Поэзия • 22 Ақпан, 2024

Киік сарын – биік сарын

62 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақ киік, жез киік, қызыл киік туралы аңыз көп ел ішінде. Тек қазақ даласына тән жануар болған соң аңызымен қоса күйі де, әні де мол. Поэзиялық, прозалық шығармалар қаншама. Осылардың арасында алғашқылардың бірі болып құлаққа шалынары көнеден келе жатқан күйлер, олардың арасында Ықыластың «Жезкиігі» болса керек. Құрманғазы шалған «Ақсақ киіктің» жөні басқа. Теріс бұрауда тартылатын Ықыластың «Жезкиігі» қандай кең арналы күй болса, соғұрлым аңыз-әңгімесі де мол.

Киік сарын – биік сарын

Қазақ даласында жаз­ғы­тұрым алтындай аударылып-төңкеріліп көшетін табын-табын киік еркіндік пен азаттықтың, сұлу­лық пен сертшілдіктің символы. Біздің елде ғана өсіп-өнгендіктен қазақпен тағдырлас жануар да осы киік. Оған күмән келтіре алмайсыз. «Жан едім мен де сертшіл далада өскен, сен-дағы жалтармадың, жолды кестің» дегені бар Кәкімбек Салықовтың. Бұдан бұрынғы Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киігін» айтпай-ақ қояйық. Аталған тұлғалардан бұрын өмір сүрген Ықылас «Жез­киік» күйінде жоғарыдағы қасиеттердің бәрін қамтып және өзінен кейін жазған шығармалардың алдына­ түсіп кеткендей көрінеді де тұрады. Бұл туындыны Жаппас Қаламбаев пен Саян Ақмолданың орындауында қобыздан тыңдаса, әуен аспандай ашылып, даладай күңіренеді. Дәуірдің үнін салады. Оркестрдің орында­уында құлақ түрсе, кең атырапты кернеп, бүгін жазылған шығармадай естіледі. Тіпті джаз оркестрінің аспаптарына салса да құлпырып шыға береді. Түп бастауы қобыз болғанымен, Жанғали Жүзбай, Қайрат Айтбаевтар домбырада шалғанда арқаландырып қана қоймай, өксітетін тұстары да анық сыз береді. Бертінде Әнел Туырлықбаеваның орында­уында жетігеннен де тыңдадық. Үзіліп тұр. Мәңгілік туынды осылайша жылдармен бірге жасап, халқының көкейінде жаңғыра береді деген сөз.

Бастапқыда күй жайма-шуақ есіліп, жанды жайдары сезімге бөлеп, арынды ағысына ілестіріп ала жөнеледі. Еркін тыныстаған сарын екпіндей келе жандүниеңді алапат дүбірге шақыратындай сезіледі. Бір уақта бастапқы сарын бәсеңдегендей кейінге ысырылып, арғы жағынан терең мұң мен толғауы тоқсан сұрапыл саз сыбыс береді-ақ. Алғашқы екпін жоғалып кетпейді, бірақ. Сол жойқын сарынның алапат қуаты келе-келе тереңдей түседі де, бір жерлерінде өксіп-өксіп қалып, әрі қарай құлашты әуен қайта басталып бара жатады.

Осындай шоқтықты туын­дыны оркестрге тұңғыш түсірген Алдаберген Мырзабеков екен. Кейінде шығарманың үзінділері көптеген өнер туын­дыларын көркемдеуде қолданылғанынан хабардармыз. Өнертанушы Айгүл Ерғалиева бұл шығарма туралы: «Ықылас Дүкенұлының «Жез киік» күйі – қазіргі заманғы қобыз музыкасының көркем­дік құндылық тұрғысынан шоқтығы биік үлгілерінің бірі. Халық жадында, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жеткен туынды айрықша сюжет­тік және музыкалық семантикасымен қызықтырады. Күй атаулының дүниеге келтіретін себептің баршасы халық сана­сында күй аңызы түрінде сақ­талып, таралып отырғаны бел­гілі. Бұл жөнінде академик А.Жұбанов: «Жез киікке» арна­ған күйінде композитор өз ойын, сезімін бейнелейді. ...Опти­мистік шабытқа толы күй. Күйді тыңдағанда оның мело­диялық сазының басынан аяғына дейін ширағы және сымбатты болып келетініне... өмірге деген сүйіспеншілігіне бас иген автордың таланты» – деп еді», дейді.

Музыканың тілі – әмбебап. Ол бір жағы шаттық та, бір жағы шер мен нала болып та есіліп жатуы кәдік. Кісінің жандүниесіне – көңіл күйіне қарай әсер ете беруімен құ­ді­ретті. Әйтпесе осыншама көл-көсір дүние күй деп атала сала ма? Қобыз күңірене келе небір таңғажайып әуендер салғанын байқамай да қалуы­ңыз мүмкін. Көлденең кездес­кен құралайды жатырқамай келесі бір басқа киік емізіп кете беретін қазақтың кең даласындағы бөкендерге қара­ғанда жалғыз-ақ нәрсе еске түспесі анық қой. Киік құрлы еркін де азат, бір-бірінің баласын емізіп, бауырына басып жүре беретін киік құрлы бауырмал қазақтың басынан не өтпеді? Өзінен мың жыл бұрын өмір сүрген Қорқытты түсінде көріп, содан қалған киелі мұраны ұстаған Ықыластың басынан ғана емес, жан-жүрегінен өткен құбылыстың бір парасы даланың киіктеріне қарағанда шер толқытып туламауы мүмкін бе? Сондықтан «Жезкиік» күйінің аңызы да әр алуан болуы – заңдылық. Әркім өзінше тыңдап, парықтап аларға керек. Әзірге ақылға қонғаны мынау: «Арқаның Бетпақдала мен жапсарындағы Ақтау, Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді таулары ерекше шұрайланғанда, ел жайлауға қонған кез. Осындай бір табиғат пен адам қауышып, жайлаудың қызық күндері басталған шақта дәулескер күйші Сайдалы Сары Тоқаның үйінде Арқаға даңқы жайылған күйші-домбырашылардың басы қосылып қалса керек. «Сары Тоқаның інісіндей» болып кеткен қобызшы Ықылас, ән мен күйді тел меңгерген Дайрабай, домбыраға тіл бітіретін Қыздар­бек бар. Бұлардың ауылдары Сары Тоқа ауылына жапсар. Содан соң Тоқаның жасының үлкендігін сыйлап, ел жайлауға шыққанда арнайы келіп сәлем беруді әдет еткен.

Орайы келген осындай бір шақ болса керек, сұхбат құрып отыр­ғанда ауыл іргесіндегі жон­­нан асып, төгілген алтындай болып қалың киік көрінеді. Ғажайып көрініс әркімді-ақ қайран қалдырады. Сонда, қашан­нан ұшқыр ойлы, шалт мінезді Тоқа: «Мынау бір көз алдың­нан кетпесе деп тілейтін сұлу сурет екен. Шыныменен сұлу­лықты дыбыс етіп саусақ­та­ры­ңа ілгендерің рас болса, осы сурет­ті күй етіп көріңдерші!», дейді ғой.

Тоқаның әлгі өтінішіне алдымен Ықылас елеңдеп, аз-кем абыржи толқып отырады да, қара қобызына қол созады. Іле қыл қияқты құшырлана шалып, әлгі бір сұлу суреттен бірде кем емес сырлы сазды құйқылжыта төгеді. Күй бір тыңдауға ойнақы болып көрінгенмен, осынау даланың мұң-сырын тұяғына ілестірген арман-киіктей болып, азаттықты дәріптейді.

Күй біткенде жанары жасаурап отырған Дайрабай: «Апыр-ай, Ықам-ай, адам жанын айтқызбай түсінетін жампоз екенсіз ғой! Тусаң ту! Әлгі сырлы саз қырдың қызыл киігін қиялдағы жез киікке айналдырып жіберді-ау!» деген екен».

 

P.S. Мұндай аңыздан соң күйді тыңдамау мүмкін бе?