Зерде • 24 Қаңтар, 2024

Зұлматты жылдардың шындығы

355 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін: тың деректер және зерттеу нәтижелері» тақырыбында өткен жиында еліміздің батыс облыстары тарихшылары мен өлкетанушылары зерттеулерімен бөлісті. Ақтөбе облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері халық көтерілістері, күштеп ұжымдастыру және босқындар, 30-жылдардағы аштық, Алаш идеясын жақтаушылар, дін өкілдері, әскери тұтқындар, Қазақстанға күштеп көшірілгендер бойынша зерттеу жүргізді. Ақтөбе облыстық Полиция департаменті арнайы архивінен 617 қылмыстық іс, облыстық архивтен 17 611 іс зерттелді. Нәтижесінде, мемлекеттік комиссия қарауына 3 850 адамды ақтау ұсынылды. Мұнымен бір кезде Ақтөбе өңіріндегі 1916-1930 жылдардағы көтеріліс ошақтары және қаза тапқандар жерленген тоғыз орын, аштықта өлгендер көмілген он төрт орын анықталды. Конференцияда ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева комиссия жұмысы қорытындысы бойынша әзірленген «Ақтөбе өңіріндегі шаруашылық-саяси науқандар», «Ақтөбе өңірінде байлардың, кулактардың, орта шаруалардың қудалануы», «Қасіретті жылдар зобалаңы» архивтік-құжаттар жинақтарын, «Рухани болмысты күйрету және дін өкілдерін қудалау саясаты», «Ақтөбе облысына күштеп жер аударылған ұлт өкілдері: ­тарихы мен тағдыры» атты монографияларды таныстырды.

Зұлматты жылдардың шындығы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Халық көтерілістері

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­­­лік университетінің профессоры Ұзақ­бай Исмағұлов 30-жылдары Ырғыз, Шал­қар, Батпаққара, Ойыл, Темір аудандарынан босқыншы­лық­қа ұшыра­ған­дар туралы деректермен та­ныс­тыр­ды. «1931-1932 жылы жүргізілген мал санағында осы бес ауданнан 580 мың бас мал есептел­се, 1933 жылы соның 84 346 басы ға­на қалған. Ауыл-ауыл болып үдере кө­­шіп жатқандарды ешкім тоқтата алмады. 1932 жылдың қыр­кү­йегіне дейін Шалқар ауданынан ­4 692,­ Ырғыздан 1 мың, Ойыл­дан 4 мың, Темір­ден 1 мың, Бат­пақ­қарадан 2 440 үй шет­ке кетеді. Алапат аш­тықтан сәл-пәл ес жиып, 1934 жылы көшіп кеткендерді қай­та оралту саясаты басталғанда, елге орал­ғанның бәрін өз ауылдарына орналастыра алмады», дейді Ұ.Исмағұлов.

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Киікбай Жаулин саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­нін­дегі Маңғыстау өңірлік комиссиясы 2022 жылы ақтауға ұсынған 1 653 адам­ның 156-сы көтерілісші, 1 055-і бос­қын, 17-сі ұжымдастыруға қарсы шық­қан, 404-і әскери тұтқын, 21-і дін өкі­лі деді. 2023 жылы тағы да мың адам ақ­тауға мемлекеттік комиссияға ұсы­нылды. «Мұнайлы, Маңғыстау ауданда­ры­нан қуғын-сүргін құрбандары жерлен­­ген он бір қорым табылды, 1931 жыл­ғы Адай көтерілісінің картасы әзір­ленді. Ақталмаған 4 081 адамның тізімі анық­талды», дейді ғалым.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, тарих ғы­лым­дарының докторы Лесқали Бер­ді­ғожин Атырау өңірлік комиссиясы мү­шелері 10 353 адамның дерегін анық­тағанын хабарлады. Олар – 277 көте­ріліс­ші, 1 940 босқын, 3 950 бай-кулак, ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан 53 адам, 52 Алаш идеясы үшін қуғын­ға ұшырағандар мен дін өкілдері, 4 081 әскери тұтқын.

«Отыз жыл бұрын Қазақстанда 1920-1932 жылдары 76 мың адам қатысқан ­­372 халық қозғалысы болды делінсе, соң­ғы зерттеулер осы кезеңде 720 мың адам қатысқан 566 халық көтерілісі болға­нын көрсетті. Кеңес өкіметі «банды» атан­дырған, Қызылқоға мен Тай­сой­ған бо­лыстарында, Адай уезінде өкімет ­сая­сатына қарсы қозғалыс ұйымдас­тыр­ған Құныскерей Қожахметұлы Ойыл жәрмеңкесіне жиі келіп тұрған. Осы жердің бүкіл ой-шұңқырын жақсы ­біл­ген Құныскерейді ойылдықтар жиі ша­қы­рып, мініс ат, азық-түлік бере­ді. Ол за­манда көтеріліс басшысының қасында ағайыны, бала-шағасы еріп жүрген. Аманғали Кенжеахметов 1924-1928 жыл­дары қазіргі Исатай, Құр­манғазы аудандарында халық қоз­ға­лысын басқарды. Жалпы, еліміздің батыс өңірінде болған 56 ірілі-ұсақты халық көтерілісіне 41 мың адам қа­тыс­қан. Сол жылдары көтері­ліс­ті ба­суға Орынбордағы №8-атты әс­кер ди­визиясы жіберілді. Көтерілісшілер Форт-Александровск қаласын екі рет ба­сып алғанда, оны басуға Әзербай­жан, Дағыстаннан зеңбірек, ауыр пулеметтермен қаруланған әскери кемелер келген. 1930 жылы Маңғыстаудағы көтерілісті Болмаш Жо­ланов, Құр­маш Қошанов бас­қарды. Кеңес өкіметі осы азаматтарды үрім-бұтағына дейін құртып жіберді. Ерғали Аяз­баевты Орал түрмесінде екі баласы­мен бірге, 1928 жылы Аманғали Кенжеахметовті жиенімен бірге атып тастады. Құрмаш Қошановты 1930 жылы Жаңаөзеннің қасында ұстап алып, көзін жойды», деді Л. Бердіғожин.

 

Тұтқындар тағдыры

Саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақ­стан өңірлік комиссиясы екі жылда фашис­тер тұтқынында болған 4 981 батысқазақ­стандық жауынгердің дерегін анықтап, 504 адамды ақтауға жіберді. Комиссия мүшесі Ахмедияр Батырханов БҚО Полиция департаменті архивінен 2 922 әскери тұтқынның ісімен танысқан. Арнайы архивте легионерлердің жеке құжаттары, медициналық тексеріс қа­ғаздары, неміс әскери формасын киіп түс­кен фотосуреттері сақталған. Лагерь дәрігерлері тұтқындардың жүрек талмасы, оқ жарақаты, үсік, дистрофия, бүйрек, өкпе қабынуы, асқазан, ішек жолдары ауруынан қайтыс болғанын тіркепті. Арасында метан газымен улап өлтірілгендер де бар. Жұмысшы батальондарына кірген тұтқындар «Қызыл Армияға берген антымнан бас тартып, неміс армиясына адал қызмет етуге ант етемін» деп өз қолдарымен жазып берген. Бұлар майданда немістерге азық-түлік, оқ-қару тасыды. Лагерьден босатылып, елге оралғаннан кейін жұмысшы батальондарында қызмет еткендер де РСФСР ҚК 58 –1 бабымен сотталды.

Кеңес жауынгерлері тұтқынға әр­түр­лі жағдайда түсті. Ахмедияр Батыр­хановтың қолында 1942 жылдың қаза­нында Дон майданы әскери басшы­лы­ғының Мәскеуге жазған хаты бар. Онда алдыңғы шепте соғысып жатқан 303 056 кеңес жауынгерінің 103 881-інде қару жоқ деп көрсетілген. Қарусыз жауынгердің тұтқынға түсуі оңай. Ржев плацдармы үшін қырғын шайқастарда Вязьма лазаретіне бір күнде 80-90 жаралы түскен. Олардың көбі есін жимаған күйі қайтыс болған, өздерімен бірге құжаттары да болмаған. Лазарет дәрігері бір күнде түскен 94 адамның 89-ын тану мүмкін болмады деп анықтама тол­тырған. Немістер де ауыр жаралы күйде тұтқынға түскендерді аямай, лагерь дәрігерлері екі аяғына оқ тигендерді тізесіне дейін кесіп тастап, отырып атқа­ратын жұмысқа салған. Бір қолы кесілгендер лагерьде қоймашы, хат тасушы болып жұмыс істеді.

Неміс тұтқынына түскен қазақ­стан­дықтар Түркістан легионы, СС мұ­­сыл­мандар дивизиясы, «Алаш» от­ря­ды, жұмысшы батальондарына алын­ды. Атыраулық Әлихан Ағаев не­міс лаге­рінде 74 адамнан тұратын «Алаш» отря­­дын құрды. «Полиция архи­ві­нен Әли­хан Ағаевтың адъютанты бол­ған батыс­­қазақстандық Нұғман Ғаб­дул­­линнің құжатын таптық. Нұғман ақса­­қал тұтқыннан босатылып, елге орал­­ған соң қайта сотталып, жазасын Мага­данда өтеді. Елге оралып, Жаңақала ауда­нының «Аққұс» ауылында тіршілік етті. 1983 жылы өмірден озды. Ақсақал балаларына неміс лагерінде өзін ажалдан құтқарған егде жастағы қазақ кісі туралы айтып кеткен. Оқиға былай бол­ған. Тұтқындарды барактан алып шы­ғып, сапқа түрғызады да, алтыға дейін са­натқан. Әрбір алтыншы адамды атамыз дейді. Офицер саптағы әрбір алтыншы адамды атып келеді. Кезек Нұғманға жақындайды. Шамалауын­ша өзі алтыншы болып тұр. Қасында тұрған үлкендеу қазақ кісі «Орнымызды ауыстырайық. Сен жассың» деп сыбырлайды. Ана кісіні атып тастайды, бесінші болып тұрған бұл аман қалады.

Әлихан Ағаев тұтқындардың арасынан 74 қазақ жігітін таңдап алып, «Алаш отрядын» құрады. Ол 1943 жылы Италияда Алаш отряды алдында: «Біз Түркістан легионындағылар сияқты намысымызды 600 гр нанға сатпадық. Алдымызда бір-ақ мақсат тұр. Ол –Гер­манияның көмегімен кеңес одағын құла­тып, қазақ еліне тәуелсіздік алып беру», дейді. Тұтқындар легионға амалсыздан кірді. Полиция архивіндегі бір қылмыстық істе легионердің тергеушіге берген жауабында: «Ақпан бойы 20 күн ашық алаңда отырып, аштыққа, суыққа шыдай алмаған соң, легионға кірдік», деп жазылған.

Ахмедияр Бельгия, Италия, Фран­ция, Словенияда партизан отрядтарында соғысқан 33 Қазақстан азаматын тапты. Не­міс тұтқынынан қашып шы­ғып, Италия­дағы №1 партизан отрядында бірге со­ғысқан ақтөбеліктер – Сәду Аманов, Заран Қашиянов, Қо­шан Қожағұлов, Жолдас Тілегенов, Хай­дар Бағарамов (Ойыл ауданы 1-ауыл), Қуат Жангелдиев (Шалқар ауданы Тоғыз ­ауылы), Қапар Мұра­тов (Ырғыз ауда­ны «Қарасай» кеңшары) Венеция жа­ғын­да бірге жерленген. Ал Франция­дағы қарсыласу қоз­ғалысын басқарған әскери тұтқын Ахмет Бектаев тобында 300 қазақ болған. Со­ғыстан кейін осы топтағы 72 адам Қазақ­станға оралса, 222-сі қудалаудан қор­қып, елге келуден бас тартқан.

Лагерьлерден тірі шыққан тұтқын­дар да елге келгенде қайта қудаланды. Мәселен, Жаңақала ауданындағы ­бір легионер «1945 жылдың сәуірінде бізді азат еткен АҚШ армиясы жылы киім, жақсы тамақ берді, жап-жаңа кө­лік­терімен алып жүрді» деген сөзі үшін 25 жылға сотталған. Кеңес Армиясын­да алдыңғы шепті тексеріп жүрген арнайы бөлім бір жауынгердің қалтасы­нан немістің үнпарағын тауып алады. Жау ұшақтары тастаған парақшаны «махорка орау үшін алдым» деген жауабы ескерілмей, жа­уынгер қатаң жазаланады.

 

Аштық құрбандары

Ақтөбе өңірлік комиссия мүшесі, өл­кетанушы Бекарыстан Мырзабай Темір және Ырғыз аудандарында көтеріліс құрбандары мен аштықта өлгендер кө­мілген 15 орын бар дейді. Соның ең ірісі – 1916 жылғы Ырғыздағы Сабынкөл түбіндегі шайқас. Бұл жерде бірнеше мың адам Лаврентьевтің жазалаушы отрядынан ажал құшқан. «Жазушы Өте­бай Қанахин Лаврентьевтің «Ырғыз­дағы жеті мың бандыны жойдық» деген есебін Ленинград архивінен тауып, осы дерек негізінде шыққан кітабы үшін қуғындалды. 1982 жылы кітап­тың барлық тиражы өртелді. Бұл жөнінде 1983 жылы естідім. Ендігі міндет – Сабынкөлдегі шайқас орнын, құрбандар көмілген жерді анықтау», деді өлкетанушы. Сондай-ақ Бек­арыс­тан Мырзабай 1933 жылы 1 қаң­тарда Ырғыз жетімдер үйіндегі мыңнан ас­там баладан 444-і тірі қалғаны туралы ­жазба деректі алға тартты. Ырғыз елді мекенінің ортасындағы Итмолада адам­ның шашылған сүйектері кешегі күнге дейін табылды.

Ойыл елді мекеніндегі Мәдениет үйі­нің орны бұрын терең сайдың шеті еді. Осы сайдың ішіне 1932 жылдары аштан өлген балалар жерленген. 60-жылдары сайдың бойы тегістеліп, жаңа үйлер салынды, бір үй Ойыл­дағы орыс әжейге берілетін болды. Бірақ ол үйді алудан бас тартқан. Аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысына келіп, 31-32-нің аштығында аштан өл­ген талай баланы осы сай бойына өз қолымен жерлегенін айтып жылайды. «1932 жылы Темірдегі жетімдер үйінде 400 бала, Ойылда жүздеген бала аштан өлген. Сондай-ақ ескі мешіттердің ма­ңайына аштан өлгендер көмілген. Өйт­кені Арқадан, Торғайдан, Ырғыздан босқан ел осы мешіттерге жетіп жы­ғыл­ды. Ырғыз ауданының Мамыр деген жеріндегі жеті мешітті мың­даған бос­қын сағалады. «Шымкент-Самара» тасжолының бойындағы Бақы әулиенің мешітіне де аш адамдар ағылды. Ескі мешіттерді сағалаған жұрттың өлгені өліп, тірі қалғаны жаяулап Шалқарға қарай кетті. Өйткені теміржолға жетсек, тамақ табылады деген үміт болды. Ырғыз бен Шалқар арасындағы Сары­сайда да аш адамдар көп өлген. 1943 жылы қыс ортасында Ойылға 150 сая­си тұтқын әкелінді. Ашқұрсақ, киім­сіз, қара суықта келген адамның 143-і қай­тыс болып, арасынан жетеуі ғана тірі қалды. Солардың бірі атақты тары­шы Ш.Бер­сиевтің бригадасында агро­ном болып жұмыс істеді, екіншісі Ойыл­да қа­рағай орманын отырғызды. Ойыл­дағы Сегізсайда большевиктер адам ата­тын. 1916 жылғы Темір уезіндегі кө­терілісті ұйымдастырушылардың бірі Жие­налы ишан мен 100 көтерілісші осы Сегізсайда жатыр. Жазалаушы­лар Жие­­налы ишанның қол-аяғын ша­уып өлтір­­ген», деді ертедегі қарттардың әң­гі­­­мелерін көп жинаған Бекарыстан ­Мыр­забай.

Қазақстан тарихындағы жүйелі зерт­­телмеген тақырып – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістеріндегі ишандар мен хазіреттердің рөлі. Комиссия мү­шесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе уни­верситеті философия кафедрасы­ның меңгерушісі Үмбетхан Сәрсем­бин қазақтың дін қайраткерлерінің ха­лық қозғалыстарындағы рөлін зерт­теу мә­селесін көтерді. Оның айтуынша, 1932 жылдың аштығында босқан жұрт бос тұрған мешіттерді паналады. Осы қасиетті орындар 1925 жылдан бас­тап жабылды, 1928 жылы большевиктер мешіт ішіне мал қаматты. Бүгінде кө­бі жер бетінен жоғалды, кейбірінің ірге­тасы ғана қалды. Қам кірпіштен тұр­ғызылған қазақы мешіттер жанында аштан өлгендер көмілген. Бұл орындарды қоршау керек», деді Ү.Сәрсембин.

Қиын замандағы хазіреттердің рөлі әлі терең зерттелмеді. Босқыншылық бас­талғанда ишандар қарақалпақ, ауған жеріне, түрікмен жағына ауа көш­кен жұртын бастады. Сондай-ақ елі­мізде 1931-1932 жылдары аштан өлген бала­лар туралы нақты дерек жоқ. Се­бе­бі  кеңес өкіметі жетім балаларды 1933 жылдан бастап тізімдей бастады. Кон­ференция қорытындысында ғалымдар әр өңірдің архивтерінен Орталық архив­­ке жіберілген барлық құжат қай­та­рылсын деген ұсыныс тастады.

 

Ақтөбе облысы