Туризм • 18 Қаңтар, 2024

Агротуризмге таптырмас аймақ

64 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана іскерлік туризмнің орталығы саналса, Ақмола облысындағы қаймағы бұзылмаған ауылдар агротуризмді дамытуға таптырмайды. Шынында, қала іргесінде атакәсіппен айналысып, төрт түлігін қамдаған, салт-дәстүр, жөн-жоралғыны білетін ағайынның тұрмыс-тіршілігіне көпшілік қызығады. Мұны түсінген ауыл тұрғындары тәуір іс бастап, қонақтарға жайлы орын сайлауға тырысып бағады.

Агротуризмге таптырмас аймақ

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әрине, туризмді табыс кө­­зіне айналдыруға кез келген ауылдықтың әлеуеті жете бермейді. Мемлекет қазір кәсіпкерлерге, соның ішінде жас кәсіпкерлерге қолдау көр­сетіп жатқанын білеміз. Тек бөлінген қаржы баршаға бірдей бұйырмайды. Мүмкіндікті қолы жеткендер ғана пайдаланады. Орайы келгенде туризмді дамытуға септесетін тағы бір сәтті қадам жайында айталық.

Білсеңіздер, еліміздегі ірі өндіріс компаниялары өзі­нің негізгі жұмысынан тыс әлеуметтік бағдарламаларға қолдау көрсетіп отырады. Мысалы, 2022 жылы Орта­лық Азияның Еуразия қоры серіктес «Шеврон» компаниясымен бірге «Байтақ жер» жобасын əзірлеген. Жоба жетекшілері кеңесе келе экотуризм, этнотуризмді дамытуға қолайлы ауылдарды көпшілікке танытуды жоспарлаған. Соның бір бағыты бизнес жобасын іске асыра алмай жүрген ауыл тұрғындарын қолдау арқылы ішкі туризмнің көкжиегін ке­ңейту болыпты. Былтыр жазда қор мен компанияның өкілдері өлкенің көрсе көз той­майтын табиғатын одан әрі таныта түсу үшін БАҚ құ­рал­дарын Қорғалжын, Зеренді, Сандықтау бағытын қамтитын турға шақырған еді. Сапар ба­рысында біз үш ауданда қар­жылай қолдаудың шарапа­тын көрген кәсіпкерлермен жүз­десіп, ісіне табыс тілегенбіз. Көп ұзамай жобаның екінші кезе­ңі қазанда басталып, 70-тен аса жергілікті кәсіпкер өті­нім қалдырған екен. Әрине, бұл тізімде жоба жетекшілері ұйым­дастырған арнайы сабақ­тан өтіп, іріктелгендер, өзіне тие­сілі қаржылай қолдаудан құр қалмады.

Жоба маманы Айжан Жансұлтанованың айтуынша, бизнеске қарастырылған қаржының шарапаты мол. Оның үстіне Ақмоланың таби­ғатын туристер жазда ғана емес, қыста да қызықтай алады.

– Агротуризм де – туризмнің бір бағыты. Әсіресе, Көкшенің көз тартатын табиғаты агротуризмге жайлы. Мұны басқа-бас­қа кәсіпкерлер жақсы бі­леді. Олар қонақүй, мейрам­ханалар салып, туристік ин­фрақұрылымдар дамыса, ай­маққа инвесторлар қызыға бастайды. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Түптің тү­бінде осының барлығы жер­гілікті тұрғындардың турис­терге көзқарасын өзгертеді. Жер­гілікті халық туристердің неге қызығатынын шындап түсіне бастайды. Аймақтың тұ­рақты дамуына жол ашылады. Агротуризммен келген турис­тер орманшылармен бірге аң-құс, өсімдіктерді тамашалап, ағаш дәндерін жиып, көшет отырғыза алады. Осылайша, табиғатты қорғауға титтей де болса үлес қосады. Бұл ауыл­дың тыныс-тіршілігінен хабардар жандарға қызықсыз көрінуі мүмкін. Дегенмен туристерге қызық, – дейді А.Жансұлтанова.