Дәстүр • 13 Ақпан, 2024

Бозанбайдағы бүркітшілер мерейі

81 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қабақтың үстінен ұшқан қыран қалықтап келіп, қашқан қоянды тегеурінімен ілсе, қаршыға мен ителгі ұшқан оқтай көктегі көгершіндерді теуіп түсіріп жатты. Мұндай сәтте ХVІІ республикалық бүркітшілер біріншілігіне жиналған жұрт қиқу қосып, «әп, бәрекелді» дескен-ді.

Бозанбайдағы бүркітшілер мерейі

Суретті түсірген – автор

Биылғы қыста Бозанбайдың төрінде құсбегілердің сайысы екінші рет өтті. Қарашада халықаралық деңгейде ұйым­дастырылса, бұл жолы тек Қазақ­стан қырандарының қы­ра­ғылығын анық­тайтын сайыс болды. Ақпандағы ақ боранға қарамастан, еліміздің әр өңі­рінен 70-тен астам бүркіт пен 40-тан астам қаршыға және ителгі әкелінді. Бес күнге созылған сайыстың алғашқы күні саңқылдатып құс көтерген құсбегілер таныстырылып, жеребе тартылды. Қас­қыр ішік, саптама етік, түлкі тымақ киген бүркітшілер келе жатқанда, ру­хың асқақтап, арқалана түсе­тінің рас. Президент те ұлттық сипаттағы дү­ние­ні кеңінен дәріптей түсуіміз керек деді емес пе?! Ал Бозанбай ауылы құсбегілер ортасына айналып келе жатқалы қашан. Оның үстіне елімізге ғана емес, әлемге белгілі бүркітші Ай­­шолпан Нұрғайыпқызының отбасы сонау Моңғолиядан осы ауылға қоныс аударды. Әріге үңілсек, Бозанбайда Өз­бек Ма­напов деген әккі құс­бегі өткен. Оның құсбегілігі тура­лы кеңес өкіметі тұсында Жапонияның журналистері де келіп репортаж жасаған екен. Соған қарағанда, Бозанбай құт қонған, құс қонған қасиетті мекен секілді.

– Құсбегілік өнерге қызы­ғушылық артып келеді. Ел кө­лемінде көптеген жарыс­тар өтіп жатыр. Соның ішінде соңғы кезде Шығыс Қазақ­станда құс­бегілік өнер қанатын кеңге жайып келеді. Биыл екінші рет еліміздің құсбегілері Бозан­байда бас қосып отыр. Бұл ауылда елге белгілі бірқатар бүр­кіт­шілер тұрады. Ол да Шы­ғыста құсбегілік өнердің да­муына үлкен әсер етеді деп ой­лаймын. Білесіздер ме, бұл ауылда тағы бір кіш­кентай бүр­кітші қызымыз тұрады. Есімі Айзере. Осы­ның бәрін ескеріп ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионатын Бозанбайда өткізуді жөн көрдік. Жарыс жеңімпаздары Астанада өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойы­нына қатысады, – дейді

ҚР «Құс­бегілік» бүркіт­шілер федера­циясының вице-пре­зиденті Бағдат Мүптекеқызы.

Жарыс нәтижесінде, сонау Аты­рау­дан ат арытып кел­ген құсбегі Сар­мат Әб­дікәрімұлының қыраны жа­рыс­тың чемпионы атанды. Екінші орынды ал­матылық Аян Сейітжан қан­жы­ғасына бас­ты. Жүлделі үшін­ші орын­ды пав­лодарлық Алан Ысқа­қов­тың бүр­кіті тегеурінге ілді. Соны­мен қа­­­тар қаршыға мен ителгі ұшыр­­ғандардың да жүлделері анықталды.

– Боран қыранның қана­тымен ере жүретін табиғи құбылыс. Қар, боран аңшылар үшін қиындық емес. Қалай бол­ғанда да нағыз қы­­ран­дар фи­налға шығып, жеңіске жет­ті. «Шығыс Алтай» бүр­­кітшілер фе­де­ра­циясын бірнеше жыл басқарып, өңірде құс­бе­гіліктің дамуы­на өзін­дік үлесімді қостым. Енді Шы­ғыс пен Абай бөлініп жатыр. Ал­дағы уақытта да әкімдік қол­дау көрсетіп отырса, мұндағы бүр­кітшілер же­місті жұмыс істейді, – деп, бүр­кітші Тәттімбет Кәп­ұлы сенім білдірді.

Бозанбайға жаңа қоныс аударған құсбегі Нұрғайып Ырыс­­ұлының айтуынша, бола­шақта бұл ауылда бүр­кітшілер орталығы ашылады. Орталық құсбегілікпен ғана шектелмейді, сон­дай-ақ ұлттық өнерді, салт-дәстүрді наси­хаттауға бағытталады.

Сөйтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүзге жуық құсбегі Қалба сі­лемінде қырандарын қалықтатып қайт­ты. Иә, қолға қыран қон­дырған бүр­кіт­шілер құс қана көтеріп жүрген жоқ, ұлт­тық рухты да биіктетеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы,

Бозанбай ауылы