Қоғам • 25 Қаңтар, 2024

Көгілдір отынды тұтынушылар көбейіп келеді

213 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгіндері   отандық экономикаға өз үлесін қосып,  қарқындылықпен  танылып отырған  газ  – мұнайға ілеспе өнім екендігін ескерсек,   ішкі нарықта тұтыну айтарлықтай өсіп келеді.    Газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспарында  газдың ресурстық базасын ұлғайту, газ нарығын реформалау және азаматтардың әлеуметтік осал топтарына  бағаны  тежеу жөніндегі шаралар  қарастырылған болатын. Елімізде тауарлық газ ресурстарын 30 млрд текше метрге дейін ұлғайту үшін жаңа газ өңдеу қуаттарын салу  және  елді газдандырудың кемінде 60 пайыз шамасында  қамтамасыз ету керектігін, Мемлекет басшысы  Үкіметке жүктеген еді. Белгіленген тапсырманы орындау мерзімі 2023-2029 жылдар аралығын қамтып,  келесі  бесжылдықта  12 млн адамды табиғи газбен  жабдықтау  жоспарланды.

Көгілдір отынды тұтынушылар көбейіп келеді

Өткен жылы Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика министрлігімен және  «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамымен бірлесіп газ желілеріне қосылу кезіндегі кедергілерді жою  жөнінде  жұмыстар  жүргізгені бар.

Қазіргі таңда   елдің экономикасы мен  халықтың  әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуда    шешімін  тауып  келе жатқан басты рөлдегі  көгілдір отын мәселесіне тікелей қатысты  «ҚазТрансГаз Аймақ»  акционерлік қоғамы барлық тұтынушыларын  табиғи газбен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету бағытында сенімді серіктес екендігін  атауға болады.

Бүгіндері республика бойынша  11 миллион 700 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізген. Абоненттерінің жалпы саны 2 миллион 361 мыңнан асып отыр. Газды өткізу көлемі 16,3 млрд м3 дейін ұлғайып, тарату тасымалының көлемі 12,6 млрд м3 құрайды. Компаниядағы ең  басымды бағыттарының бірі де еңбек қауіпсіздігі мен өз қызметкерлерінің денсаулығына зиян келмеуін  қадағалайды. Бұл бағытта компания филиалдарында қауіпсіз өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында жұмыскерлерді «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, өрт-техникалық минимум» және «Электр қауіпсіздігі» бағыттары бойынша оқыту тұрақты түрде жүргізіліп, зардап шеккен жандарға  алғашқы көмек көрсету  жаттығулары  өткізіледі.  Сонымен қатар халықты ақпараттандыруда  «112» бірыңғай диспетчерлік қызметінен азаматтардың ұялы телефондарына тұрмыстық газды тұтыну кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы апта сайынғы SMS-хабарлама жіберу жолға қойылған. Өткен жылы газ тұтынушыларының жалпы саны айтарлықтай өсіп, 95 мыңнан аса  жаңа абонент қосылған.  Оның ішінде 92 мыңға  таяу тұрғын үй,  4 мыңға жуық  коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын, 250-ге тарта өнеркәсіптік және отын-энергетикалық кешен бар. Өңірлерді газдандыру бойынша  газ тарату жүйелері де жыл сайын ұзарып, еліміздің 14 өңірінде газбен жабдықтау жүйесіне  жүздің үстінде  елді мекен қосылған. 60 мыңға жуық  абонент немесе 200 мыңнан астам адам газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылы Астана қаласының өзінен  2 мыңның үстінде  абонент қосылған.

«Елордада газдандырылған абоненттердің жалпы саны 10 мыңнан асады. Бүгінгі таңда құрылыстың бірінші және екінші кезеңі бойынша Астана қаласын газдандыру   жобалары  аяқталды. Сондай-ақ табиғи газға үш жылу-энергетикалық орталығы (ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3), «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ-жылыту стансалары қосылды. Тұтынушыларды жеке газ тарату ұйымдарынан қайтаруда  Мемлекет басшысының «соңғы километр» жөніндегі  тапсырмасын орындау шеңберінде, жылына шамамен тауарлық газды тұтынудың жалпы  көлемі 1 млрд. м³ құрайтын жеке газ тарату компанияларынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на сапалы қызмет көрсетуді қажет еткен 97 ірі тұтынушы (оның ішінде «Ақтөбе-ЖЭО» АҚ)  мен  2 елді мекен (Түркістан облысындағы Мәдени және Сарқырама ауылдары) ауысты. Ірі стратегиялық нысандарға  газ жеткізуде делдалдық құрылымдарды алып тастау жұмысы  биыл да жалғасады», дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров.

2023 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы көп жылдан бері қордаланған тағы бір мәселеге қозғау салды. Бес жылдан астам уақыт бойы жергілікті атқарушы билік салған газ тасымалдау және газ тарату жүйелерін газ компаниясына беру жұмыстары жүргізілмеген. Сапасыз салынған газ және  дайын газ құбырларын өткізіп беретін мекемелер арасында коммуникациялық байланыстын  жоқтығынан болған.Алайда, өткен  жылдың  қазан айынан бастап  аталған кәсіпорын жергілікті атқарушы билік салып жатқан  500-ге тарта  нысанға   толықтай  техникалық бақылау жүргізіп, жұмыстың сапалы орындалуына қолдау көрсетті.  Соның нәтижесінде биылғы жылдың  қаңтар айынан бастап бұл нысандар  Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінен «Самұрық-Қазына» Қорына беріліп, одан кейін   «QazaGaz» ҰК» АҚ арқылы  еншілес ұйымдар  саналатын   «Интергаз Орталық Азияға» –16  және «ҚазТрансГаз Аймағына» – 465 нысан  жіберілді.

 Бас директордың айтуынша, өткен жылы жоспарланған  инвестициялық жобалардың арасында Қостанай облысының Тобыл кентінде газ тарату желілері бойынша  50 шақырымдық  газ құбыры салынып, пайдалануға берілген. Инвестициялық бағдарламалардан тыс өткен жылдың  сәуір айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Құрық» автоматтандырылған газ тарату стансасынан «Сарша» жері арқылы   «Жылы жағажай» курорттық аймағына дейін жалпы ұзындығы 60,1  шақырымды құрайтын жоғары қысымды газ құбырын салу жобасын сәтті аяқтаған. Өндірістік жобалардан басқа, бүгінгі күні «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өз жұмыс процестеріне және  қызметтеріне қажетті цифрлық шешімдерді белсенді жүргізуде. Тұрғын үйді не нысандарды  газдандыру үшін алдымен Техникалық шарттарды алу керек. Былтыр қазан айынан бастап техникалық шарттарды алуға өтінімдерді қабылдау қызметі Egov.kz электрондық үкімет порталына шығарылды. Сондай-ақ  тұрғын үйді  газдандыру жұмыстарын атқаратын лицензияланған компанияларды іздеуге арналған «Marketplace» порталы іске қосылған. Өткен жылы 7 өндірістік филиалда абоненттердің орналасу орны мен газ тарату желілері  цифрландырылды. Төлемдерді өңдеу сервисін іске қосу арқылы  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ төлеу кезінде алынатын төлем комиссиясын 0,7%-дан 0,3%-ға дейін төмендеткен. Цифрландыру процестерін одан әрі жетілдіруде компания халықаралық тәжірибені енгізу жолдарын да қарастырып жатқан жайы бар.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға  ресми сапары аясында QazaqGaz және Pietro Fiorentini компанияларының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Итальяндық компания табиғи газ көлемін реттеуге және есепке алуға арналған компоненттерді, жүйелерді әзірлеуде, өндіруде және сатуда жетекші компания болып табылады.

Құжатқа итальяндық компания тарапынан Pietro Fiorentini бас атқарушы директоры Паоло Нарди, ал Қазақстан тарапынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Асқаров қол қойды.

Келісімнің негізгі тармақтары газ тарату саласында инновациялық шешімдерді әзірлеу және енгізу мақсатында өзара дамуды және бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді.  Келісімде ақпарат пен тәжірибе алмасу, технологияны беру жолдарын қарастыру жағы да жазылған. Бірге  атқаратын жобалар қатарында деректерді беру функциясы бар газ есептегіштерін орнату жобасы да көрсетілген. Сонымен қатар қызметкерлердің заманауи газ жабдықтарында жұмыс істеуі үшін  біліктіліктерін арттыруда бірлесе  оқытуды       ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Аталған  келісім – қазіргі заманғы газ инфрақұрылымын дамытуда  Қазақстан мен Италияның әріптестік қатынастарының  маңыздылығын айқындайтын қадам  болмақшы. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ салалық заңды жетілдіруге  атсалысып, өткен жылы табиғи монополиялар  бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізді. Бұрын берілген техникалық шарттар мерзімсіз саналса, ендігі жерде уақыты  3 жылды құрайды.

 Компания  адами капиталды дамыту ісіне айрықша көңіл  бөліп, қызметкерлеріне   жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін жоғары стандарттар белгілеген. Кадрлық әлеуетті қалыптастыруда  компанияның  екі қызметкері іріктеуден өтіп, Президенттік жастар кадрлық резервіне кірді. Бұл қадам таңдалған қызметкерлердің құзыреттілігі мен көшбасшылық қасиеттерінің жоғары деңгейін ғана емес,  перспективті  кадр даярлауға қосқан үлесі деуге болады.

  Осылайша,  компания қызметте қажеттілікті мұқият қадағалап қана қоймай, көшбасшылықтың  жаңа буынын дамытуға белсенді түрде инвестиция құйып отырған жайы бар.