Сұхбат • 11 Ақпан, 2024

Әлібек Асқаров, жазушы: «Терең білім – кітапта!»

328 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әлібек Асқаров прозасы – оралымды тілімен, біраз уақыт санаңды санға бөлер қою атмосферасымен таныс. Жазушының біз байқаған өз болмысы – көңілдегіні көзден ұғар қырағы, кең. Жақында қаламгермен арнайы әңгімелескен едік.

Әлібек Асқаров, жазушы: «Терең білім – кітапта!»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Сыншы Құлбек Ергөбек сізді «Алтай­дың айтағалы жыршысы» деп ата­ғаны мәлім. Әңгіменің әлқиссасын оқыр­манға етене таныс «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романынан бастасақ.

– «Өр Алтай...» – алғашында «Жұртта қалған жеті үй» деген атпен «Жұлдыз» журналында повесть болып шыққан болатын. Кейін оған үлкен тағы екі тарау қосылды. Аумалы-төкпелі сол кезеңдегі қоғамдық қым-қиғаш құбылыстар жинақ­талып, жаңа материалдармен толық­тырылды. Содан, арадағы жиырма бес жылда бұл роман қазақ тілінде әртүрлі бас­падан он мәрте жеке-жеке кітап болып басылған екен. Оған қоса, орыс тілінде екі рет, ағылшынша бір мәрте шығыпты. 

Осы роман жазылған кезде жарықтық Алтай бүтін еді. Кеңшар тарамаған, аудандар мен облыстар қосылмаған уақ... Еліміз Тәуелсіздік жариялағаннан бастап Абайдың 150 жылдығына дайындыққа кіріскен кез. Академик Сейіт Қасқабасов жоғары қызметке ауысып кетті де, Абай тойын дайындау жұмыстарын одан әрі жүргізу ісі маған тапсырылған. Қазіргідей жарты жыл, бір жыл қалғанда емес, 1992 жылдан бастап бүкіл ел болып тойға дайындалуымыздың бір сыры – Мырзатай Жолдасбековтің біліктілігі деп білем. Ол кісі: «Ертең-ақ мерейтой уағы келіп қалады. Біздің Тәуелсіздігіміздің ең ұлы мерекесі – осы Абай тойы деп ұғыңыздар! Күллі жер жүзін шақырып, Абайды, Абай арқылы бүкіл қазақты оларға танытатын болайық!» – деп, бәрімізді бұл шаруаға үш жыл бұрын жұмылдырды. Абай то­йына қатысты комиссия отырысының бірінде Мұрат Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға ұлы жазушыға не түрткі болғаны тура­лы әңгімесі есімде қалыпты. Бұрынғы қазақтың қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тірлігі, түрмесі жоқ сахараның ешбір елге ұқсамайтын беймарал тұрмысы мен салт-дәстүрі келмеске кетіп бара жатқанын Мұхтар Әуезов көзімен көріп, көңіліне түйеді. Сосын өзі куә болған сол жаймашуақ дәуірді мәңгі есте қалдыруды мақсат етеді. «Абай жолы» эпопеясы осылайша өмірге келген екен.

90-жылдардың басында ауыл­ға барған сайын көретінім – арқаны кеңге салған майрағай да тайрағай заман жоғалыпты. Ағайынның бәрі «нарық» деп шапқылап, мұрындарына су жетпей жүр. «Біруақ бой жазып жайлауға қыдырайық, көңіл ашып сырласайық» деп өтінген достарымның маған қарайлауға мұрша­лары жоқ. Содан, «бол­масаң да ұқсап бақ» деген ой келген... Әуезов өзінің тұңғиық та жұмбақты бейқам заманын жазғанда, біз неге жастығымызда куә болған жайсаң жылдарымызды жазбасқа деп түйгенбіз.

– «Қайырымды үміт мүйісі немесе Жер шетіне сапар» атты шағын кітап­шаңызды оқып шығып, ерекше әсер алып едім. Саяхатшылық, жиһанкездік, тіпті альпинистік қыры­ңыз­дан да хабардармыз. Осын­дай сапар кезінде есте қалған қызықты жай­лармен бөліссеңіз?

– Шүкір, денсаулықтың арқасында Еуропаның біраз жерін, Азия мен Африканы армансыз аралаппыз. Содан түйгенім, дегдар мінезді текті Париж де емес, көшеде қайықпен жүретін Венеция, немесе сәулет өнерінің жауһар үлгілері топтасқан Фло­ренция мен Валенсия да емес, Норвегияның тұңғиық фьордтары да, тіпті көз жауын ала жарқыраған ақ мәрмәр Тәжмахал да, Сияньнің терракота армиясы да емес – олардың бәрі адамзат тарихының бертінгі куәгерлері. Олардың бәрін араладық, көрдік, көзайым болдық. Солардың ішінде мені қайран қалдырғаны – бізден бес мың жыл бұрын салынған Мысыр пирамидалары болды.

Сондай-ақ Африканың оңтүс­ті­гіндегі Қайырымды Үміт мүйі­сіне барғанымыз да мықтап есте қа­лыпты. Сол жерде Атлант пен Тынық мұхиттарының түйіскен тұсын тамашаладық. Бірі көк­пең­бек, бірі жап-жасыл, екі су бір-біріне қосылмайды. Арада сы­зықтай сызылған, буырқанған ап­пақ көбік. Ғайыптай бұл құбылыс Құранда да жазылған екен.

– Бізде әдебиеттің бірнеше мектебі бар. Сіз өзіңізді соның қай өкілімін деп есептейсіз?

– Мен, шынын айтқанда, көбіне табиғат туралы жазғанды ұнатамын. Қадыр Мырза Әлі ағам бірде маған «сен Пришвин секілді жазасың» деп айтқан еді. Сөйтсем Михаил Пришвинді мен бейбақ ғұмыры оқымаппын. Өзімді суретшілер туралы көп жазған Паустовский мекте­біне жатқызар едім. Ал жазуыма көп әсер еткен – Григорий Федосеев деген кісі. Кезінде Сихоте-Алинь тауларын, Становой сілемдерін зерттеген жеркезбе геодезист. Кейін жасы келіп, зейнетке шыққан соң тау мен таста, иен түзде жүріп ғылым үшін жазған күнделіктерін жүйелеп, көрген-білгенін қағазға түсірген. Содан ақыры тамаша жазушы болып кеткен. Мәселен, көп жазушылар табиғатты суреттеген кезде демі жетпей, айтары тау­­сылып тапырақтап қалатынын байқап жүрмін. Табиғатты жазу оңай емес. Ол үшін өзің арасында жүріп, аптабына күйіп, жаңбырына малшынып, табиғат тылсымын бар болмысыңмен сезінуің керек.

Біз жыл сайын достарымызбен топтасып, керуендетіп-сырнайлатып Алтайға барамыз. Содан көл жағасына шатыр тігіп тастап, бір қойымызды сойып, балығы­мыз­ды аулап, біраз күн табиғат аясында демалуды әдетке айналдырғанбыз. Сол кезде күн ұясына бата неше түрлі дауыс­­ты естисің. Алдымен скрипка тарт­­­қандай шілделік шырылдайды. Артынша әудем жерден елік әупіл­дейді, орман ішінен бұғы сырнайлатады, таудың таз биі­гінен суыр аңқиттайды, шың жартас­тан бүркіт шаңқылдайды... Тегі, таби­ғат симфониясы деген осы шығар!

Құдайға шүкір, бізде, әсіресе от ауыз, орақ тілді мықты ақын жастарымыз баршылық. Десек те мені ылғи да бір нәрсе мазалай береді... Жастар прозасының көбісі көркем тілден, көрікті ойдан алыстап бара жатқан сияқты. Әңгіме, повестерін мақаланың тілімен жазып, көркемдік ізденістері жетпей жатады. Ондай дүние дәмі жоқ, татуы жоқ сылдыр суды еске салады.

Бүйте берсек киелі де кепиетті қазақтың бай тілін аздырып, құнарын жұтатып, қордасын ортайтып, дәмді мәйегінен айрылып қаламыз ба деп қапаланамын.

XX ғасырда Латын Америка­сын­да, Жапонияда әдеби дүмпулер орын алғаны белгілі. Ендігі дүмпу қай елде болады деп болжар едіңіз?

– Бұл өзі күрделі сұрақ. XIX ғасырда жер жүзінде француз әдебиетінің атағы жер жаһанға жайылып, шеніне жолатпай шарықтап тұрды. Бірақ ол эйфория ұзаққа бармады. Әлем әдебиетінің мінберіне XIX ғасырдың екінші жарымында орыс әдебиеті жарқырай шықты. Олар ХХ ғасыр бойы қол жеткізген сол биігінен түспеді. Ал енді мынаған қараңыз? Басқалар бұл пікіріммен таласа жатар, бірақ менің пайымымда – Толстойға жетер әлі күнге әлемде жазушы жоқ. Ол пайғамбар текті. Толстойдан кейінгі пайда болған әдебиеттегі азулы классиктердің баршасы Толстойдың шәкірті секілді. Маркес, Фолкнер, Хемингуэй, Льоса, Абэ, Астуриас, Мисима, Кортасар, Сильва, Мураками, Карпентьер, тағы кімдер бар еді... сен айтқандай, бұлар расында да әдебиетке үлкен жаңалықтар әкелген, сөйтіп, зор «дүмпулер» жасаған Америка мен Жапония қаламгерлері ғой. Мен бұларды да Толстойдың шекпенінен шық­қандар деп білем. Толстойды оқы­май ол елдерде жазушы болған ешкім жоқ шығар. Еуропада бүгінде әдебиет аздап тоқырау үстінде екені байқалады. Осыны ойлағанда – орыстар қандай бақытты халық деп таңғаласың. Олар әлемдік өркениетке өнердің үш тағанындай үш алыпты сыйлады: әдебиетте – Толстой, көркемсуретте – Репин, музыкада – Чайковский.

Ал, енді сенің сұрағыңа келсек, дәстүрлі кітап емес, электронды технология қарыштап дамып кеткен мына заманда кезекті «дүмпу» қай құрылықта, қайсы елде болатынын аузы дуалы әдебиет сыншылары да болжай алмай жүр.

– Ғайыптан сиқырлы құс келіп бір арманыңызды орындар болса, нені айтар едіңіз?

– Өмірімде сонша бір орындалмай қалған нәрсе, бармақ шайнатқан өкініш бар деп айта алмас едім. Арман еткен дүниенің баршасы біртіндеп орындалған сияқты, қызметтің қызығын да бір кісідей көрдік. Бала-шаға десек, олар да Құдайға шүкір, аман-есен, өсіп-өніп жатыр. Байтақ мінез ағалармен, баянды замандастармен көп араластық. Енді, міне, бұрынғының арты, бүгінгінің қарты жасына да жақындап қалған екенбіз. Мүмкін Кәдірбек ағам мен Оралхан, Дидахмет пен Сауытбек болмағанда, шашым жалбырап тәп-тәуір суретші болып кетер ме едім, кім білген? Бір қызығы, жасыңда алған білімің, көзқарасың өмір бойы сақталып қалады екен. Мен қарсы алдымдағы адамның түріне көз салсам да, орман-тоғай, тау мен таста жүрсем де айналама ылғи да суретшінің көзімен қараймын. Кейде байырғы базарлы жастығың есіңе түсіп, суретшілікті сағынатыным бар, этюдникті арқалап, бас ауған жаққа қаңғып кеткің келеді. Суретші демекші, есіме тағы бір жағдай түсті. Алматыда Ұлттық кітапхананы басқарып жүрген кезде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Қазақстан суретшілерінің үлкен көрмесі ашылды. Өнер музейіндегі сол ашылуға барсам, баяғыда бірге оқыған менің курстастарым өріп жүр екен. Бірі Павлодардан, бірі Шым­­қаладан, енді біреулері Ақтөбе мен Атыраудан келген. Көр­меден соң бәріміз жиналып, улап-шулап мейрамханаға бардық. Бірер рюмке көтерілген соң, базбір курстастарым мені алдымен алыс­тан орағытып әзілмен мүжіді. Соңынан ашығына кетіп, сөзбен мүйіздей бастады: «Сені оқып жүрміз, бізді сатып кетіпсің, жазушы боп кетіпсің. Жарайды, оныңа да көндік. Бірақ осы сен біз туралы, суретшілер жайында аузын­ буған өгіздей болғаның не? Сурет өнерінен хабары жоқ, бояудың иісін сезбеген біреулер көпіртіп жазып жатады. Оларды оқыған кезде кейде өзің ұяласың. Ал сен суретшінің жанын, арман-аңсарын түсінетін әріптесіміз емес пе едің! Неге үндемейсің?» – деп тиісті. Шындығында, олардың өкпесі орын­ды еді. Дипломды кәсіби маман мен суретшілер жайында, сол саладағы дос­тарым туралы ләм деп ауыз ашпаппын ғой. Басымды салбыратып, өмірдегі ондай олқылығымды курстастарымның алдын­да еріксіз мойындадым. Осы бір жосық­сыз әңгімеден соң мен суретшінің көзі­мен «Алтайда алтын күз еді» деген повесть жаздым.

– Тұтас өміріңізге әсер еткен бір оқиға жөнінде айта кетсеңіз?

– Жалпы, мен о баста жазушы боламын деп ойлаған жан емеспін. Суретшілік оқуға түсіп, арасында екі жыл әскерге барып, алты жылдан соң күректей дип­лом алған мені Семейге жіберетін болды. Ол кезде «Лениншіл жасқа» безендіру штрихтарын, әңгіме мен очерктерге иллюстрациялар, суреттер салатынмын. Менің жалаңаяқ студент екенімді білетін Сейдахмет Бердіқұлов қаламақыны бас­тыра қойдырып жіберетін. Осылайша, суретшіліктің арқасында ақшадан тарыққан кезім болған жоқ. Қайта басқа институттарда оқитын достарым менен келіп қарызға ақша алып тұратын. Бірақ солардың қайтарған кезі тағы есімде жоқ. Содан, қысқасы, Семейге кететін болып, суреттерімді редакцияға тапсырып, шығып келе жатсам, сыртта Кәдірбек Сегізбаев ағам жолыға кеткені. «Неғып жүрсің?» деді, суреттер тапсырып келе жатқанымды, оқуымды тәмамдап, диплом алғанымды, Семейге баратынымды айттым. «Жоқ, сен тұра тұр. Сен Семейге барсаң, ол жақтан қатын аласың да қайтпай қаласың. Менің соңымнан ер, жүр!» деді де, қолымнан жетектеп, «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Қалдарбек Найманбаевқа алып кірді. Қалекең сөзге келген жоқ, журналда 37 сом жарты ставкалық орын бар екен, соған кіре тұр», деді. Семей сапары адыра қалып, сол күні жарым ставкаға бұйрық шықты. Осы журналда суретші болып бастап, кейін әдеби қызметкер, бөлім бастығы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқардым.

Ол заманда Оралханның үйіне жиі барамыз. Ол үйде көбінде «Оралханның жеті жетімі» аталған – Кәрібай, Кәдірбек, Бексұлтан, Ақселеу, Серік, Қуанышбай ағала­ры­мызды кездестіріп жүрдік. Ол кісілер жиналып карта ойнайды. Орағаңның құдайы көршісі, асқан білімпаз ағамыз Сағат Әшімбаев та, театр сыншысы Әшірбек Сығай да солардың ортасында. Карта дегендері сылтау, отырыстары ылғи да өңеш жыртқан айтыс, өзеуреген пікірталас, айтылатыны тек әдебиеттің әңгімесі. Аға­лардың жүз грамын құйып беріп, тіскебасарларын дайын­дап, қас­та­рында мен де әңгіме тыңдап оты­рамын. Бірте-бірте көркем әде­биет­ке, жазуға деген ықыласым ояна бастады.

– Оралхан Бөкейдің біз білмейтін кісілік келбеті жа­йында айтып өтсеңіз.

– Оралхан «Әркімнің әріптес өз дос­тары, жақын араласатын замандастары бары заңды. Бірақ жерлестер ретінде біз де анда-санда кездесіп, ауыл жаңалығымен бөлісіп, шүйіркелесіп тұруымыз керек», – дейтін. Кейбір жазда Орағаңмен Алтайға барып, жайлауды бірге аралайтынбыз. Ол жайындағы бір жазбамда: «Горкийдің Данкосы секілді, Оралхан ағамыз соңындағы інілеріне туған жерге, елге деген алаулаған жүрек отын тастап кетті» – деп толғаған екенмін. Ол рас сөз, Орағаң ылғи да «қаншалықты алыста жүрсеңдер де, әсте, ауылдан кіндіктеріңді үзбеңдер» деп айтып жүретін.

Бірде, мамыр туа Орағаң екеуіміз ол кісінің алда келе жатқан елу жылдық мерейтойын ел жақта атап өту жөнінде ақыл­дасқанымыз бар. Елге апаратын азаматтардың тізімін, өткізер іс-шараның жобасын жасадық, аудан бас­шы­ларымен хабарластық. Артынша ағамыз аяқ астынан Үндістанға сапарлап кетті. Бұл қазақ журналистерінің осы бір ертегідей елге алғашқы сапары екен. Амал­ қанша, ағамыз сол сапарынын оралмады ғой.

Күзге таман Үндістанға баратын ресми делегация жасақталып, министріміз Алтынбек Сәрсенбаев мені өзінің орын­басары ретінде соған қосыпты. «Орағаң­ның жүрген жерін көріп қайт» деп аманат еткен. Бардық, Оралхан тұрған қонақүйді көрдік, Тәжмахал мәрмәр мавзолейін араладық, ағамыздың отырған орындығына да барып, сол орындықтың қасында бәріміз суретке түстік.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Мен өзімді-өзім қайталамас үшін әрдайым сериямен жазуды ұнатам. Былтыр «Одағай оқиға» атты өмірде болған жағдай мен фентези жанрын ара­лас­тырған әңгімем «Жұлдызда» жарық көрді. Табиғат құбылыстарының адам ақылы әлі жете қоймаған, ғылым да нақты тұжырым жасай алмай жатқан, былайша айтқанда санадан тыс бір құдірет барын сеземін. Әңгімелер циклы осы төңіректе өрбиді. Жазар тақырыптар бар­шылық. Амандық болса, әрі қарай оны жалғай жатармыз.

 

 Әңгімелескен –

Батырхан Сәрсенхан,

 «Egemen Qazaqstan»