Кәсіпкер • 28 Ақпан, 2024

Шұлық шығаратын цех

119 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Сәрсенкүл Аралбаева былтыр шұлық шығаратын шағын цех ашуға бекініп, биыл сол жоспарын іске асырыпты. Кәсіп иесі сұраныс артып, іс алға басса, өндіріс көлемін кеңейтуге ниеттеніп отыр.

Шұлық шығаратын цех

Кәсіпкер тауарды «АҚСУАТ» деген атаумен сатылымға шығарыпты. Жазда мемлекеттің бастамасымен іске асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы туралы ақпаратты ауыл әкі­мі­нің тұрғындармен кездесу жиынынан естіп, қалай да қатысып, тәп-тәуір мүмкіндіктен құр қалмауды ойлапты. Отбасымен ойласа келе, тапқан табыстың басын қосып, кәсіп ашудың қам-қарекетіне кіріскен. Әрине, ауылда тұрған соң, ауыл шаруашылығымен айналысу туралы ойдың бірінші келетіні түсінікті. Бірақ жобаны үйлестіретін жауапты мамандардан талап-шарттарды сұрас­тыра келе, мал шаруашылығын емес, өнер­кәсіп ашу керек­тігін біл­ген.

– Әкіммен кездесуде кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет 2,5 пайызбен несие беріп жатқанын білдік. Үйге келген соң, отбасымызбен қандай кәсіп ашсақ болады деп салаларды зерттей бастадық. Содан шұлық шығаратын цех ойымызға келе қалды. Шикізатты, құрылғыларды қай­дан аламыз деп ойландық. Осы­ның барлығын сұрастыра келе қарасақ, цех ашуға шамамыз келеді екен. Бизнес жоспарымызды түзіп, тап-тұйнақтай қылып әзірлеп өткізіп едік, бірер ай өткенде қарашада қаражаты да түсе қалды. Қытайдан құ­рыл­ғылар алдыруға сондағы қа­зақ ағайындар жәрдемдесті. Олар құрылғымен қоса арнайы сапасы жақсы жіптерді де салып жіберді. Жіпті Ресей, Өзбекстан, Қытайдан алдырып жатырмыз. Бағасы қымбатқа түссе де, таза мақтадан жа­сал­ған жіп сатып алып, сапаға көп көңіл бөлуді ойладық. Кәсіп бастау біз ойлағандай жеңіл емес екен. Ең әуелі шыдамдылық керегін түсіндік, – дейді кәсіпкер.

рп

Шетелден шұлық өндірісіне қа­жетті кейінгі үлгідегі құрыл­ғы­лар­ды алдырған соң, оларды ор­­нату үшін Ташкенттен маман шақырт­қан. Маманның өзін бір­неше апта іздес­тіріп жүріп, әзер тауыпты. Құ­рыл­ғыларды түгел орнатқан соң, оны басқаратын шебер тапқан. Ол кәсіпкердің баласына техниканың қыр-сырын түсіндіріп, бір айдай оқы­тып, үйретіпті. Сәрсенкүл Аралбаева жоба аясында қолға тиген шағын несие кәсіп бас­тауға ынталан­дыр­ғанын айтты. Әйткенмен жобаны іске асыру барысында әуелгі қаражаттан үш есе көбірек жұмсалыпты.

– Біздің есебімізше, жоба аясында бес мил­лион теңге алсаңыз, бес жылға үстіне шамамен 500 мың теңге қосылады. Әрі кәсіпті дөң­гелетіп алып кеткенше бір жыл демалыс береді. Келешекте ісіміз алға басып жатса, кәсіпті кеңейтіп, киім-кешек шығаруға болады. Әзірге цехта екі адам жұмыс істеп жатыр. Жақында тағы екі жұмысшы аламыз. Өндіріс автоматтандырылған, дегенмен әр құрылғыны басқаруға кемі бір-бір адамнан керек. Бірер күн бұрын базардан да аштық. Қазір іргелес ауылдардан келіп, біздің өнімді алып жатқандар көбейіп жатыр. Супермаркет қожайындарымен сөйлесіп көрдік. Олар шұлықтың арнайы қаптамасы болуын сұрап, сапалы өндірісті әрдайым қол­дау­ға әзір екенін аңғартты. Апта ішін­де Ташкентке барып, тауар­дың қаптамасын сұранысқа сай да­йындаудың қам-қарекетіне кірі­се­міз. Байқағаным, бұл нарыққа төтеп беру қиын екен. Қытай, Қыр­ғызстан, Өзбекстаннан, тіпті қазір Кореядан да шұлық келеді. Осы­ған қарамастан біз өнімнің сапасын түсір­мей, бастаған ісімізді ілге­­рі­ле­ту­ден танбаймыз. Нарық тала­бы­ны­ң үдесінен шығамыз, – дейді С.Аралбаева.

Отбасылық кәсіп ашып, ілгеріле­ту­ге көңіл бөле бастаған кәсіпкер қазір күніне 500 жұпқа шамалас шұлық өндіреді екен. Оның ішінде бала­ларға, ұл-қыздарға арнап тігілген шұ­лық­тардың түр-түрі бар. Кәсіпкер оның басым көпшілігін 150-200 теңгеден сатылымға шығарса, қалың шұлықтардың бағасын 400 теңге деп белгілепті. Бұл әзірге үш адамның ұйымдасып атқарып отырған шаруасы. Жақында кәсіпкер цехқа тағы жұмысшы шақырса, тиісінше сұраныс артса, өндіріс көлемі де кезең-кезеңімен ұлғаятын тәрізді. Ол үшін тауардың сапасы мен бағасы көңілге қонымды болуы керегін Сәрсенкүл Аралбаева бізден жақсы біледі.

 

ҚЫЗЫЛОРДА