахнасында шынайы түрде шықты» деп баға берілгенін байқар едіңіз. Ал Жарасты сомдаған Досжан Жанботаев болатын.
«Театрдың ашылу салтанатына өнердің ірі-ірі майталмандары келді. Серке Қожамқұлов әкеміз премьерадан соң сөйлеген сөзінде «Бұған дейін талайын көріп едім, бірақ нағыз Жарасты бүгін ғана көрдім» дегенде төбем көкке жетті. Қазақ театр өнері корифейінен мұндай мақтау сөз есту деген түсіме кіріп пе екен? Содан асқақтап, шалқақтап кетсем керек. Қазіргі тілмен айтқанда, «жұлдыз ауруына» ұшырағанмын ғой. Менің мұнымды Өз-ағаң, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз байқап қалса керек, бір күні кездесіп қалғанда: «Досжан, басың – алтын, басқа жеріңнің бәрі күміс болса да, көкте қалықтай бермей, жерге түс», деді. Осы сөз маған өмірлік сабақ болды. Содан кейін қаншама мақтау, мадақ естісем де, атақ иеленсем де қарапайым қалпымды сақтап қалуға ұмтылатын болдым», деп еске алады Досекең ең алғашқы сомдаған кейіпкері хақында.
Сол Өз-ағаң кейін жылдар өте келе жазған кітабының бір тұсында: «Маған Жанботаевтың ойнындағы оның сахнада аяқ астынан шешім қабылдай қоятыны қатты ұнайтын», деп жазыпты. Керемет баға емес пе?
Доскең Өз-ағаң туралы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға бар. Өйткені Обком хатшысы екеніне қарамастан әрбір қойылымның репетициясына дейін келіп көріп, қадағалап жүретін Өзбекәлі Жәнібековтің ақыл-кеңестері керемет болатын. Аңғарымпаздығын, байқампаздығын айтсаңызшы?
Бірде репетиция кезінде: «Досжан, бері келші, сенің ышқырбауың қалай байланған өзі?» деді. Қасына барғанында баудың бір ұшын тартып жібергенде, түйінделді де қалды. Қайта шеше алсашы әлгі шіркінді.
«Көрдің бе? Сен дұрыс байламағансың. Ал нағыз қазақ бауды күрмеп байлайды, – деген Өз-ағаңның, – сендерді ел көреді, біреу болмаса біреудің назары түссе, «ышқырбауларын дұрыстап байлай алмай жүріп актер болмақ түрлерін қара» деп күледі» деген ақылы әлі жадында. Немесе бір рөлді сомдағанда «Сен бүгін сахнаға шыққан соң, бес минуттай босқа жүріп алдың, содан соң ғана образға еніп кеттің», дегені ше. Ұстаздық деген осындай болмай ма?
Досжан Жанботаев – дарынды актер, сахнаның шынайы шебері. Ол тынымсыз ізденіс, кәсіби шеберлікті шыңдаудағы қажырлы еңбегі нәтижесінде 50-ден астам образды сомдап, қайталанбас бейнелердің галереясын жасады. Актер өзі сомдаған әрбір кейіпкердің ішкі жан дүниесін, сезім иірімдерін өзгешелікпен бейнелеуге үлкен мән береді және оны өзгеге ұқсамас өзіндік қолтаңбамен көрермен назарына ұсына біледі. Сондықтан да оның сомдаған классикалық және қазіргі заманғы драмалық туындылардағы образдары көрермендер мен театр сыншылары тарапынан жоғары бағасын алды. Әсіресе ол сомдаган А.Штейннің «Толасындағы» – Ленин, Ш.Мұртазаның «Сталинге хатындағы» – Сталин, К.Әбдрахманның «Кетбұқасындағы» – Шыңғысхан, У.Шекспирдің «Гамлетіндегі» – Клавдий, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Қарабай, Қ.Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығындағы» – Жарасбай, К.Ахметовтің «Ерте ояндым, ойландым...» және «Қанда бар ғой, қанда...» спектакльдеріндегі Жиренше мен Байсал қарт, басқа да кесек-кесек тұлғалар – актер талантының сан қырлылығын танытқан образдар. Ал «Айман – Шолпандағы» Жарас туралы Серке Қожамқұловтың берген бағасы белгілі.
Торғай театрына кейін С.Қожамқұловтың есімі берілді. 1988 жылы Торғай облысы таратылғанда, театр тайлы-тұяғы қалмастан Жезқазған қаласына қоныс аударды.Театрдың халықаралық, республикалық фестивальдарда алған жүлделерінде Досжан Жанботаевтың актер ретінде қосқан үлесі мол. Мәселен, ол 1986 жылы республикалық театр фестивалінде қойылған С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», 1998 жылғы фестивальдағы М.Әуезовтің «Қаракөз» спектакльдеріндегі сомдаған рөлдері үшін «Ең үздік эпизодтық ер адам бейнесі» аталымдарында топ жарды.
Театрдың өркендеуіне, ұлттық сахна өнерінің дамуына қосқан зор үлесі үшін ол 1977 жылы КСРО Мәдениет министрі, КСРО Жазушылар одағы және мәдениет қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің дипломдарымен марапатталды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Кеңес заманында өнер адамдарының кеудесіне орден тағылуы ілуде бір кездесетін еді. Досжан сондай құрметке ие болған санаулы актердің бірі болды. 1982 жылы «Қазақ Республикасына еңбегі сіңген әртіс», 1992 жылы «Қазақстанның халық әртісі», 2008 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. 2023 жылы Досжан Жанботаевқа Ұлытау облысының Құрметті азаматы атағы берілді.
«Актер боламын деп ойламағанымды айттым ғой. Тағдыр мені осы өнерге алып келді. Енді мына ғажапты қараңыз, кешегі күнге дейін Қарағанды облысындағы «Халық әртісі» атағы бар жалғыз актер мен болдым. 2022 жылы Ұлытау облысы құрылған соң Қарағандыда мұндай атағы бар ешкім қалмады. Ел Президенті «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтадан орнына келтіріп дұрыс істеді, өнер өзінің лайықты бағасын алуға тиіс», дейді сахна саңлағы.
Ол театрда ғана емес, кино саласында да бірнеше бейнені кемеліне келтіріп, сәтті ойнап шықты. Олардың арасында «Абай» фильміндегі – Оразбай, «Жамбыл – жаңа дәуірдегі» – Жамбыл, «Әулеттегі» – Қаршыға және тағы да басқа бейнелер бар.
Актер боламын деп ойламаған әртіс кейін шаңырағының актерлер ордасына айналатынын да ешқашан білмегені рас. Зайыбы Райхан Ибраевамен М.С.Щепкин атындағы училищеде бірге оқыды, отау құрды. Райхан Жұмабайқызы да талантты актрисалардың бірі. Ол сомдаған «Қобландыдағы» – Құртқа, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» – Баян, «Ромео – Джульетадағы» Джульета және басқа да образдар шынайылығымен көрермен көңілінің төрінде қалды. Р.Ибраева Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және Құрмет орденімен марапатталды. Бұл, әрине, оның театр саласындағы жемісті еңбегіне берілген лайықты баға екені сөзсіз.
Ал ұлы Теміржан Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірді. Ол да театр фестивалінде екі мәрте жүлдегер атанды. Театрда ғана емес, бірнеше фильмде де бағын сынады. Қызы Мируана әу баста заңгер болуды қалаған. Бірақ бойындағы талант, өнерге деген құштарлық өз дегеніне бағындырмай қоймайды екен. Ол Қырғызстан Өнер академиясының режиссерлік факультетін бітірді. Мируана сахналаған «Шырақ», «Тәтелер», «Екі дүние ортасындағы мейманхана» спектакльдері театр саласының олжалы дүниелерінің қатарынан орын алды.
Немересі Темірланның төртінші сыныпта оқып жүрген кезінде киноға түсіп, Ялтада өткен кинофестивальда «Періште» фильміндегі ол ойнаған рөл «Үздік ер адам рөлі» деп бағаланды.Ол қазір де киноактер ретінде бірнеше фильмге түсіп үлгерді.
Алматының, Астананың театрлары бізге келіңіз деп қолқалаған. Бірақ ол актерлік жолын бастаған, жетпіс жыл ғұмырының жарты ғасырдан астамы қазанында қайнап келе жатқан өзіне тым ыстық көрінетін Серке театрын қиып кете алмады. С.Қожамқұлов атындағы Музыкалық драма театрын өнертанушылар «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» деп те атайды. Ал ешқашан актер боламын деп ойлап көрмеген Досжан Жанботаев – осы «маңдайдағы театрдың» маңдайалды актері, ел ағасы.