Тұлға • 14 Қаңтар, 2024

Тұлғалар белесі

284 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта «Egemen Qazaqstan» газетінің 3 қаңтар күнгі санына жарияланған сұхбатын­да: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады», дей отырып, еліміз тарихында тағылымы зор тұлғалардың өмірі мен өнегесін насихаттау ісі тиісті деңгейде атқарылуы қажеттігін ескерткен еді.

Тұлғалар белесі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы орайда жоғарыда Президентіміз атап өткендей, биылғы жыл халқымыздың мә­де­ниеті мен өнеріне еңбек сіңірген танымал тұлғалардың мерекелік даталары мен рухани тағылымы мол оқиғаларға толы болып отыр. Атап айтар болсақ, заманында төбе би атанған атақты сүйіндік Шоң би Едігеұлының биыл туғанына – 270 жыл, Исатай мен Махамбет көтерілісінің белді батыры Есет Қараұлының туғанына – 225 жыл, атақты жырау Махам­бет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Сондай-ақ қазақтың әйгілі әнші-ақыны үш жүзде сайран қылған Біржан Қожағұлұлы мен қазақ өлеңінің көкала үйрегі атанған әнші-сазгер Кемпірбай Бөгенбайұлының туғанына 190 жылдың жүзі бопты.

Бұл тізімді одан әрі жалғастырар болсақ, қазақтың күй өнерінің эпикалық сарынын қалыптастырған үлкен өнер иесі Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына – 170 жыл, ХХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілі Мұрын жырау мен Торғай өңірі қазақ­та­рынан шыққан зор білім иесі Қорғанбек Бірім­жановтың туғанына – 165 жыл, халық композиторы, жауы­рыны жерге тимеген балуан Нұрмағамбет Бай­мырзаұлының (Балуан Шолақ) туғанына – 160 жыл, көрнекті ақын-сазгер, өнер қайраткері Ес­тай Беркімбайұлы мен көрнекті Алаш қайрат­кері Шаймерден Қосшығұлдың туға­нына 150 жыл толған даталы мерекелер бар екен.

Сол сияқты қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың туғаны­на – 140 жыл, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толса, биылғы жылдың бас­ты мерекесі: қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және алаш қайраткерлері – Хайретдин Болғанбаев пен Сұлтанбек Қожанов қатарлы тұлғалардың 130 жылдық мерейтойы есік қағып тұр. Бұлардан басқа ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақов пен қазақтан шыққан тұңғыш академик, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы һәм тұңғыш президенті, минерология ғылымдарының докторы Қаныш Сәтбаевтың (12 сәуір) туғанына 125 жыл толады.

Келесі кезекте туғанына 120 жыл тола­тын тұлғалар – танымал әдебиеттанушы, филоло­гия ғылымдарының докторы Бейсенбай Кен­же­баев (4 қазан), атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаев (1 қаңтар), әнші, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков (28 тамыз), кескіндемеші, КСРО халық суретшісі Орал Таңсықбаев (14 қаңтар), график-сурет­ші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салу­шылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев (1 қаңтар), ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, академик Әлкей Марғұлан (11 мамыр) қатарлы ұлт қайраткерлері ұлықталары анық.

Биыл туғанына 110 жыл толып отырған қазақ жазушысы Саттар Ерубаев, актриса, КСРО және Қазақстан халық әртісі Сәбира Май­қанова (1 қаңтар), әйгілі актер һәм режис­сер, КСРО халық әртісі Шәкен Айманов (15 ақпан), әнші, Қазақстанның халық әртісі Рәбиға Есімжанова (5 қаңтар) қатарлы ұлт руха­ниятына еңбек сіңірген өкілдердің мерейтойлары өз кезегінде аталып өтер деген ойдамыз.

Ал биыл туғанына100 жыл, яғни ғасыр­лық мерейтойы аталып өтуге тиіс тұлғалар – Қа­зақ­­станның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткер, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов (22 қа­зан), та­рих ғылымдарының докторы, қазақ архео­логиясының негізін қалаушылар­дың бірі ­Ке­мел Ақышев (23 мамыр), Екінші дүниежүзі­лік соғыста Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев (19 қазан), академик, филология ғылымдарының докторы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, ұлт руханиятының көр­некті өкілдері­нің бірі Әбдуәли Қайдар (13 жел­тоқсан), қазақ су­рет­шісі, Қазақстан мем­ле­кеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тар­­лан» сыйлығының лауреаты Үкі Әжиев (23 желтоқсан), қазақ ақыны, сықақшы, ұлт қай­раткері Шона Смаханұлы (5 қазан), көрнекті этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы Халел Арғынбаев (21 қыркүйек), әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қораныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов (25 мамыр), жуықта өткен ЮНЕСКО Бас кон­фе­ренциясының 42-сессиясында есімі атау­лы күндер тізбесіне еніп, мерейтойы халықара­лық деңгейде атап өтілгелі отырған қазақ балалар ­жазушысы Бердібек Соқпақбаев (15 қазан), ақын, драматург Берқайыр Аманшин (11 қараша), ­академик, көрнекті лингвист-ғалым, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер Рабиға Сыздықова (17 тамыз) т.б. қайраткерлердің мерейтойлары қоғамның рухани игілігінің бастауына айналары анық.

Сонымен қатар туғанына 90 жыл толатын мереке иелері: танымал қаламгер, журналшы Сарбас Ақтаев (30 қыркүйек), Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов (11 ақпан), көрнекті ақын Сағи Жиенбаев (5 мамыр) қа­тарлы қалам қайраткерлері болса, 80 жас­қа тол­ған «Алаш» Халықаралық әдеби сый­лы­ғы­ның иегерлері белгілі ақындар Ақұштап Бақ­ты­гереева (23 тамыз) мен Жәркен Бөдешұлы (15 мамыр), сондай-ақ 70 жасқа толушылар – ақын, аудармашы Байбота Қошым-Ноғай (8 ма­мыр), ақын-жыршы Баянғали Әлімжа­нов (16 қазан), әнші Бағдат Сәмидинова (5 ақпан), сықақшы, журналист Берік Садыр (20 маусым), ақын, рәмізтанушы Ербол Шаймерден (12 мамыр), журналист Жұмабек Кенжалин (30 желтоқсан), таэквондошы Өзтүрік Мұстафа (23 қараша), сатирик Толымбек Әлімбекұлы (18 нау­рыз), айтыскер, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл (21 мамыр), ақын, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лаураеты Ұлықбек Есдәулет (29 сәуір) т.б. бар.

Сөзімізді түйіндер болсақ, Прези­ден­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» атты мақаласында: «Әрбір ха­лық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмай­ды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазыл­ған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлт­тың жадын жаңғыртуға мүм­кіндік береді» деге­ніндей, биылғы жылдың үлесіне бұйырып отырған һәм жоғарыда атап өтілген тұлғалар жайлы танымдық мәліметтер бүгінгі қалың бұқара мен жаңадан өсіп келе жатқан жас буын өкілдеріне өнеге-үлгі болуы­мен қатар, Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді деген үміт бар.