Байқау • 28 Қаңтар, 2024

Әлібек оқуларының әсері

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының Катонқарағай аудандық филиалы және аудан­дық орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Үлкен Нарындағы аудандық Мәдениет үйінде Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Әлібек Асқаровтың шығармашылығына арналған «Әлібек – әлем немесе суретшіліктен суреткерлікке» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

Әлібек оқуларының әсері

Жазушы қаламынан туған «Тайга толғауы», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Ерте түскен бозықрау», «Құтмекен», тағы да басқа көптеген туынды қазақ әдебиетінде өзіндік орнымен айшықталып, оқырман қауым тарапынан баяғыда-ақ лайықты бағасын алған.

Жиһанкез жазушы Алтайдың арда табиғатымен ғана тілдескен жоқ, сонау Африка, Якутия ел­де­ріне барған сапарлары туралы сафари жанрындағы жауһар туын­дылар да оқырман қауымның танымын кеңейткен.

Бүгінгі әдеби шараға Үлкен Нарын, Солоновка, Көкбас­тау, Балғын мен Көктерек ауыл­да­ры­ның өнерпаздары қатысып, бақ­тарын сынады. Жиналған жұрт әуелі Әлібек Асқаровтың шығар­ма­шылығынан сыр шертетін ша­ғын көрмені тамашалады.

Жиында сөз алған Катон­қарағай ауданы әкімінің орынбасары Раджан Ілиясов әдебиет­сүйер қауымды құттықтап, сайысқа түскелі тұрған шеберлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлының жолдаған құттықтау хатын оқыды.

Байқау сценарий бойынша үш бөлімнен тұрды. «Алтай жыршысы» деп аталған бірінші бөлімде қатысушылар Әлібек Асқаровтың сафари жанрындағы туындыларынан үзінділерін жатқа оқып, сайысты. Бұл кезеңде Көкбастау, Үлкен Нарын, Солоновка ауыл­дары өнерпаздарының өнері көрерменнің көңілінен шықты. Әсіресе Үлкен Нарын ауылдық лицейінің ұстазы Айгерім Сағитқанқызының байқауға дайындығы, сахнадағы өнері көпшілікті тәнті етті. Ол «Ажал тауы» шығармасынан әзірлеген көлемді үзіндісін бір мүдірмей мәнерлеп жатқа оқығанда, қалың көпшілік шытырман шығарма ішіне еніп кеткендей болды.

Екінші кезең «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деп аталды. Мұнда сайыскерлер жазушының оқырман жылы қабылдаған сан тағдырлы ауыл кейіпкерлерінің образына енді. Әсіресе Қ.Дами­тов атындағы орта мектебі ұстаз­да­ры­ның өнерлеріне ұзақ қол соқты. Сахналық мәдениет, әртістік қабілет, кейіпкерлер образын ашу, сахналық декорация, бәрі де өздеріне жарасымды болып тұрды.

«Әйел парасаты» деп аталатын байқаудың соңғы кезе­ңін­де қатысушылары сахналық көрі­ніс арқылы жазушы шығар­ма­ла­рындағы қазақ әйелінің өмірі мен сан қилы тағдырын, асыл қасиеттерін көрерменге жеткізуге тырысты. Бұл бөлімде әр қатысушы үлкен жауап­кершілікпен дайын­дал­­ғандарын көрсетті.

Қазылар алқасының төрайымы Жанар Сыдықова байқаудың ұйымдастырушылары мен барлық қатысушыларына алғысын айтып, іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін, сайыскерлердің көрер­менге әдемі өнер кешін тарту ет­кен­­дігін атап өтті. Байқау қо­ры­­­­тындысы бойынша Әлібек Асқа­ров оқуларында жүлделі үшінші орынды Үлкен Нарын ауыл­­дық лицейі иеленсе, екінші орын Катонқарағай аграрлық-техни­калық колледжіне бұйырды. Бірінші орынды Көкбастау мен Солоновка ауылдарының өнерпаздары еншіледі. Ал бас жүлдеге қазылар алқасы бірауыздан Қ.Дамитов атындағы орта мектептің оқушылары лайық деп танылды. Байқауда жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болған өнер­паз­дар диплом және естелік сый­лық­тармен марапатталды.

Үлкен Нарын аудандық мәс­лихаты төрағасы Жанар Сыды­қо­ваның төрайымдылық еткен қазы­лар алқасының құрамында Катон­қарағай аудандық Жастар ресрус­тық орталығының дирек­торы Аяулым Қабдуәлиева, Тілдер орталығының директоры Әлем Сүлейменова, кітапхана арда­ге­рі Күлбағила Құрманова мен аудан­дық Достық үйінің әдіскері Анар Маниярова болды.

Айта кетейік, Әлібек оқулары Катонқарағай ауданының басқа да ауылдарында ұйымдастырылып, көркемсөз оқудың шеберлері анықталып жатты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы