Кәсіпкер • 26 Ақпан, 2024

Жылыжайда жайқалған қыр гүлі

76 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сайын даланы алқызыл түске бояйтын көктем мезгілінде Жамбылда бұрын «Қызғалдақтар фестивалі» ұйым­дас­ты­рылып тұратын. Жуалы ауданы аумағында өтетін іс-шараға мамандар ат басын бұрып, сұлулық пен нәзіктіктің символына айналған гүлдің арғы-бергі тарихы туралы сөз қозғайтын.

Жылыжайда жайқалған қыр гүлі

Суретті түсірген – Ақжігіт Жетпісбай

Енді әулиеаталық арулар қырға сән берген қызғалдақты тек көктем мезгілінде күт­пейді. Өйткені жер­гі­­лікті кәсіп­кер­лердің бірі ни­дер­­ландтық қызғалдақтарды өсіру мақ­са­тында жылыжай ашып, кә­сі­бін дөңгелетуді қолға алды. Аса ауы­лының тұрғыны аула­сындағы екі сотық жерде қызғалдақтың оннан астам түрін өсіріп жатыр екен. Досжан Жамбылов тәуекел еткен кәсібінің нәсібі аз болмайтындығына, бас­таған ісінің берекелі боларына бек сенімді.

Шыны керек, қазіргі кезде кәсіппен айналысамын деген адамға барлық мүмкіндік қарастырылып жатқанына ешқан­дай күмән жоқ. Ерінбеген адам еңбектің тәтті нанының дәмін татып, рахатқа бөленіп жүретіні даусыз. Досжан жұрт көп назар аудара бермейтін қызғалдақ гүлін өсіру бизнесін қолға алыпты. Гүлге деген қызығушылық отыздан енді ғана асқан оның жаңа бір істі бастауына себепші болған. Әрине, ештен кеш жақсы. Бастысы, бизнес арқылы өзін жаңа қырынан сынап көруге бел буған азаматтың құлшынысы көңіл қуантады.

«Шыны керек, қызғалдақ өсіру кәсібіне көп адам қызыға бер­мейтіні баршаға мәлім. Бәлкім, мехнаты көп жұмыс болған соң назар аудармайтын шығар. Ал біз тәуекелге бел буып, осы жұ­мысты қолға алып жатқан жайы­мыз бар. Отбасымызбен бірі­гіп, бірер жыл бұрын бастаған ісімізді жетілдіре түссек деген ниетпен кәсіпке зор ынтамен кірісіп отырмыз. Алдағы уақытта жылыжайдың санын арттырып, 50 мыңнан астам қызғалдақ гүлін өсірсек деген жос­парымыз да жоқ емес. Ең бастысы, бұл жұмысты жандандыруға ниет­тіміз. Соған сәйкес нәтижеміз де жаман болмас», дейді Д.Жамбылов мә­се­ле­нің мәнісін тү­сін­­діріп.

Расында, ауладағы жерге қыз­ғалдақ өсіру – оңай шаруа емес. Дерекке сенсек, мұндай кәсіпке субсидия қарастырылмаған екен. Істі дөңгелетем деген адам несие ала ма, басқа қадамға бара ма, әйтеуір ретін табуы керек. Бір жақсысы, бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысында бастау алған қанатқақты жоба бүгінде «Ауыл аманаты» деген атаумен жалғасып жатқаны мәлім. Сол жоба аясында 2,5 пайыздық үстемемен несие рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Ол бірнеше жыл бұрын жылыжайда қызғалдақ гүлін өсіріп көруге бел буған. Әуелі бір жәшікте өсіріп, сынап көрген. Нәтижесі көңіл көншітерліктей болған соң ғана тәуекелге барыпты. Айтуынша, ауылдағы бизнес осылайша сынақтың сәтті өтуінің арқасында басталыпты. 2 сотық жерге жылыжай салғаннан кейін нидерландтық қызғалдақтың он түрінен 17 мың түп орналастырыпты. Қараша айында отырғызған қыр гүлі бүгінде жылыжай ішінде жайқалып тұр.

Жас кәсіпкердің айтуынша, жылыжайда жайнаған гүлдер бес күнде бір рет суарылады екен. Белгілі мерзім ішінде қызғалдақтың биіктігі 50 сантиметрге дейін жетеді. Ал ақпан айының аяқ тұсында мұндағы гүлдер толықтай жетіледі. Бір сөзбен айтқанда, өңір тұрғындары жылыжайда өскен қызғалдақты сегізінше наурыз мерекесінде сатып ала алады.

«Қызғалдақ гүлін күтіп-бап­таудың өзіне тән мехнаты аз емес. Мұндағы ауа температурасы қалыпты болуы шарт. Жос­пардан тыс жылытып жіберу­ге болмайды. Олай болған жағдайда желдеткіштерді жедел қосуға тура келеді. Себебі артық жылу мен артық жарық біз күткен мер­зімнен бұрын әсер етуі ықтимал», дейді ол жағдайды түсіндіріп.

Гүлге деген құмарлық арқылы қызғалдақ өсіруге ден қойған жас кәсіпкердің алға қойған жос­пары біршама. Кәсібін кеңей­туді көксеп отырғаны анық. Тәуекелге бел буған адамның ғана айтарлықтай жетістікке жететініне сенімі кәміл. Басқа да арман-мұраттарын жүзеге асыру үшін жанкештілікпен еңбек етуге әзір.

Оның жылыжайындағы қыз­­­ғал­дақтарға деген сұраныс көк­­тем мезгілінде арта түсетініне күмән жоқ. Өйткені жылыжайда жайқалған гүлдің жұпар иісі кімді де болсын қызықтырмай қой­майды.

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы