Медицина • 29 Қаңтар, 2024

Ауыл дәрігерінің мәртебесі артады

633 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдағы мұғалім мәртебесіне басымдық беріліп, ауыл мен қала мектептерінің терезесін теңестіруге көп көңіл бөлінгені құптарлық шешім болды. Соның ізімен ауыл медицинасының инфрақұрылымын жаңартуға, жоғын түгендеуге, жалақыны көтеруге ден қойылса, өткен аптада дәрігердің мәртебесін биіктететін тағы бір заң жобасын Мәжіліс депутаттары қабылдап, Сенатқа жолдады.

Ауыл дәрігерінің мәртебесі артады

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Сонымен Мәжіліс спикері Ерлан Қо­шановтың төрағалығымен өткен Па­ла­таның жалпы отырысында «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу» туралы заң жобасы қаралды. Құжатта әуелі медицина қыз­меткерлерінің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылатыны көрсетілген. Бұл ретте медициналық ұйымдардың әрқайсысы сақтандыру компаниясымен шарт жасасуы керек. Есте болса, былтыр медицина мамандарымен араздасып, тіпті жағадан алған азаматтардың әрекеті әлеуметтік желіде тарады. Енді осындай немесе осыған ұқсас келеңсіз жағдайларда сақ­тан­дырудың көмегі тиеді. Сондай-ақ заң жобасы шеңберінде медицина мамандарының құқығын қорғау кү­шейтіліп, жаңа әлеуметтік кепілдіктер енгізілетінін білдік. Мәжілісте заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат Гүлдара Нұрымова ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың артықшылығы туралы хабарлады. Сонымен құжатта «Қазақ­станның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ұсынылған сала майталмандарына 1 000 АЕК көлемінде біржолғы төлем төленетіні көрсетіліпті. Бұған қоса республика көлемінде жыл сайын «Мамандық үздігі» деген атаумен байқау өткізіліп, оның же­ңімпазына 500 АЕК көлемінде төлем табысталуы мүмкін. Шын мәнінде, мұның өзі – жұмысына тиянақты, ісін жетік білетін медицина саласының біл­гір­леріне үлкен қолдау. Алдыңғы аға буын дәрігерлердің ізімен саланың үз­дігі атануға ұмтылған жастарды ынта­лан­дырудың тағы бір тиімді тетігі.

Ұсынылған заң жобасында ауылға жұмыс істеуге келетін медицина қыз­мет­керіне 100 ең төменгі жалақы мөлше­рінде біржолғы ақшалай төлем төлеу жос­парланған. Мұны биылғы ең төменгі жалақыға шаққанда 9 млн теңгеге жете­ғабыл болады екен. Яғни ең төменгі жалақы өссе, төлем мөлшері де өседі. Қалада дәрігерлерге мүмкіндік мол, еңбектенсе, талпынса, көбірек қаражат табуға жол ашық. Жоғары жалақы ұсынатын жеке клиникалар бар. Сондықтан бір реттік төлем нарық заманында ауылда еңбек етуді жоспарлап жүрген дәрігерлерді ынталандырудың іс жүзінде тиімді тетігі болады деп үміттенеміз. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те қабылданған заң­ның осы тармағына қатысты пікір білдіріп, үн қосқан еді.

«Ауылдағы дәрігер жетіспеушілігі мәсе­лесін шешуге келгенде «Amanat» пар­тия­сының берген уәдесін орындадық. Енді ауылға баратын дәрігерлер 9 млн теңгеге жуық бір реттік көтермеақы алады. Бұл ауылдағы дәрігер тапшылығын шешуде маңызды рөл атқарады.

Мұнда дәрігерлерге қойылатын шарт бар. Ол сол ауылда кемі 5 жыл жұмыс істеуі керек болады. Өйткені бізде басты мәселе – ауылға мықты мамандарды тарту, ынталандыру. Негізі қазірдің өзінде дәрігер мамандық бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек деген талап бар. Енді ауылға барып, бір реттік көтермеақы алған дәрігер еңбектеніп, сонда орнығып кетеді деп ойлаймыз», деді А.Аймағамбетов.

Қазір үкімет ауыл медицинасын жос­парлы дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы балалар мен ауыл тұрғындарының арасында ауруларды мейлінше ерте анықтауға күш салуды тапсырды. Бір ғана «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісі салынып, 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастырылады екен. Ауылдық елді мекендерге барған дипломы бар медицина мамандарын бекітуді ынталандыру мақсатында әкімдіктер әлеуметтік қолдауға қаражат бөледі. Расында, ауыл­дағы дәрігерлерді әлеуметтік қолдау тетік­тері көп болғаны дұрыс. Түрлі талапқа сәйкес дәрігер әлеуметтік төлемнің біріне ілікпесе, екіншісін пайдаланады.

Заң жобасы аясында медицина ма­ман­дарының балалары балабақшаға қабылданарда басымдыққа ие болады. Сонымен қатар өзінің міндетін атқа­рып жүріп, оқыстан қайтыс болған ма­ман­дардың балаларын және медицина қыз­мет­керлерінің мүгедектігі бар балаларын жоғары оқу орнына конкурссыз қабылдау ұсынылып отыр. Сол секілді медицина қызметкерлеріне мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру құқығы берледі. Бір сөзбен айтқанда, ұсынылған ереже-талаптың барлығы медицина маман­­дарының мәртебесін арттыруға, әсіре­се ауыл медицинасын өркендетуге негіз болады деп үміттенеміз.